Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құралайды көзге атқан мерген

0 612

Қазақ халқының қаһарман перзенттері Ұлы Отан соғысының қан майданында ерліктің ғажайып үлгісін көрсетті. Иә, бұл деректерді оқығанда, менің жүрегімді қуаныш кернеп кетеді. Себебі мен Ыбырайымдай даңқты сұрмерген бабамның ерлігін тауыса алмай мақтанып келемін.

Ыбырайым Сүлейменов тұп-тура орда бұзар отыз жасында майданға аттанған екен. Ы.Сүлейменовтің өз қолымен толтырған жазбалары мен біз қараған барлық әскери құжаттарда туған жылы 1911 жылы деп көрсетілген.

Ыбырайым Қазақ хандығының туы тігілген киелі Отанымыздың кіндік жұрты ежелгі Тараз топырағында, Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келді. Ата дәстүрімен шежіре бойынша Ыбырайым – Әз-Тәуке ханның бас батырларының бірі, атақты Имантай батырдың және Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлармен қатар жауға найза сілтеген ер Байғозының тікелей ұрпағы. Батырдың отбасында жас күнінен әкеге тартып оқ жонып, Арқаның бөрі көзінде жылқы бағыпты. Сонда жүріп Базарбике деген жас аруға үйленеді. 1939 жылы Алмакүл есімді қызы дүниеге келеді. Ағасы Сүйіндіктің ықпалымен Жамбыл аудандық МТС-ына тракторшы болып орналасады. 1941 жылдың желтоқсанында Қызыл Армия қатарына шақырылады. 1942 жылдың тамыз айына дейін әскери дайындықтан өтеді. Алғашқы жаттығуларда-ақ құралайды көзге атқан мергендігімен ерекшеленген жас батырды тәлімгерлер айрықша қамқорлыққа алып, оны бақылаушы мергендікке даярлайды. Ыбырайым батыр Ұлы Отан соғысы тарихындағы үш үлкен әскери операция – «Марс» деп аталатын Ржев, Сычевск бағытындағы шабуылға, Великие Луки қаласын азат ету жорығына және Невель қаласын жаудан босатуға арналған шайқастарға қатысқан. Осының бәрінде ғажайып мергендігімен көзге түсіп, үш рет қатарынан әскери марапатқа ұсынылады.

Великие Луки, орыстың тамыры да, тарихы да тереңге кететін ежелгі қала үшін болған шайқастағы ғаламат ерлігі Ыбырайым батырдың есімін бүкіл Калинин майданына жайды. Кескілескен шайқастарда сұрмерген жеке-дара өзі жайпаған дұшпандардың санын 217-ге жеткізген. Соғыс тарихында бірде-бір снайпер мұндай қысқа мерзімде, небәрі екі жарым айда дәл осындай таң қаларлық нәтижеге қол жеткізген емес. Осы нәтижелі көрсеткіші майдан даласынан асып, туған Отаны Қазақстанға да жетті. Батыр ұрыс сайын шынығып, ширыға түсті. Ы.Сүлейменовтің мергендік тәжірибесіне арналған арнайы жауынгерлік парақшалар шығарылды. Солардың бірінде ол комбат Ушаковтың көз алдында өзінің нысанаға алғанда мүлт жібермес мергендігімен қоса, амал-айласы да мол сайыпқыран сарбаз ретінде суреттеледі.

