Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жан сергітер «Жүрек хаттары»

0 296

«Абадан болып, айдан құлап, қайраты қайнап, қуаты тасыған» тараздық жас ақын Данияр Әлімқұлдың «Жүрек хаттары» атты тұңғыш жыр кітабы сүйікті оқырмандарына жол тартты.
Жастайынан жүрегіне тұнған тұмса өлеңдерін қаламмен қағазға төгуді Тәңірдің тағдырыма жазғаны деп талайдың жадына сезім сергелдеңімен келген жырларынан мұнара тұрғызған ақынның туындылары көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Және сондай сүйікті. Абадан ақынның көңілін алабұртқан, кей-кейде жанына жалау болып, жабырқағанда жалғыз жұбанышы болған жырларының бәрі бір кітаптан табылып отыр. Бұл – Тараз руханияты үшін де, ел әдебиеті үшін де соны серпіліс, тамаша жаңалық. Автордың бірде жұмбақ, бірде тылсым әлемінің бар шешімі «Жүрек хаттарында». Ендеше, кітапты қолға алып, Абадан ақынның ғаламына енуге асығыңыз. Әулиеаталық жас шайырды осынау жинақтың жарық көруімен құттықтай отыра, бір топ өлеңдерін жариялауды жөн көрдік.

Арайлы Жақсылық

Хат жолдау

Дертті сезімнің даты ма, жаным,
Қарсы алар емес бақ торап.
Жалғыздығымның атынан жаздым,
Жанымның мұңын хатқа орап.

Жарымында түннің шам жағып алдым,
Жарығын сәл-сәл қосып Ай.
Таусылғанын көрдім таңдағы хәлдің,
Саған хат жазу үшін осылай.

Кірпігіңдей сенің ояу отырмын,
Сәттердің сүріп сарсаңын.
Көз жасымменен бояп отырмын,
Сағынышымның Аңсарын.

Бақыттан басқа тілек таппадым,
Басқаға кеттім деген ең.
Ақтарып тұрмын жүрек хаттарын,
Ақталып тұрмын неге мен?

Суға кеткелі салы жігердің,
Күтіп алдың ба аққа орап?..
Жалғыздығымды салып жібердім,
Жалғыз-ақ тілім хатқа орап…


Ертеңің ертек… демеспін құрап,
Батқан күндердей елессің жырақ.
Баян боларыңды білем ғой, жаным,
Баянды бақыт емессің бірақ.

Аласың еске өткенді шошып,
Ренішке ретсіз өкпеңді тосып.
Сары уайым болып жыладың білем,
Сағынышқа сәл көктемді қосып.

Жылжысын қалай, жыл-айым немен?
Соңғы рет келіп, құлайын деп ем.
Қосылмайтынымыз үшін құшақтап қатты,
Қосылып сенімен жылайын дегем.

Көгермей көгім, солып та семдім.
Үзілді үміт… соны ұқпа сенім!
Қоштасуға дайын болмасам егер,
Қайтадан саған жолықпас едім.

Есімің таныс, ең ескі шақпен,
Мазашыл, мұңлы, елесті сәтпен.
Арайлы жүзің ғашық еткенмен,
Арайым менің емессің әттең!

Ертеңің ертек… демеспін құрап,
Батқан күндердей елессің жырақ.
Баян боларыңды білем ғой, жаным,
Баянды бақыт емессің бірақ.

Көзімнің көктем һәм күзі едің,
Үміттерімнің жалғызы едің.
Ернімде менің еріп кеткен соң,
Есімің сенің «Қар қызы» дедім.

Құс қарсы алу

Мұздың сеңі жұқарып, жұталар ма?
Көбелек малшынар нұр, жұпар алда.
Көктемнің қанатымен ұшқан құстар,
Сәуірді қондырып жүріп бұталарға.

Жетеді жібек самал, бір леп көктен,
Құстардың қанатынан бүрлеп көктем.
Адасады ауада гүл тозаңы,
Көбелек тұмсығымен үрлеп кеткен.

Құстың әні келеді талып, нетіп,
Құштарлығы өлкеге анық бекіп.
Көктем қары ериді тасадағы,
Көлеңкелер көзінен тамып кетіп.

Қарашада қайтқан қаз өзге еліне,
Қанаты сау жетті ме өз көліне?
Күзден қанат жасап ап ұшқан құстар,
Көктемді қондырып жүр көздеріме.

Көктемдік локация

Көктем келді дегенге кепілдей боп,
Тебіндеуге тырысты жетілмей көк.
Айға асығып жұлдыздар жамырады,
Анасына жүгірген жетімдей көп.
Айыр жолдың жағасын жапқан қар тұр,
Айран жұққан кесенің шетіндей боп.

Жауын жауды шелегін сәл ақтарып,
Жауын жауды төгуге сәл-ақ қалып.
Күндегі әдетіне салып тағы,
Күннің көзі ысыды қабақ қарып.
Ирелеңдеп барады жылан жерде,
Ине жібі секілді сабақталып.

