Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс сапасы жіті бақылауда болады

0 554
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков пен облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген кеңес отырысында құрылыс саласы бойынша шаһарда өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы қаралды.
Әуелі Қайрат Әшірәліұлы саладағы олқылықтарды баяндап, кеткен кемшіліктерді бірлесе шешуге шақырды.
– Былтыр облыс орталығында бюджет есебінен 137 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Оның 134-і құрылыс, 3-і күрделі жөндеу жұмыстары. Сонымен қатар, инвесторлардың жеке қаржысына салынып жатқан 180 коммерциялық нысанның құрылысына бақылау ұйымдастырылды. 137 нысанның 28-і 2022 жылы пайдалануға қабылданса, 109-ы осы жылға өтпелі. Әрине, бұл сандар жан жадыратады, бірақ бұл бойынша орын алған олқылықтар аз емес. Әсіресе, техникалық қадағалаушылар қызметі көңіл көншітпей тұр. Өйткені «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 34-1 бабы, 5-тармағының 6)-тармақшасында көрсетілгендей, техникалық қадағалаушылар мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органына ай сайынғы негізде нысан құрылысының жай-күйі және барысы туралы міндетті есебін ұсынуы қажет. Алайда, олардың аталған міндетті есепті толық ұсынбау немесе мүлде атүсті қарауы өзекті мәселеге айналған. Мәселен, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, 137 бюджеттік нысанның 51-і бойынша техникалық қадағалаушылар айлық есебін мүлдем ұсынбаса, ал 40-ның есебі толық емес. Сондай-ақ бүгінде құрылысы жалғасып жатқан 104 бюджеттік нысанның 3-еуінің техникалық қадағалаушылардың конкурсы аяқталмағанына байланысты әлі күнге құрылысы басталмай отыр. Тек 19 нысан бойынша ғана есеп толық жолданған. Осыған қарап отырып есебі ұсынылмаған техникалық қадағалаушылар құрылыстың жай-күйінен хабарсыз немесе орындалған жұмыстардың сапасын қарауға дайындығы төмен деген қорытынды жасауға болады. Осыған байланысты былтыр 21 техникалық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді басқарма басшысы.
Құрылыс жұмыстарындағы кемшілік тек мұнымен шектелмейді. Мысалы, жоғарыда аталған заңның 34-бабының 2-3-тармағына сәйкес авторлық қадағалаушы құрылыс барысында бекітілген жобада көзделген жобалық шешімдердің дәл орындалуын қамтамасыз етуге, белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамасына өзгерістер енгізу жөнінде шешімдерді уақытылы қабылдауға, сонымен қатар, мердігер нұсқауды орындамаған жағдайда, бұл жөнінде тапсырыс берушінің назарына жеткізуге, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органына хабарлауға міндетті. Алайда, бұл міндеттің өзін орындамай жүргендер көп көрінеді. Айталық, Тараз қаласындағы құрылысы жүріп жатқан бюджеттік нысандардың жобалау-сметалық құжаттамаларға өзгерістер енгені жөнінде авторлық (техникалық) қадағалаушылардан да, тапсырыс берушілерден де жыл бойына ешқандай ақпарат түспеген. Соның кесірінен Сүлейменов көшесінің соңындағы 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын салу барысында бас мердігер «BARAT & CO» ЖШС жұмыстарды жобадан ауытқып орындағаны анықталған. Яғни, құрылыс-монтаж жұмыстары барысында ешқандай негізсіз жобаларға өзгерістер жасалып, құрылыс жұмыстары бекітілген жобадан ауытқып кеткен. Ал «Арай» тұрғын алқабындағы 600 орынға дейінгі мектеп құрылысы» нысаны бойынша «БазисДорСтрой» ЖШС негізгі құрастырмалық элементтердің өрескел бұзылуына жол берген. Соған қарамастан, бүгінгі күнге дейін жауапты басқармаға авторлық қадағалаушылар тарапынан да, тапсырыс берушіден де жобаға өзгерістер енгізілгені туралы бірде-бір хат жолданбаған. Осының өзі құрылыс жұмыстарының барлық қатысушылары өздеріне тиісті міндеттерін жауапкершілікпен атқармайтынын аңғартады.
Келесі кезекте басқарма басшысы құрылысы тұралап тұрған нысандардың да мәселесіне тоқталды.
Шаһар басшысы да өз кезегінде қаладағы кейбір құрылыстардың сапасына көңілі толмайтынын жасырмады.
– Басқарма басшысы келтірген деректер құрылыс саласының ақсап тұрғанын айғақтайды. Әсіресе, техникалық қадағалаушылардың жұмысы мүлде мардымсыз. Шын мәнінде олар мердігердің өкіліне, соның бір бөлігіне айналып кеткен. Негізі олай болмауы керек. Қадағалаушылар әрбір кемшілікті көрсетіп, оны дер кезінде тиісті орындарға хабарлап отырулары қажет. Әсіресе, мемлекеттің миллиондаған қаржысына салынып жатқан нысандарға баса мән берген жөн. Өкінішке қарай, мердігерлер әлі күнге «бастысы бюджетті игерсем болды» деген таяз түсініктен арыла алмай келеді. Сондықтан да техникалық қадағалаушылар өз жұмысына салғырт қарайды. Мұның соңы орны толмас өкінішке әкеліп соқтырады. Себебі, сапасыз құрылыс қателікті кешірмейді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы орын алған олқылықтарды түзету бойынша жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.