Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрыш қолды құрылысшы

0 2  100

Үнипа мен Маңғаздың Құдай берген 8 перзенті – 4 ұл, 4 қыздың ішінде жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке араласқаны Сейітбек қана. Әкесінің еркіне салса, шопырдың ба, трәктіршінің бе оқуын оқып алып, ауылда көз алдарында жүргені жақсы. Әне, жүр ғой Сейітқұл ағасы ешкімнен кем қалмай-ақ машинасын айдап.

Соғыс кезінде қара жұмысқа қажетті адам ретінде «броньмен» әскерден қалдырылып, Шымкент қорғасын зауытында жұмыс істеген Үнипа майданда жаумен жағаласып, қиян-кескі ұрыстарға қатыспаса да, фашизмді жеңуге бір кісідей үлес қосқан. Өйткені «кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде жауға атылған он оқтың тоғызы Шымкенттің қорғасынынан құйылған» деген сөз бар. Шындығы да солай болуы керек.
Соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін туған жері Үшбасқа оралған Үнипа Сарысу ауданының «Түркістан» кеңшарында шопан болды ұзақ жылдар. Құдай қосқан қосағы Маңғаз – көмекші шопан. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрді. Ел іші – алтын бесік. «Тірлік жасаймын» дегенге ауылда да жұмыс табылады. Жасы ұлғайған шағында қолғанатқа жарап қалған баланы қолдан шығарғысы келмейтіні сондықтан.
Ал Сейітбектің арманы асқақ. Оқығысы, институт бітіріп, мамандық меңгергісі келеді. Мектептегі сабақ үлгерімі бір адамдай бар.
Құдай істің сәтін салса, орындалмайтын арман бар ма?! Сейітбек ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектептің 8-сыныбын бітірген жазда Шымкенттен Жанайым әпкесі ауылға қыдырып келе қалғаны. Інісінің әрі қарай оқуға ниеті бар екенін аңғарған Жанайым Үнипа ағасына: «Мына баланы мен Шымкентке алып кетем. Оқуын жалғастырып, онжылдықты бітірсін. Талабы бар сияқты, әрі қарай нәсібіне қарай көре жатар. Баланың бәрі малшы, трәктірші болуы міндетті емес», – деп ұсынысын білдірген. Қай қазақ қыздың сөзін жерге тастаған, Үнипа қарсы уәж айта алған жоқ. Ой, сондағы Сейітбектің қуанғанын көрсеңіз. Жанайым әпкесіне өмір бақи риза. Өміріне өзгеріс әкеліп, болашағына жол ашқан адамға қалай риза болмасын?!
Шымкентте, Жанайым әпкесінің қолында Жамбыл атындағы №26 орта мектепті бітірген жылы әрі қарай оқудың сәті түспей, бір кездері әкесі еңбек еткен қорғасын зауытында бір жыл краншы болып жұмыс істеген Сейітбек Үнипаұлы екі жыл Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Шымкент химия-технологиялық институтына құжат тапсырған. Жолы болып оқуға түсіп кеткен талапты жас 1980 жылы инженер-құрылысшы мамандығын алып шығып, «Қаратау-химстрой» тресіне жұмысқа орналасқан. Осында құрылыс учаскесінде өндірістік-техникалық бөлім инженері, прораб, үй құрылысы комбинатының аға инженері болып қызмет атқарған 14 жыл Сейітбек үшін жемісті жылдар болды. Сол кезеңде Жаңатас қаласында бой көтерген 7, 8, 9 шағынаудандардағы әр үйде, әлеуметтік нысандарда Сейітбек Үнипаевтың қолтаңбасы бар. Ол әр нысанның құрылысы сапалы жүргізілуіне, уақытылы пайдалануға берілуіне үлес қосты. Ол еңбегі грамота, Алғыс хаттармен аталып та өткен.
Үй құрылыс комбинатында аға инженер қызметінде жүргенде темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауытта қалып үлгісінің жаңа, тиімді түрін өндіріске енгізгені үшін «КСРО өнертапқышы» төсбелгісімен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болғаны – жас маманның ізгі ізденісінің жемісі. Сондағы күн-түн демей ізденіп сызған сызбаларының жобасы әлі де бар. Өнертапқыштық жаңалығы әлі де қолданыста.
Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдарда нарықтық экономикаға бейімделген Сейітбек Үнипаұлы 1994 жылы «Талапкер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, жаңаша жұмыс істеу тәсіліне көшкен. Негізгі жұмыс – құрылыс салу. Осыған дейін жақсы тәжірибе жинақтаған жас жігітке жұмыс ауыр соққан жоқ. Бірақ құрылыс материалдарын табуда, жұмысты жүйелі, тиянақты, тоқтаусыз жүргізуге қажетті техника паркін қалыптастыруда қиындықтар болмай қалған жоқ. Жұмыстың көзін тапқанды табыстың өзі тауып, қиындықтардан шыға білді.
Директор Сейітбек 30-дан астам адамды еңбекпен қамтып, өтпелі кезеңде орын алған жұмыссыздықты жоюға үлкен үлес қосты. Қарамағындағылардың кәсіби шеберліктерін арттыруды басты назарда ұстады. Нәтижесінде, құрылыс сапасы жоғары болып, нысандарды пайдалануға бергенде мерейлері үстем болған кездер көп.