Қаламым жібергендей сия ақтарып.
Қардың суы ағады қияқ салып.
Мұздар еріп барады мұңлы жылжып,
Мұраты да белгілі, мият та анық.
Көктем кіріп келгенше көзге түспей,
Көпке ұзап кетпекші ұят танып.
Құздан аққан тау суы естіледі,
Қыздың күміс күлкісі сияқтанып.

Гүл қаулады қып-қызыл өртесіндей,
Гүл – көктемнің жамылған көрпесіндей.
Көрінісі адамды ақын қылар,
Көргеніңді жазбаққа көр көсілмей.
Түйін-түйін төбелер көрінеді,
Түйелердің түйнекті өркешіндей.

Тағы бір түн өткерiп жетілді көк,
Тақыр жерден шыққаны кекілді боп.
Асық етті Ай тағы жұлдыздарын,
Асық қылған Анадай жетімді көп.
Кенет күннің райы да суып кетті,
Сенің маған сезімің секілді боп.

…Жылағым кеп тұрады…

Жатын бөлме. Жазу үстел. Асханам-ай,
Өзіңсіз шашылған бұл баспанам қай?..
Жаңа көрген адамдай төбемде анау,
Қарайды ғой өзінше аспан ағай.
Сұп-сұр боп отырысың енді мынау,
Сұп-суық боп кетіпсің Астанадай!

Көктем жақтан кеттің бе, қыста қалып,
Жылы жаққа құстардың ұшқаны анық.
Кірпігімді мөп-мөлдір тысқа малып,
Мен соңыңнан барғанмын құс та қанық.
Мынау сендік болатын деп жүгіргем,
Жүрегімді қолыма ұстап алып.

Сен сонда қарамадың, танымадың,
Ақынға атар күннің таңы мәлім.
Маңдайымдай мынау бір табы қалың,
Әлі күнге иесіз жүрегімді,
Әр кімге бір ұсынып жаңыламын.

Күйіп кетіп отырмын, күйіп кетіп,
Несіне алғам сені сүйікті етіп.
Көзіме мұң жұғады, күйік бекіп,
Жүрегімді аласа ұстайын ба,
Сағыныштан санамды биіктетіп.

Көгермей көңілімнің көп құрағы,
Жанардан жылы ағын кеп құлады.
Көзіме – түн. Көңілге – кек тұнады.
Жаңбыр жауды. Білемін… сені ойладым,
Сені ойласам жылағым кеп тұрады…
Сені ойласам жылағым кеп тұрады.

Өмір

…Алаңсыз асықпаулар… амалсыз кешігулер…
…Еркелік есіру мен еріксіз кешірулер…

…Тереңге батырулар… биіктен құлатулар…
…Күйікпен жұбату һәм күлкімен жылатулар…

…Шырайлы қалаулар мен шынайы ұнатулар…
…Сұрықсыз үзілу мен сыпайы ұласулар…

…Майдансыз қырқысулар… мылтықсыз оқ атулар…
…Ізетті сыйласулар… ізгілік орнатулар…

…Керіге шегінулер… кейінге ығысулар…
…Кемсітіп ұмытулар… кең пішіп ұғысулар…

…Келесі көрісулер… кезекті танысулар…
…Беймаза тарасу мен бейуақ табысулар…

…Үнсіз бір қыстығулар… үздіксіз солықтаулар…
…Әдемі тауып бару… әдейі жолықпаулар…

…Өткелдік ауысулар… өкпесіз достасу бар…
…Құшақтап қауышулар… қол қысып қоштасулар…

…Арнайы кездесулер… аяулы кезігулер…
…Ардақты сезімдер мен аялы сезінулер…

Өкінішті сағыныш

Жапырақтай соңғы рет күле біліп,
Күз секілді көнерді күрең үміт.
Ауласына сол ару шықты тағы,
Алаша ма, әйтеуір кілем іліп.

Ауа райы көңілін, бұзды реңін,
Ауырсынып жаяды қыз кілемін.
Құлағына қос сырға тағамын деп,
Жапырақтан жасап ап күзді ілемін.

Жайып жатты кілемін қағамды сап,
Жайғандай боп көрінді маған құшақ.
Ауланы да сол ару сыпырып жүр,
Күзбен вальс билеген адам ұқсап.

Ойларымның шетінен үзген ұғым:
Жел жылады естіртіп, түзге мұңын.
Жайындай боп сыпырғың аулада тұр,
Жайылмай кілем қалды күзге бүгін.

«Қалай сонда?» деп тағы күпірлік-ай:
«Қайда қалды?» – дедім мен: «бүкіл Құдай?»
Тұрмыс құрды дегенде тұрып қалып,
Аулаңның алдындағы сыпырғыдай.

Көз көргенмен көңілім сенбеп еді,
Жасырайын, жаным-ай, елден нені?
Көрмеймін деп мен оны көшіп кеттім,
Көрші үйдің баласы жеңгелі еді.

Көзден ұшты көп күндер сен дегелі,
Көзсіз сезім көнбеді, сөнбеп еді.
Көңілімнің кілемін сыпырып жүр,
Сыпырғыңа байланған шеңгел енді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.