Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сұрмергендер арасындағы спартакиада

0 1  160

Жуырда Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толуына орай құқық қорғау және арнайы органдардың, күштік құрылымдардың қызметкерлері мен Ұлттық ұланының әскери қызметшілері арасында «Динамо» дене шынықтыру және спорт қауымдастығының IX ведомствоаралық жауынгерлік қарудан ату бойынша дәстүрлі спартакиадасы мәресіне жетті.

Жарыстың ашылу салтанатында ҚР Iшкi iстер министрiнiң орынбасары, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Еркiн Ботақанов сөз сөйлеп, аталған бәсекенің маңыздылығын атап өтті.

– Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен республикалық және облыстық көлемде түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай сайыстар полиция қызметкерлерін жан-жақты дамытуға, ұжымдық қарым-қатынасты арттыруға, кәсіби даярлықтарын шыңдауға зор үлесін қоспақ, – деген Еркін Советбекұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ішкі істер органдары қызмет-керлерінің кәсіби дайындық деңгейін арттыру, жауынгерлік қарудан ату дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің қару қолданудағы шеберліктерін анықтауды мақсат еткен 16 облыстан келген 24 команда бақ сынады.

Спартакиада қорытындысы бойынша облысымыздың Полиция департаментінің командасы 1-орынды жеңіп алса, 2-орынды Алматы қаласының, 3-орынды Қостанай облысының құқық қорғау органдарының қызметкерлері иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, ерекше көзге түскен сұрмергендерге ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.