Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сала үздіктеріне құрмет

Таразда Спорт күні кең көлемде аталып өтті

0 247

Спорт күніне орай №8 кіші футбол алаңшасында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, жылы лебізін білдірді.

– Ұлт денсаулығы және бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Сондықтан бүгінгі күні Тараз қаласында салауатты өмір салтын насихаттау, қала тұрғындары үшін спорт ғимараттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде спорт саласында 1 600-ден астам бейінді маман жұмыс істейді, облыс орталығының 170 мыңнан астам тұрғыны белсенді өмір салтын таңдады. Бұл өңір халқының жалпы санының 41,6 пайызын құрайды. Биыл Тараз қаласында жеке қаражат есебінен 6 жаңа спорт нысаны салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ қалалық бюджет қаражаты есебінен «Құмшағал» массивінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталса, 15-ші шағынауданда және Менделеев көшесінің 3-бұрылысында 2 шағын футбол алаңы пайдалануға дайын. Сонымен қатар қаламыздағы Ниетқалиев көшесі мен Қапал көшесінде спорт алаңы салынуда, – деген шаһар басшысы қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын белсенді насихаттап, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға тартудағы қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматқа Алғыс хаттар табыстады.

Келесі кезекте Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай да еңбегімен еленген бір топ азаматты Алғыс хатпен марапаттады.
Бұдан кейін мерекеге орай кіші футболдан 2014-2015 жылы туған жасөспірімдер және 3х3 баскетболдан 14-18 жас аралығындағы жастар арасында өткен қалалық турнир қорытындыланды. Футбол додасының нәтижесі бойынша 3- орынды «Сұңқар», 2-орынды «Ұлан», 1-орынды «Атлант» командалары еншіледі. Ал баскетбол жарысында 3-орынды «Батырлар», 2-орынды «Машины», 1-орынды «Таразский» командалары олжалады.

Спорт күні елімізде 2004 жылдан бері тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Бұл саланың дамуына бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, ондағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған саясат ықпал етуде.

Қазақстандық спортшылар соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында үздік нәтижелерді көрсетіп келеді. Олардың қатарында жамбылдық жампоздардың да қарасы қалың. Кешегі Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымовтар салған сара жолды Асланбек Шымбергенов, Дулат Бекбауов сынды саңлақтар лайықты жалғастыруда. Еліміздің өзі де бүгінде беделді халықаралық жарыстарды өткізетін орынға айналды. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамып жатқанын айғақтайды.

Құрмаш Қаптағай

 

 

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.