Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рауылбековтердің риясыз еңбегі

0 236

Тараздық Рауылбековтер отбасы бүгінде жігерсіз жанға жігер беріп, айналасына үміт сыйлап, көпке үлгі болып отыр. Олар былтырғы жылдың мамыр айында омыртқасы зақымданған мүгедектер үшін физикалық оңалту орталығын ашып, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін жандарға қолжетімді бағада қызмет ұсынып келеді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

2017 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында үш миллион теңге грантқа ие болған Рауан Рауылбеков аталған сомаға мүгедектерге арналған жаттығу құралдарын жасатқан. Жары Айгүл Рауылбекованың І топ мүгедегі болғанына қарамастан, олар қоларбаға таңылған жандардың емін-еркін қозғалуына, аяқтан тұрып кетуіне себепкер бола алсақ дейді. Былтырғы жылдан бері іске асырып келе жатқан жобасын жандандыруға бірнеше кедергілердің барын айтқан ол жергілікті билік пен кәсіпкер жандардың қолдауын күтеді.

– Қоғамға қандай да бір пайдамыз тисін деген ниетпен былтырдан бастап жүргізіп отырған жобамыз өз жемісін беріп жатыр. Біздің жаттығу құралдарымызды желіден көрген қазақстандықтар алыс-жақын өңірлерден жолдың қашықтығына қарамастан келіп жатыр. Ендігі мәселе – олардың жатын орны. Нысанның құрылысына аз қаражат кеткен жоқ. Әу бастан бұл жобаны жүзеге асырарда пайда табуды көздеген жоқпын. Бірақ қазір ақырындап өз-өзін ақтап жатыр. Кездескен кедергілерді еңсереміз деген ойдамын, – дейді Рауан Рауылбеков.

10-15 мүгедекке арналған орталыққа екі жаттықтырушы-дәрігер қарастырылған. 20 шақты жаттығу құрылғылары бар. Мүгедектерді оңалтуға арналған тренажерлерді Рауан өзінің жеке цехында жасап шығарған. Нысанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсаулығына байланысты жаттығулар жасауына, гигиеналық тазалықты сақтауына, олардың тамақтануына барлық жағдайлар жасалған. Оған облысымыздың аймақтарынан да, еліміздің басқа өңірлерінен де мүгедек жандар келіп, оңалту курстарынан өтуде. Себебі басқа өңірлерге қарағанда емдеу ақысы қолжетімді. Балаларын күнделікті жаттығуларға әкеліп жүрген аналар емделудің нәтижелерін айтып, алғыстарын білдіруде. Батыс Қазақстан облысы, Шымкент, Қызылорда қалаларынан келген азаматтар емделу курстарынан өту үшін қаланың шалғай жерлерінде бірнеше айға пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Олардың орталыққа қатынауы да қиындық тудырады. Осындай азаматтарға қолайлы болу үшін Рауан оңалту орталығының үстінен екінші қабаттың құрылысын жүргізіп, кәсібін одан әрі дамытсам деп отыр. «Бұл мақсаттарды іске асыруға көмек беретін демеушілер болса екен» деген тілегін жеткізген Айгүл Рауылбекова орталыққа әлі де бірнеше қымбат ресейлік тренажерлердің қажеттігін айтты.
Қоғам игілігі үшін жігері жасымай сауапты іс жасап жүрген Рауылбековтер отбасының өтініш-тілегін қала әкімдігіне қарасты кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары тыңдай келді.

– Сіз осыдан үш жыл бұрын бағдарлама арқылы алған несиеңізді қайта қаржыландырып, 5 миллионға дейінгі сомаға ие бола аласыз. Биыл бағдарлама талаптары өзгерді. Ол үшін біздің мекемеге келуіңіз керек. Мамандар бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп береді, – деді Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұржан Баймұратов.

Кездесу барысында мамандар мен өтініш иесі өзара байланыс нөмірлерімен алмасып, көптеген мүгедек жандардың оңалуына себепкер болып отырған Рауылбековтердің еңбегіне ризашылықтарын білдірді. Біз де өз тарапымыздан алдағы уақытта орталық жұмысын жандандыруға жәрдем береміз деуші жомарт жандарды құлағдар еткіміз келеді. Себебі әрбір қазақстандық өзін осы қоғамның толыққанды мүшесі сезінуге тиіс. Осыған мүмкіндік беріп отырған Рауылбековтер жанұясы шынайы қолдау мен елдің ақ батасына әбден лайық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.