Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рухты асқақтататын мақала

0 298

Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мазмұнды мақаласы төрт ауқымды бағытты қамтып отыр.

Мақалада мемлекетіміздің қалыптасу, даму, өркендеу жолы «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық» және «Ұлағат пен ұстаным» деп аталатын бағыттар «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сұрақтардың айқын жауабын көрсетті. Президент атап өткендей, тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Біз алғашқы онжылдықта Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттік нышандарымызды белгіленіп, билік жүйемізді қалыптастырдық. «Қазақстан – 2030» Стратегиясын қабылдадық. Екінші онжылдықта мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз артып, үшінші онжылдықта «Қазақстан – 2050» Стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды жоспарлап отырмыз. Осы кезеңдерде білім, денсаулық, әлеуметтік жағдай, рухани байлығымыз, патриоттық рухымыз, басқа да еліміздің барлық салалары заман талабына сай қарқынды өсіп отырды. Бұл – Елбасымыз бастап, Мемлекет басшысы жалғастырған мақсаты берік, болашағы айқын, сенімі нық қазақстандық үздіксіз даму жолымыз. Енді алдағы төртінші онжылдықтағы басты міндет – қуатты ел және кемел халық болу. Мемлекет басшысының мақаласы әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алып, рухын асқақтатуға серпін беретіні сөзсіз.

Алдиярбек ТҮСІПОВ, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Жаңа бағыт – жарқын болашақ

Әр адамның жаңа белеске қадам басқанда өткеніне үңіліп, өзіне есеп беретіні белгілі. Бұл дағды келешекте сенімді әрекеттер жасап, жарқын болашақ қалыптастыруға өзінің оң әсерін тигізетіні айқын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанға» жариялаған мақаласы осыған саяды. «Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр», – дейді Президент. Расымен, еліміздің ширек ғасырдан асқан тәуелсіздік жылдары еңсемізді тіктеумен қатар, рухымыз асқақтап, экономикамыз әлемнің озық елдерімен иық тіресе алар жағдайға жетті. Бүгінде біз кімбіз? Тәуелсіз Қазақстанның азат азаматтарымыз. Кешегі Алаш арыстары мен қара қазан, сары бала қамы үшін от кешкен батыр бабаларымыздың аңсар мұраты болған тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында атқарған істеріміз бен толағай табыстарымыз расымен кеуде қағуға тұрарлық. Алар асуымыздың бәрі алда.

Төрт бөлімнен тұратын мақаланың қорытынды бөлімінде Президент патриотизм ұғымына аса мән береді. Жастардың бойына осы қасиетті ұғымды сіңдіріп, еліміздің туын биік ұстап тұру керектігін баса айтады. Бізден кейінгі буынның арқалар жүгі расымен ауыр. Осы отыз жылдықта іргесі берік қаланған мемлекетіміздің дербестігін сақтай отырып, елімізді жаңа жетістіктерге жеткізу, әлем алдында мойындату, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту, рухын шыңдау сынды міндеттер біздің басты бағытымыз болуы тиіс. Бұл – бабалар алдындағы қасиетті парыз. Президент мақаласымен шегелеп берілген міндеттер мен алға қойылған мақсаттардың бәрі ұрпағымыздың ұлағатты жолына оң әсер береді деп сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ филиалының төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.