Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ресей-Украина соғысы: Келіссөздер тығырыққа тірелді

0 507

Ресей әскерінің Украина мемлекетіне басып кіргеніне төртінші күн. Осы аралықта екі тараптан да болған шығын аз емес. Алайда соғыстың бүгін-ертең тоқтайтыны байқалмайды. Еуропалық ұйымдар Ресейге санкциялар салғанымен, Владимир Путин «ядролық қаруды іске қосамын» деп жалпақ жұрттың жағасын ұстатуда.

Ал Ресейдің Орталық банкі Мәскеу биржасындағы сауда-саттықты ашпайтын болды. Ендігі жұмыс режимі 1 наурызда Мәскеу уақытымен 9:00-ге дейін белгілі болады.
Соғыс салдарынан Мәскеу биржасында еуро мен доллар бағамы рекордтық көрсеткішке жетті. Қазір АҚШ долларының бағамы – 109 рубль, ал еуро бағамы 121 рубльге теңеліп отыр. Лондон биржасындағы «Сбербанк» қағаздары 75,11 пайызға, яғни 1,011 долларға дейін түсті. Ал Kaspi-дің бір қағазы 52 АҚШ долларына дейін жоғалтты.
Украина Президенті Зеленский кеше халқына тағы үндеу жасады. Оның дерегінше, Украинадағы соғыс кезінде 4500 ресейлік әскери қызметші қаза тапқан. Атыс салдарынан 16 бала көз жұмып, тағы 45 адам жарақат алған.
Сонымен бірге Зеленский Украинаның Еуропалық Одаққа қосылу процедурасын шұғыл өткізуді сұрады. Ол Еуропа елдерінің басшыларына қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.
Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі алғаш рет Украинамен соғыстағы шығын туралы мәлімет берді. Бірақ нақты қанша адам қаза тапқанын айтпады.
Ахтырка мэрі болса, қаладағы дүкендерді тонағандарға оқиға орнында оқ атылатынын және тауар бағасын көтергендердің ісі тонау болып саналатынын айтты.
Украинада соғыс басталғалы бері 368 мың тұрғын үйін тастап, елінен кетуге мәжбүр болған. Бұл туралы БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғарғы комиссар Филиппо Гранди хабарлады. Украина тұрғындары Польшаға, Венгрияға, Румынияға және басқа да Еуропа елдеріне босып кетуде.
Дәл қазір әлемнің бірнеше елінде соғысқа қарсы акциялар өтіп жатыр. Амстердам алаңына мыңнан астам адам, Кельнде 5 мыңға жуық тұрғын жиналды. Сонымен бірге Мюнстерде, Бакуде, АҚШ-тың Техас штатында көптеген адам Украинаға қолдау акциясын өткізуде. Ресейдің өзінде 2 мыңнан астам адам соғысқа қарсы шықты. Алайда оларды полицейлер ұстап әкетті.
Еуроодақ Ресей авиакомпанияларына әуе кеңістігін жапты. Ал Халықаралық шахмат федерациясының кеңесі (FIDE) рейтингі жоғары қандай да бір халықаралық шахмат жарыстарында Ресей мен Беларусьтің жалауы ілінбеуге және олардың әнұраны шырқалмауы тиіс деген қаулы шығарды. Сонымен қатар G7 елдері бірқатар ресейлік банкті SWIFT-тен ажыратты.
Кейін Беларусь Президенті Лукашенко мен Зеленский телефон арқылы сөйлесіп, Ресей мен Украина делегаттары кездесетін жерді белгіледі. Келіссөз Украина мен Беларусь шекарасындағы Припять өзенінің ауданында өтетін болды. Беларусь Президенті келіссөздер кезінде ұшақтар, тікұшақтар мен зымырандар ұшпайтынын айтып сендірді. Ал Украина Президенті Ресей делегациясымен кездесуді Беларусь жерінде өткізуге қарсы екенін айтты. «Қазір жүріп жатқан соғыста бізбен бірге болсаңыздар да, бір жақта емессіздер. Беларусь аумағынан Ресей Федерациясының әскерилері Украинаға зымырандар ұшырып жатыр. Сіздер жақтан атылған зымыран балаларымызды өлтіріп, үйлерімізді қиратып жа- тыр», – деп атап өтті Зеленский. Украина Президентінің бұл сөзінен кейін келіссөздер тағы тығырыққа тірелді. Енді Ресей мен Украина делегацияларының келіссөзі қайда өтетіні алдағы уақытта белгілі болмақ.
Бір анығы, екі ел арасындағы бұл шиеленістің түйіні бүгін-ертең тарқамайтын секілді. Ал одан қара халық жапа шегуде. Сондықтан екі тарап мәмілеге келіп, оқ атылу тоқтатылса деп тілейміз.

Жұматай Көксубайұлы,
Тараз өңірлік университетінің «журналистика» мамандығының
4-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.