Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сала үздіктері марапатталды

0 315

Желтоқсан айының үшінші жексенбісі – Энергетиктер күні. Облыстағы осы саланың қызметкерлеріне қалалық мәдениет үйінде атаулы күнге орай салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Зере Қуаныш

Аталған іс-шарада Мемлекеттік Әнұран орындалып, одан кейін сала ардагерлеріне гүл шоқтары тапсырылып, құрмет көрсетумен басталды. Бұдан кейін «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-нің бас директоры Әлихан Жарболов баяндама жасап, жиналған жұртшылық өкілдерін ағымдағы жылдың он айында атқарылған жұмыстардың қорытынды нәтижелерімен, өздерінің алға қойған мақсаттарымен таныстырды. Оның айтуынша, сала мамандары электр желілері мен жабдықтарын сапалы жөндеулерден өткізіп, күзгі-қысқы кезеңдердегі жағдайларға сақадай-сай дайын етуге күш жұмылдырып, аянбай еңбек етуде. Есепті кезеңде барлық деңгейдегі кернеуліктерге ие 1610 километрлік электр қуатын тарату желілері мен 345 қосалқы стансаның трансформаторлары күрделі жөндеулерден өткізілген. Сондай-ақ 74 23 километрлік қосалқы электр тарату желілері мен 1312 қосалқы станса трансформаторларының жабдықтары ағымдық жөндеумен қамтылыпты. Жалпы бұл мақсатқа 493 миллион теңге жұмсалған.

Әлихан Бірімжанұлы энергетиктер қауымын төл мерекелерімен құттықтап, олардың күш жұмылдыруымен салада мұндай жұмыстардың алдағы уақытта да жалғаса беретіндігіне сенім білдірді. Бұдан кейін Жамбыл облысының Құрметті азаматы, экс-сенатор Александр Савченко құттықтауын жеткізіп, жалпы облысты электр қуатымен қамту ісінің айрықша қажырлылық пен тынымсыз еңбекті қажет ететінін атап өтті. Ал Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев бүгінгі таңда электр энергиясынсыз өмір сүруді елестетудің мүмкін еместігін айтып, осы қиын да қызық салада қажырлы еңбек етіп жүрген қызметкерлердің үлесі орасан екенін жеткізді.

– Құрметті энергетиктер! Желтоқсанның үшінші жексенбісінде қалыптасқан дәстүр бойынша біздер Энергетиктер күнін атап өтеміз. Бұл – өздерінің жасампаз еңбегі мен өмірлік маңызы бар игілік жасап жүрген адамдардың кәсіби мерекесі. Энергетиктердің жұмысының арқасында біздің үйлерімізге электр энергиясы мен жылу беріледі, кәсіпорындар мен мекемелер дұрыс жұмыс жасайды. Энергетика, шын мәнінде, экономиканың негізгі саласы болып табылады. Әрине, Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдары Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерінің ішінде осы кәсіп иелерінің үлесі де бар. Барлықтарыңызды төл мерекелеріңізбен құттықтап, бар жақсылықты тілеймін, – деді шаһар басшысы.

Айта кету керек, жалпы салада айрықша елеулі жетістіктерімен танылған өндіріс үздіктері көптеп саналады. Бұл күні олардың бірқатары Қазақстан электр энергетикасы кауымдастығы, Энергетика министрлігі, облыс әкімі, Жамбыл электр жүйесі мекемесінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. «ТМД еңбек сіңірген энергетигі», «ҚР құрметті энергетигі», «ҚР энергетика саласының ардагері» атақтары да осы кеште иелерін тапты. Аудандық электр тарату жүйелері арасында үздік деп танылған мекемелерге заттай бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Жиын соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.