Ринат Зайытов саясаткер атанбақ. Осы уақытқа дейін елім үшін босқа шырылдап келдім деген айтыскер сөзімді мінберден айтатын уақыт жетті, дейді. Зайытов бұл туралы ULYSMEDIA-ға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Зайытов жеке партиясын құруға ынталы еместігін жеткізді. Есесіне сайлауға түсу үшін барын салатынын мәлімдеді.
«Партия ашу – бір қиыншылық, оған сенімді адамдар табу – екінші қиыншылық. Қаржылай қамтамасыз ету, жұмыс жүйесін ретке келтіру тағы бар. Осының бәрін ретке келтірген соң, ең қиын жұмыс – тіркелу. Бізде 100 себеппен тіркемейді.
Мен міндетті түрде сайлауға барамын, түсуге тырысамын. Түсіре ма, жоқ па, тіркей ма, тіркемей ма, оны жоғарғы жақ шешеді. Менің шаруам жоқ. Бірақ әрекет жасау –менің міндетім. Өкінішке орай, қазір партия құру саяси жүрісті керісінше баяулатайын деп тұр. Өйткені сенің қасыңда 10 серігің болса, солардың біреуін қамай салса болды, еріксіз партияның бүкіл жұмысы соны алып шығуға бағытталып кетеді. Сол реттен қарағанда мажоритарлық режим өзіме тиімді.
Алдағы сайлауға түсу үшін бар әрекетімді жасаймын. Себебі ойларымның бәрін айтып, шұқып жеткізу үшін мінбер қажет. Ал жоғары жақтағы адамдардың ғаламтордан пікірі бар адамдарды іздеп отыруға уақыты жоқ сияқты. Кездесіп әңгімелессең, әңгімесі жаман емес. Енді солардың «Күлтөбесіне» барып көрейік», – деп түсіндірді айтыскер.