Қалалық қоғамдық-саяси газет

Байыпты бағдарламаның бағыты айқын

0 1  404

Кеше «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Фракция мүшесі Серік Жетібаев ашып, жүргізген басқосудың күн тәртібінде партияның 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысы мен қалалық мәслихат депутаттары Бақытхан Әлімханов пен Мұрат Бердалиевтің депутаттық міндеттерін атқаруы туралы есептері тыңдалды. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидатынан туындайтын міндеттер мен халық қалаулыларының рейтингісін қалыптастыру мәселелері қаралды.

Есепті мерзімде қалалық мәслихаттың инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссияның 9 отырысы өткізіліп, бірқатар мәселелерді қарастырылған. Олардың қатарында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою, тұрғындарды баспанамен қамту, инфрақұрылым, абаттандыру, көгалдандыру жүйелерінің жай-күйі, қаланы жарықтандыру, автомобиль жолдарының жағдайы, объектілерді жылу беру маусымына дайындау және жолаушылар тасымалдау қызметінің сапасы туралы мәселелер бар. Аталған жайттар бойынша тиісті сала басшыларына ұсыныстар беріліп, депутаттық сауалдар жолданған. Сонымен қатар Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасындағы 5 көрсеткіштің бүгінгі күні 4-і толығымен орындалған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша партия Тараз қалалық филиалы Саяси Кеңесі Бюросының мүшесі Қасымхан Төлендиев сөз алып, Елбасы ұсынған қағидаттар жинағының ел өміріндегі маңызына кеңінен тоқталды.
Бұдан кейін сөз тізгіндеген шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев байыпты бағдарламаның өңірде іске асырылуы барысын тілге тиек етті.
– Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен құнды шешімдерінің қабылдануы «Nur Otan» партиясының қатысуымен өткенін халқымыз жақсы біледі. Бірақ уақыт көші үнемі өзгерістерді талап ететіндіктен, «Nur Otan» партиясы да Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаңару жолына түсіп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы қабылданып, бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Жол картасы әзірленді. Тараз қаласында партияның 2025 жылға дейінгі Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына 107 іс-шара бойынша 112 көрсеткіш енгізілген. Ағымдағы жылы 86 іс-шара бойынша көрсеткіштерге қол жеткізу көзделген болса, он айдың қорытындысы бойынша 50 көрсеткіш (58,1%) орындалды. Қалған көрсеткіштер жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде, – деген Ержан Жұматұлы фракция жұмысына көңілі толатынын жеткізді.
Жиын соңында барлық ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.