Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үркімбаев оқулары ғылыми жобаларға жол ашады

0 279

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде академик, техника ғылымдарының докторы, профессор Марс Үркімбаевты еске алуға арналған дәстүрлі VI Үркімбаев оқулары өтті. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға еліміздің алыс-жақын шет мемлекеттердің ғалымдары қатысып, ғылыми жаңалықтарын ортаға салды.

Халықаралық конференцияның пленарлық мәжілісінен бұрын Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков және университет ректоры Талғат Ешенқұлов бастап, факультет декандары мен оқытушылар Марс Фазылұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң конференция қонақтары университет ғалымдарының жетістіктері мен Марс Үркімбаевтың естелік суреттері тізілген көрмені тамашалады.
– Ғылыми-практикалық конференцияның көрмесіне «Музыка және қолданбалы өнер», «Дизайн индустриясы» кафедрасындағы студенттердің, профессор оқытушылардың қолөнер бұйымдары қойылды. Ең маңыздысы, мұнда Марс Үркімбаевтың тарихи сәттерінен естелік суреттер мен ғылыми еңбектері жинадық. Бұл – университет және өңір тарихына қажетті құнды дүние, – деді «Музыка және қолданбалы өнер» кафедрасының аға оқытушысы Нұргүл Көшкінбаева.
Пленарлық мәжілісте Марс Үркімбаев туралы деректі фильм көрсетіліп, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков пен университет ректоры Талғат Ешенқұлов дәстүрлі Үркімбаев оқуларының мән-маңызына тоқталды.
– Марс Үркімбаев жоғары білім беруді қайта құрған танымал тұлғалардың бірі болды. 1987-1989 жылдары еліміздің үздік ректоры болып танылды. Ол ақылы оқу жүйесін енгізді. Бұл шалғай аудандағы жастарға инженер маманы атануға мүмкіндік берді. Атақты ғалымдардың жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Елдегі ең алғашқы гидромелиоративті құрылыс институты кредиттік оқу нысанын ұсынды. Дипломдық жобаларды қорғау алғаш рет осы институтта жүзеге асырылды. Академик Үркімбаев еңбек жолында өзіне жүктелген міндетті әрдайым жоғары деңгейде орындаған. Енді ғалымның бізге жеткен ғылыми және шығармашылық мұрасын жастар тереңірек білуі тиіс деп есептейміз. Конференция аясында энергия тапшылығы және оны шешу жолдары, климаттың өзгеруіне бейімделе отырып, су ресурс- тарын тиімді басқару және пайдалану мәселесі тақырыбында форум өтеді, – деді Талғат Ілиясұлы.
Бұдан соң Дулати университетінің профессоры, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Әбдіманап Әбдікерімұлы Марс Үркімбаевтың ғылыми еңбектеріне, еңбек жолындағы жетістіктеріне тоқталды. Артынша Португалияның Браганса политехникалық институтының профессорлары Санчес де Кастро Лопес Руи Педро пен Мескита Гомез Кристина Мария баяндама жасады.
«Zoom» платформасы арқылы қашықтан өткен конференцияда еліміздің және шетелдің ғалымдары ғылыми жаңалықтарымен бөлісті. Үш секцияға бөлінген ғалымдар ауыл шаруашылығы, туризм және спортты дамыту, құқықтану, экономика саласына кадрлар даярлау, сондай-ақ ғылым-білімді дамыту бағытындағы тың жобаларын ортаға салды.

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.