Қалалық қоғамдық-саяси газет

#ADALDYQJOLYMEN челленджі басталды

0 233

Әлеуметтік желі қолданушылары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Волонтер жылы аясында ұлы ойшылдардың рухани-адамгершілік құндылықтарын насихаттау мақсатында #adaldyqJolymen челленджіне қатысуда.

Зере Қуаныш

Биыл наурыз айының басында челленджді Ақтөбе ауыл шаруашылық колледжінің студенті, волонтер Гүлжазира Асуова бастап, жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналған өзінің өлеңін оқыды.

– Мемлекет басшысы бұл жылды Волонтер жылы деп жариялады. Сонымен қатар биыл жас ұрпақты адалдық пен парасаттылыққа, еңбек пен білімге құштар болуға тәрбиелейтін ұлы қазақ және түркі ойшылдарының мұрасына да зор мән берілуде. Мен өз өлеңім арқылы барлық қазақстандықтарды әлеуметтік індет болып саналатын жемқорлыққа қарсы күресуге шақырамын, – деді Гүлжазира Асуова.

Ол эстафетаны «Ізгілік елшісі» жобасының еріктілері мен барлық қазақстандықтарға жолдады. Гүлжазираның бұл бастамасын көптеген желі қолданушылары белсенді қолдады. «Instagram» желісінде #adaldyqJolymen хештегі арқылы азаматтарды парасаттылыққа, адалдық пен әділдікке шақыратын ұлы ойшылардың шығармалары мен төл туындылары оқылған жүзге жуық бейнежазба жүктелді. Әр бейнежазба #adaldyqJolymen хештегімен белгіленеді. Бүгінгі күнге дейін челленджге Алматы облысы Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің волонтерлері, университеттер мен колледж студенттері, мектеп оқушылары, мәдениет саласының қызметкерлері және т.б. қатысты.
Жалпы эстафетаны Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары белсенді қолдады. «Facebook» және «Instagram» желілері бейнежазба жүктелетін басты алаңға айналды. Сондай-ақ эстафета Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповскихке, ҚР Президенті Әкімшілігінің инспекторы Максим Споткайға, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаевқа, «Қазақстан барысы» мен «Әлем барысының» екі дүркін чемпионы Айбек Нұғымаровқа жолданды.

Сонымен қатар еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті өзара әрекеттестіктің онлайн форматына ауысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты агенттік алаңында апта сайын өтетін БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифингтерін уақытша тоқтататыны туралы хабарлады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қатысты өзекті жаңалықтар ресми сайтта және әлеуметтік желілерде жарияланады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.