Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сақтықта қорлық жоқ

0 383

Қала тұрғындары үшін аптап ыстықта қауызға шомылу серпілтіп-ақ тастайтын. Күн көзінің қызуы ыстықтатып, шомылуға тартып тұратыны рас. Алайда пандемия кезінде суға түсу өте қауіпті. Сондықтан қазіргі уақытта қауызға шомылуға тыйым салынған. Себебі қауыз– жұқпалы аурудың тез таралатын орны.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Алайда барлық тыйымдарға көз жұма қараған кейбір кәсіпкерлер заңсыз жұмыс істеуге тырысады. Жақында қалалық санитарлық-эпидемиология қызметкерлері полициямен бірлесіп, Тараздағы жаппай демалу орындарына рейд жүргізді. Оған журналистер де қатысты. Қалалық СЭС басшысының орынбасары Ғабит Әбілда бізге қалалық әкімдік пен санитарлық қызметтің ескертулерін елемей, кейбір демалыс орталығында, дәлірек айтқанда, бассейнде карантинге қарамастан шомылу науқаны қызып жатқанын жеткізген еді.

Рейд барысында тексерілген алғашқы нысан бұрынғы Пионер лагерінің орнында, темір жол желісінің артында орналасқан «Росинка» кешені қала тұрғындарына жақсы таныс. Жасыл желекпен көмкерілген демалыс орны жанға жайлы, көңілге сергектік сыйлайды. Мұнда Кеңес үкіметі кезіндегі пионерлер ескерткіші де жақсы сақталып, есте жоқ ескі замандарға жетелейтіндей бір жылылықтың табы байқалады. Ал судың сарылы мен ондағы көңілді балалардың ойнаған дауысы жарықшақтанып шығып жатыр.

Барлығы мәз-мейрам, жаз жадырап, күн күлдірген жайбарақат мінезбен, өздерін әлемнің апшысын қуырып, уысында ұстап тұрған індеттен қауіп жоқтай сезінеді. Иә, қауыз суынан хлор иісі мүңкіп тұр. Бірақ бұл сақтық шарасына жатпайды. Карантин кезінде қауыз суы топталып шомылғандарға қауіпті болғандықтан, тыйым салынғаны белгілі. Оның үстіне тағы бір ескеретін жайт, еш жерде карантин жағдайына байланысты ескертпе-хабарландыру да ілінбеген.

– Карантин жағдайында жеке тұлға үшін айыппұл – 30 АЕК, заңды тұлға үшін – 230 АЕК, яғни шамамен 600 мың теңге болады, – деп түсіндірді Ғабит Әбілда.
Бірақ дәл осы жағдайда бұл кешеннің иесін табу мүмкін болмады. Бірақ бұл мәселе қараусыз қалады деген сөз емес.

Рейдтің келесі тексеріс жұмыстары «На речке» кафесінде жалғасын тапты. Бұл кафеде сақтық шаралары барынша дұрыс сақталыпты. Үстелдер біріне-бірі қашық орналасқан. Даяшылар мен әкімші бетперде киіп алған. Салқын самал есіп тұр. Қауіпсіз көрінді. Тексеру барысында байқағанымыздай, кейбір кәсіпкерлерге ақша табу жолында еш кедергі тосқауыл болмаған сияқты. Адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Алдағы уақытта сақтық шарасын сақтамағандарға айыппұл салынып, жаза қолданылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.