Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рамазан айының қадір-қасиеті

0 373

Аллаға сансыз шүкіршілік, қасиетті Рамазан айына да аман-сау жеттік. Айлардың сұлтаны болған Рамазан айына есендікпен жеткеннің өзі – үлкен нығмет. Жаратқан Ием баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет беріп, жәрдем етсін!

Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлық айды ерекше бағалап, оны ізгі амалдарға толы етіп өткізуді үмбетіне насихаттаған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге Ражаб пен Шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!», – деп тілек тілеген екен.
Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, ішінде мың айданда қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай.
Негізі, ораза ұстаудың денсаулыққа пайдалары өте көп. Құран Кәрімде Алла Тағала мүміндерге ораза тұту жайында былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге, бұрынғыларға парыз қылынғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар. Белгілі күндерде (ораза ұстау міндет). Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Әрі сондай ораза ұстау өздеріне ауыр келетіндер, (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, қиындық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар».
Оразаның парыз болған мерзімі белгілі күндер, яғни бір ай. Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі. Он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау – кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс. Ал егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған. Егер де ораза тұтуға қауқары жетпейтін кәрі немесе созылмалы дерті бар кісі болса, онда әрбір күнге бір міскінді тамақтандыруы тиіс. Ал денсаулығың жетіп ораза тұтсаң, ең қайырлысы – сол. Өйткені бұл ұлық айды басқа ешбір ай алмастыра алмайды. Себебі бұл айды Алла Тағаланың Өзі айрықша еткен. Бұл ай – адамдарды тура жолға бастайтын Қасиетті Құран аяттары түсіріле бастаған ай.
Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, төзімділіктің, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Сонымен қатар Рамазан Құран айы болып табылады. Адамзаттың асылы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде Жаратқанға оңаша ғибадат етіп жатқан түндердің бірінде Жебірейіл періште (ғ.с.) келіп, Құранның алғашқы аяттарын уахи етті. Сол түн мың айдан қадірлі Қадір түні еді. Сол себепті, Рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қоюымыз керек. Имам Табарани таратқан хадисте былай делінген: «Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында, Құранды жаттағандар ешқандай көлеңке болмайтын Қиямет күні Алланың Аршысының көлеңкесінде болады».
Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Даңқты да ұлы Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан». Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі – оразасын ашқанда, ал екіншісі – Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық».
Ораза ұстаған адам ашуын тудыратын қандайда бір келеңсіз жайттарға тап болса, «мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы мұсылман қоғамында осы Рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі. Өйткені Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді», – деп бұйырған.
Қазақтың атақты жырауы Асан қайғы бабамыз кешірім туралы бір жырында:
Ерегісіп, ұрыспа,
Сенікі жөн болса да,
Атың шықпас дұрысқа.
Атаңның құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа, – деп қандай керемет айтқан десеңші!
«Пенде ораза ұстауда сонымен қатар тозаққа қалқан қояды». Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы», – деген. Демек, ораза иманнан туындайды. Бұл ай – сабыр айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауызашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да еш нәрсе кемітілмейді».

Қанат ТІЛЕУКҰЛОВ,
«Шолпан-Дәуіт» мешітінің имамы,
Байзақ ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.