Қалалық қоғамдық-саяси газет

Салық жүйесінде қандай жаңашылдық бар?

0 258

Жыл басынан бастап салық жүйесіне қандай өзгерістер енді? Әсіресе, шағын кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастарға қандай жеңілдіктер қарастырылған? Көпбалалы аналар салықтан босатыла ма?

Арайлым ШАБДЕНОВА

Арнаулы салық тәртібіне ауысудың артықшылықтары қандай?
Арнаулы салық тәртібін қолданатын шағын және ұсақ кәсіпкерлік субъектілері 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылғандай, табыс салығынан үш жылға босатылады.
Сонымен бірге өзгерістер көлеңкелі бизнесті ашыққа шығарып, жалдамалы жұмыскерлерді заңдастыруға бағытталған. Онда жалдамалы қызметкерлерді тартусыз жүзеге асырылуы мүмкін емес қызмет түрлері бойынша табыс табуға патент талап етілмейді. Мысалы, тәулік бойы сауда жасау, азық-түлік сату, базарларда сауда жүргізу және тағы басқа. Мұнда халықаралық тәжірибеге сай ұсақ қолөнершілерге қойылатын салықтық тәртіп негізінде кірісті қадағалауды және жалдамалы жұмысшыларды бақылауды күшейту көзделген. Рұқсат етілген тізімге енбеген қызмет түрлерін көрсететін кәсіпкерлер салық төлеу тәртібін өзгертуі керек. Олар 2 түрлі тәртіптің бірін таңдайды. Жеңілдетілген декларация негізіндегі немесе тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық тәртібі. Екіншісі, жалпыға бірдей белгіленген тәртіп. Сонымен қатар жеңілдетілген салықтық есеп жүргізу және салықтық есептілікті тапсыру, бухгалтерлік есеп жүргізуден босату қарастырылған.

Қолма-қол ақшамен есеп айырысу жойылады
Онлайн кассалық аппарат салық органдары қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді. 2020 жылы қолма-қол ақшамен есеп айырысу жойылып, қолданыстағы кассалық аппараттарын онлайн жүйеге ауыстыруға көшеді. 400 мың кәсіпкер төлем операцияларын жаппай онлайн жүргізуге көшетін болады. Сонымен қатар талапты орындамаған кәсіпкерлерге 36 075 теңге (15 АЭК) айыппұл салынатыны мәлім. Айта кетейік, Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа жүйені «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алды. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлерді онлайн режимде жұмыс істету арқылы кассалық аппараттан өтетін барлық операцияларды бақылап отыру, яғни заңсыз ақша айналымының алдын алу. Естеріңізде болса, Қазақстанда кассалық аппараттарды ауыстыру 2016 жылы басталды. Тағы бір жаңалық: 2020 жылдан бастап зейнеткерлер мен кәмелеттік жасқа толмаған азаматтар да салық төлеу қабілеті туралы есеп беруге міндеттеледі. Сонымен қатар студенттер мен шетелдік туристер де декларация тапсырулары керек. Бұл «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бағдарламасының 47-қадамы аясында іске асырылады. Барлық азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеудің себебі – заңды тұлғалардың кірістері мен мүліктерін заңды тұрғыда да бақылап, көлеңкелі экономикамен және жемқорлықпен күресу. Жаппай декларацияландыру жүйесін енгізу салық төлеуді бір ретке келтіріп, салықтан жалтаруды тоқтатуға ықпал етеді.

Кімдер декларация тапсыруға міндеттеледі?
Кәмелеттік жасқа толған Қазақстан азаматтары, оралмандар және уақытша тұруға арналған құжаттары бар тұлғалар. Кәмелеттік жасқа толмаған азаматтар, егер олардың атына жазылған мүлік болса немесе олардың табыс табатыны белгілі болса. Шетел азаматтары, ҚР аумағында мүлкі болса немесе ел аумағындағы мүліктің бір бөлігіне қожалық етсе. Салық кодексінің 71-тарауына өзгерістер жалпыға бірдей декларациялауды енгізуді 2020 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылғы 1 қаңтарға ауыстыруды және бұдан әрі кезең-кезеңімен көшу көзделген. Бірінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау шеңберіндегі декларация тапсырады. Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері мен олардың жұбайы (зайыбы), сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайы (зайыбы) болып табылатын жеке тұлғалар тапсырады. Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайы, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайы тапсырады. Төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары декларация тапсырады.

Көпбалалы аналар қайтпек?
Енді көпбалалы аналарға байланысты жеңілдікті тарқата айтайық. «2020 жылы көпбалалы ата-ананың біреуіне ай сайын 23 АЕК салық шегерісі есептелген, бірақ ата-ананың екеуін қосқанда жылдық салық шегерісі 282 АЕК-тен аспауы тиіс» деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті. Көпбалалы отбасыға арналған салық шегерісі 2020 жылдың 1 қаңтарында төрт немесе одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар жеке тұлғаларға қатысты қолданылады. Көпбалалы отбасы екені балалардың туу туралы куәлігімен расталады.

Микро және шағын бизнес иелері салықтан босайды ма?
Тиімді шағын және орта бизнес қалалар мен ауылдарды дамыту үшін берік негіз болып табылады. Шағын, әсіресе микробизнес елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Біріншіден, бұл ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді, жұмыссыздықты азайтады. Салық базасын қалыптастыру жергілікті бюджетті де толықтырады. Бұл орайда бюджеттің толтырылуына Жамбыл облысының мемлекеттік кірістер органдары айтарлықтай үлес қосуда. Бұл туралы, қалалық мәдениет үйінде өткен жиында белгілі болды. Аудандық, қалалық кірістер департаменті қызметкерлерінің басы қосылған жиында жаңа жылдан бергі енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кеңінен айтылды. Жиында сөз алған облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы өткен жылдың қорытындысын айтып, бірқатар өзгерістерді ортаға салды.
– Өткен жылға арналған кірістер туралы республикалық есепті орындау 101,0%-ды құрады (жоспар – 30 411,9 млн теңге, нақтысы – 30 739,1 млн теңге, өсім – 317,2 млн теңге). Өсім қарқыны 111,8%-ды құрады немесе 3 233,1 млн теңгеге өсті. Сонымен бірге 2019 жылға арналған жергілікті бюджет кірістерінің орындалуы 108,1 пайызды құрады. Өсім 115,7 пайызды құрады, немесе 9 158,9 млн теңгеге артық. Жамбыл облысы бойынша МКД-ның сыртқы сауда айналымы (ВТО) 2019 жылы 1 млрд 401 млн 369 мың долларды, тауарлар мен өнімдердің жалпы салмағы 1 млн 989 мың 278 тоннаны құрады. Сондай-ақ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық амнистия жүргізіліп, айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару қарастырылған, ол 2018 жылдың 1 қазанынан бастап негізгі қарызды 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеу шартымен есептелген. Тұтастай алғанда, аймақта салықтық амнистия мөлшері 3636 салық төлеушіні құрады. Жеке тұлғаларға салынатын салықтық амнистия аясында облыста мерзімі өткен берешекті төлеген кезде төленетін өсімпұлдың жалпы сомасы 95 982 адамға 363,3 млн теңгені құрайды, – деді Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлібек Зікеев.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде арнаулы салық режимдерін қолданатын және микрокәсіпкерлік немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылатын тұлғалар салықтан босатылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.