Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіл жанашырлары марапатталды

0 46

Тіл – рухани әлемнің ұлы байлығы. Ол – тарихтың да, мәдениет пен өнердің де қайнар көзі. Бұл орайда, облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес «Tіl janashyry» жүлдесі алғаш рет тапсырылды.

Арайлым Шабденова Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл облысы әкімінің «Tіl janashyry» жүлдесін салтанатты табыстау рәсімі «Достық» үйінде өтті. Алдымен аталмыш басқарма басшысы Рахия Тұрмағамбетова жылды қорытындылап, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.

Жалпы Жамбыл облысы әкімінің «Til janashyry» жүлдесі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қазақ тілінде сауатты сөйлеуді жастар арасында кеңінен насихаттау, туған тілге деген жастардың сүйіспеншілігін арттыру мақсатында тағайындалады. Аталмыш жүлдеге мемлекеттік тілге шынайы жанашырлық танытып, тіліміздің дамуына нақты ісімен үлес қосып жүрген нағыз тіл жанашырлары қатысқан. Облыс әкімінің «Tіl janashyry» жүлдесі 7 номинация бойынша ұсынылды. Лауреаттарды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияға 20 адам құжат тапсырыпты.

Салтанатты жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Тіл майталманы» номинациясының иегерін атап, сый-сияпатты өз қолымен табыстады. Бұл аталым бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ жеңімпаз атанды. Ал «Тіл тірегі» номинациясының жеңімпазы Жамбыл облысы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген атанды. Жүлдені көпшілік алдында жазушы-драматург Елен Әлімжан тапсырды. «Тіл жаршысы» номинациясының иегерін ортаға М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков шақырды. Бұл аталым республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаманға бұйырды. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат «Тіл сақшысы» номинациясын «JAMBYL» телеарнасының тілшісі Данияр Асқарұлына табыстады. Облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов «Тіл білгірі» номинациясының иегері Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясының биология және география пәнінің мұғалімі Евгений Кравчукке жүлдесін тапсырды. Ал қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали «Тіл – қазына» номинациясының иегері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі, филология магистрі Балмира Мырзабаеваны құттықтап, сыйлығын ұсынды. «Тіл мерейі» номинациясын ТарМПУ «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Әбдіқадырова марапаттады. Бұл аталымның жеңімпазы – «Жасыл ел» еңбек жасақтарының төрағасы Әлібек Мұратбаев. Жеңімпаздардың барлығы марапат төрінде сөз алып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Тіл жанашырлары арнайы статуэткамен қатар 300 мың теңгенің сертификаттарымен марапатталды.
Салтанатты жиынның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.