Директор Сейітбек Үнипаұлы басқаратын «Талапкер» ЖШС Таразда 12-шағынаудандағы 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысын бастан-аяқ жүргізіп, нысанды уақытылы пайдалануға беріп, жаңа пәтерлерге қоныстанушылар алғысына бөленді. «Құлагер» ЖШС-мен әріптестік жағдайында «Тараз-Арена» спорт кешені құрылысын жүргізуге белсене атсалысып, өңірде салауатты өмір салтын қалыптастыруда үлкен рөл атқаратын нысанның дер кезінде қала халқының игілігіне ұсынылуына да өзіндік үлестерін қосқан.
Тарихи Тараз шаһарының 2000 жылдығы тойланар тұста Орталық стадион мен оған жапсарлас «Дельфин» бассейнін күрделі жөндеуден өткізген «Талапкер» ЖШС сол кездегі өңір басшысы Серік Үмбетовтің тарапынан алғыс алып, марапатқа ие болған. Солардың ішінде шоқтығы биік марапаты – мамандығына орай ие болған «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» төсбелгісі. Облысты Асқар Мырзахметов басқарған тұста қаланың ажарына ажар қосқан «Жеңіс» саябағын қоршап жатқан жағажайға 3 аспалы көпір салуы – шаһар тұрғындарының демалыс уақыттарын жақсы өткізуге қосқан үлестері.
Айта берсе, «Талапкер» ЖШС Сейітбек Үнипаұлы жетекшілік жасаған кезде құрылыс саласында талай істер тындырып, Тараздың сән-салтанаты артуы жолында жемісті жұмыс жүргізді. Бүгінде зейнеткер Сейітбек кезінде өзі соққан нысандардың қасынан өткенде көңілін өз ісіне ризашылық, қуаныш сезімі кернейді. Ол қазір де қол қусырып қарап отырған жоқ. Астаналық «АДС-Сапа» ЖШС-нің өңірдегі құрылыс саласының техникалық бақылаушысы. Сейітбек үшін сапа басты назарда. Құрдастары әзілдеп «Сейітбек – нағыз сапаның фанаты» дейтіндері бар. шындығы да солай.
Мысалы, Сарысу ауданының Сорбұлақ учаскесі аумағында салынып жатқан сода шығаратын зауыттың құрылыс сапасы оның бақылауында. Жаңатаста пайдалануға берілген «Шоқпар» жел-электр станциясындағы «Жасыл экономика» бағдарламасы бойынша электр қуатын өндіріп жатқан айналмалы-қалқаншалы қондырғылар жұмысын да қадағалап тұрады.
Зейнеткер Сейітбек Үнипаев – облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі. Ол еліне еңбегі сіңген қарттардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға үлес қосуды өзінің парызы санайды.
Кез келген кейіпкер туралы қалам тербегенде, айтылуға тиісті бір мәселе – оның отбасылық жағдайы. Өйткені отбасында береке болмаған адамның Отанына пайдалы қызмет қылуы неғайбыл?!
Сейітбек – шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы. Қырық жылдан астам тату-тәтті жұбайлық ғұмыр кешіп келе жатқан Зина келін екеуі Азамат, Асылай атты ұл-қыздарынан 4 немере сүйіп отыр. Қырық жылдан астам кітапханашы қызметін атқарған Зина адамдарды білім-ғылыммен сусындатуда елеулі жұмыс істеген.
Айтпақшы, осы материалды дайындау үстінде Сарысу аудандық «Сарысу» газетінде жарияланған «Туған жерге туыңды тік» атты мақала қолымызға түскен. Онда ардагер-кәсіпкер Сейітбек Үнипаев өз қаражатына Түркістан ауылдық округінің орталығы Әшір Бүркітбаев ауылынан Үшбасқа асатын жолдағы көлік қозғалысына қиындық туғызатын қылтаға төніп тұрған жартастарды тауды бұзып, тасты қопаратын арнайы техника жалдап әкеліп, жол жиегін кеңейткені туралы жазылыпты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» сипатындағы өзгелерге өнеге боларлық іс туралы бұл мақала кейіпкеріміздің тағы бір қырын ашып тұр. Мұндайда риза болмағанда, қашан риза боларсың?!
70 жасқа толған Сейітбек Үнипаұлы мерейлі жасқа келуіне орай Тараз қалалық ардагерлер кеңесіне шақырылып, оған сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді. Қала қарттарының жетекшісі Күләш Әмедияқызы Әбдікешова оның омырауына «Тараз қаласының Құрметті ардагері» төсбелгісін тағып, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабаев Құрмет грамотасымен марапаттады. Ардагердің замандас достары иығына шапан жауып, сый-сияпаттарын ұсынған.
Бар саналы ғұмырын туған жерді түлетуге, қалалар мен елді мекендердің сән-сәулетін арттыруға арнаған құрыш қолды құрылысшы Сейітбек Үнипаұлы еңбегі еленгеніне дән риза.
Біз де риза көңілмен 70-ке желіп жеткен Сейітбек замандасымыздың игілікті істерін оқырманға жеткізуге асықтық.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.