Әскери бөлімді аралау кезінде Ушаковты жау снайпері атып түсіре жаздайды. Оқтың да, оны атқан адамның да тегін емес екенін бірден аңдаған Ыбырайым комбатты тасаға жатқызып қойып, жау позициясын аңдуға көшеді. Қыбыр еткен қимыл мен қылт еткен адамды қиыс жібермейтін мерген ақыры аңдыған дұшпанын жайратып, комбат алдында мерейі үстем болады. «Адамнан айла артылмайды» дейді қазақта. Ыбырайым бала күнінен ат құлағында ойнап, жылқы бағып өскендігінің пайдасын соғыста да көреді. Шабуыл алдында ұрыс даласын мұқият бақылау кезінде оның көзіне өз алдына бөлек, оқшау жайылған торы ат түседі. Ыбырайымның тәжірибесі өзге мергендерге үлгі-өнеге ретінде ұсынылады. 1943 жылы мергендер жарысы өткізіледі. Осы жарысқа Үшінші екпінді армия саяси бөлімінің бастығы, генерал-лейтенант Ф.Лисицын қатысады. Жеңісті Берлинде аяқтаған бұл қолбасшы «В те грозные годы» деген әскери мемуар жазған. Ол өз кітабында қазақтың қос батыры Ыбырайым мен Мәншүкті айрықша атайды. «Армияда қазақ халқының даңқты өкілдері Ыбырайым Сүлейменов пен Мәншүк Мәметованың есімдері жиі аталатын. Ерліктері аңызға айналған бұл батырлар кім еді? Сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовпен Невель операциясы басталуынан көп бұрын танысқан едім. Жайдары, жасөспірімдерге тән өмірге деген құштарлығымен ерекшеленетін, әскери табыстарының бәрі өзіне оп-оңай келгендей жайбарақат әңгімелеген болатын. Ол гитлершілдерді аяусыз қырды. Невель операциясында оның есебіне екі жүзден астам фашист басқыншыларының көзі жойылған болатын. Отан үшін болған шайқастарда атақты мерген 3 рет жараланды, жарақаты жазыла сала ол үнемі майдан шебіне ұмтылатын. Невель үшін болған айқастарда оның өлтірген жауының саны көбейе түсті. Қарулас достарымен мергендік тәжірибесімен бөлісіп, көптеген жас сарбаздарды дәл көздеп ату өнеріне баулыды», – деп жазады. (Лисицын Ф.Я. «В те грозные годы» М. 1978, 136-137 беттер). Армия саяси бөлімінің бастығы өте аңғарымпаз адам екен. Біріншіден, Ыбырайыммен қатар қазақтың аяулы қызы Мәншүк Мәметованың есімін ілтипатпен еске алып, оның ерлігіне де арнайы тоқталып өтеді. Екіншіден, Ыбырайымға келісті мінездеме береді. Үшіншіден, оның үш рет жараланса да, қайтпас қайсарлықпен қан майданға оралғанын жазады. Бұл батыр туралы естеліктерде кездеспейтін дерек. Әскербасы сұрмерген өлтірген немістер санының екі жүзден астам екенін және оны Невель үшін болған ұрыстарда одан да еселей түскені туралы құнды мағлұмат келтіреді. Осы сұрапыл жылдардағы майдан газеттерінде мергеннің фотосуреттері де көп жарияланған. Батыр қан майдан өтінде ерліктің ғаламат үлгілерін көрсетіп, ел аузында аты аңызға айналған тарихи тұлға болды.

Ыбырайым атамыздың ерлігін тамсана толғап, асқақтата мақтап, мектеп ұжымы мен оқушыларының арасында тебірене еске аламыз. «Ақ жол», «Егемен Қазақстан» газеттерінің бетіне көлемді басылыммен берілген Мұхтар Құл-Мұхаммед ағамыздың мақаласын оқып, талқылап, бір серпіліп қалдық.
Ер есімі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі күнде өскелең жас ұрпақтарымыз батыр атындағы мектепте білім алып, өз жетістіктерімен баба рухын жоғары ұстап келеді. Мұның өзі – үлкен жеңіс! «Атаға қарап ұл өсер» дегендей, жас ұрпақ аға буынға қарап сап түзеп келеді. Батыр бабамыз, асқан сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігін бағалап, ел тарихындағы елеулі орны «Халық қаһарманы» деген атаққа ие болуын ұжым болып қолдаймыз. Биылғы жылы атамыз 110 жасқа толып отыр. Осыған орай ерлігі бағаланып, еңбегі еселенсе нұр үстіне нұр болар еді. Ел тілегі еленсе, батыр бабамыздың аруағы бір аунап, рухы нұрлана түсері анық.

Р.Қ.АБЕНОВА,
Ы.Сүлейменов атындағы №37 орта мектептің мұғалімі.
Г.Б.АЙТЖАНОВА,
мектеп кітапханашысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.