Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс сапасы – қатаң бақылауда

0 412

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады.

Әуелі шаһар басшысы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Бүгінде аталған магистральдің тозу деңгейі 80 пайызды құраған. Осыған орай, 2023 жылы қала әкімдігі «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасын әзірлеп, сол бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Сондай-ақ сараптама қорытындысына сәйкес, республикалық және облыстық бюджеттен тиісті қаржы сұралған.
Жұмыс жобасында көрсетілгендей, аталған жылу магистралі Сыпатай батыр көшесі, Төле би даңғылы және Қ.Тұрысов көшелері бойында жатыр. Жалпы ұзындығы 6 138 метрді құрайды. Жылу желісін жөндеуден өткізу мақсатымен мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жеңімпаз мердігермен келісімшарттар жасалды.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының тапсырыс берушісі – Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Ал жобаның бас мердігері – «Сарыағаш-Аман» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «АДС САПА» ЖШС. Авторлық қадағалаушысы – «Институт «КазНИПИЭнергопром» АҚ.
Құрылыс жұмыстарына жалпы 5 бөлікте құрылысшы топтар жұмылдырылған. Қазіргі таңда 2 000 метрден аса лоток және құбыр жүйесіне демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 2 үлкен жылу камерасы (ТК-121, 131) демонтаждалып, бетон құю жұмыстары басталған. Сондай-ақ 550 метр арық пен 150 метр құбыр жүйесі орнатылды. Бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін толығымен аяқтау жоспарлануда. Құрылыс барысымен жіті танысқан шаһар басшысы жұмыстарды сапалы әрі уақытында тәмамдау қажет екенін баса айтты.
Келесі кезекте қала әкімі Төле би даңғылының бойында орналасқан 11 көпқабатты тұрғын үйдің сырт келбетін жөндеу жұмыстарымен танысты. Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған Төле би даңғылында орналасқан №38, 40, 44, 48, 50, 52, 54, 56, 57, 58, 59 үйлердің қасбеттерін, шатырларын күрделі жөндеу үшін «Күмбез-Тас» ЖШС-мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленген болатын. Аталған үйлердің жөндеу жұмыстарына жарияланған конкурс аяқталып, «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Техникалық қадағалаушы ретінде «Аскос+» ЖШС анықталды.
Қазір Төле би көшесіндегі бес үйде жұмыстар басталып кетті. Құрылыс басында 30-ға жуық жұмысшы мен арнайы техника жұмыс істеуде.
– Бұл үйлер – қаланың келбетіне сән беріп тұрған нысандар. Сондықтан оларды жаңғырту тұрғындарға ғана емес, шаһарға келетін қонақтарға да жайлылық сыйлайды. Алайда құрылыс жұмыстары тұрғындарға қолайсыздық тудырмауға тиіс, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан кейін шаһар басшысы Тәуке хан мен Б.Момышұлы көшесінің қиылысындағы жол жөндеу жұмыстарының барысына қанықты.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.