Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Перзенттік парызым – халыққа қалтқысыз қызмет қылу»

0 538

Бүгінде ауылдан шыққан білікті де, білгір кадрлар аз емес. Олар туған өлкені өрістету жолында аянбай тер төгуде. Ал қарапайым отбасынан шығып, бір емес бірнеше ауылдық округтің тірлігін тіктеп, демеушілердің тілін тауып, елді мекендердің еңсесін көтерген азаматтардың бірі – Найман Сұлтанбаевтың орны ерек. Бүгінде Шу ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып отырған Найман Кенжеханұлының кейінгі жастарға үлгі етер тұстары көп. Еңбегі ел есінде, жұмысы жұрт жадында қалып келе жатқан Найман Сұлтанбаевпен жуырда тілдесудің сәті түскен еді.

– Найман Кенжеханұлы, әңгімеміздің әлқиссасын туып-өскен ортаңыз, балалық шағыңыздан бастасақ…

– Менің туған өлкем – ұлт тарихында орны ерекше құрметпен аталатын, қазақ хандығы керегесін керіп, шаңырағын көтерген Шу өңірі. Осы қасиетті мекенде 1976 жылы Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда өмірге келдім. Туып-өскен жерім – қазақы қаймағы бұзылмаған көрікті Көктөбе ауылы. Балалық, жастық шағымыз кеңестік кезеңде өтті. Бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің алтын таңына шомылып, 1993 жылы Алматы зооветеринариялық институтының мал дәрігерлік факультетіне түсіп, 1998 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін тәмамдадым. Көп жастар біле бермейді, тоқсаныншы жылдары халықтың жағдайы өте қиын болды. Десе де, ардақты әкеміз бен аяулы анамыз бізді ешкімнен кем қылмай өсірді, оқытты. «Туған жерге туыңды тік» демекші, мен де болашақта еліме қызмет етіп, бір кірпіші болып қаланамын деген сеніммен Алматыдағы оқуды аяқтап, Әулиеатаға аттандым. Тірі жан тірлігін қылады ғой, ауылға оралған соң жеке кәсіппен айналысып, аралықта Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының сырттай бөлімінен психология мамандығы бойынша жоғары білім алдым.
Әр баланың өз арманы болады. Бала кезімде біреулер «Өскенде кім боласың?» деп сұраса, еш ойланбастан «Әкім боламын» деп жауап беретін едім. Құдай тілегімді қабыл еткен шығар? Алғашқы еңбек жолымды Шу аудандық аумақтық мал дәрігерлік бақылау және қадағалау инспекциясының инспекторынан бастап, әр жылдары Жаңақоғам, Балуан Шолақ ауылдарында әкім болдым. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Дулат ауылдық округінің әкімі сынды лауазымды қызметтерді де абыроймен атқардым. Бүгінгі таңда Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековтың қолдауымен Шу ауданы әкімінің орынбасары қызметіне кірістім. Менің бір ғана ұстанымым – «Ер елі үшін ерінбей еңбек етуі керек».

– Қазақ халқында «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар. Әкімдік қызметте болғаныңызда ел есінде қаларлық қандай жұмыстар атқардыңыз?

– Сөз басында айтқанымдай, Шу аудандық аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясында мал дәрігері болып істеп жүрген кезімде өзімнің туып-өскен ауылым Жаңақоғам ауылдық округіне әкім болуға ынта білдірдім. Себебі, өзім өскен ауылдың мәселесін жақсы білемін.
Халқымзда «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген керемет сөз бар. Ақсақалдардың алғысын арқалаған азамат жаман болмайды. Алғаш жұмысқа кірісер сәтімде ауылдың абыз ақсақалы Темірбек Қалықовтан бата сұрай барып, Отан үшін от кешкен ардагердің жуыну бөлмесін демеушілер арқылы жасап беруді ойыма түйіп қайттым. Бұл жоспарым Сәбит Оспанов пен Ануар Омарбеков сынды жаны жомарт азаматтардың қолдау көрсетуімен жүзеге асты. Осылайша, ауылдастардың алғысын арқалап, демушілер арқылы талай жұмыс атқаруға болатынына көзім жетті.
Жалпы, өмірде сүйікті ісімен айналысқан адам ешқашан шаршамайды. Шын ниетпен, ізгі жүрекпен кіріскен істің берекесі мол екен. Алғаш қолға алған шаруамыз Көктөбе ауылының кіре берісіне арка орнату, барыс бейнесі бейнеленген мүсін қою еді. Демеушілер арқылы ол шаруаны да жүзеге асырдық. Сонымен қатар Шу өңіріндегі ауылдардың бірде-біреуінде жоқ округтің төлқұжатын кіре беріс тұсқа орнаттық. Қазір ауылда саябақ та бар. Бұл тірліктердің дені демеушілердің күшімен бітті.
Сол кезде қатарынан бірнеше жыл 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне «Тәуелсіз Қазақстан – достық мекені» атты Астана қаласына тур ұйымдастырдық. Елді мекендегі аз қамтылған отбасылардың балаларын, жетім-жесірлерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды, ардагерлерді, сонымен қатар өзге ұлт өкілерінің басын біріктіріп, Елордаға алып бардық. Тараз қаласындағы қарттар үйіне де кеш ұйымдастырып, ақсақалдардың басына бөрік, аналардың иықтарына ақ жаулық жауып, көңілдерін көтеріп қайттық. Сонымен бірге 9 мамыр – Жеңіс күніне орай жылда ат спорты түрлерінен турнир ұйымдастырып тұрамыз. Тартысты додаға Алатаудың арғы бетіндегі Қырғыз ағайындардан бастап, Алматы, Қарағанды облысының атбегілері де қызығушылық танытып, қатысып келеді.
Бұдан бөлек, ел тарихында айрықша орын алған «ЭКСПО- 2017» көрмесіне Жаңақоғам ауылынан жағдайы төмен өзге ұлт өкілдері мен 80-ге жуық ақсақалды апарып, Елорданы аралатып көрсеттік. Бұл игі іс те демеушілердің есебінен өтелді. Турасын айтқанда бюджеттің бір тиынын да жұмсамадық. Мұның барлығы елді мекендегі кәсіпкерлермен жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының арқасында жүзеге асты.

– Балуан Шолақ ауылында әкім болған кезіңізде де осындай ауқымды шаралар жалғасын тапқан болар?

– Иә, балуан бабамыздың атымен аталатын ауылға әкім болып барғанымда халық ең алдымен мешіт мәселесін көтерді. Ауылдастардың өтінішін арқалап Алматыға барып, осы ауылдан шыққан азаматтармен арнайы кездесіп, жерлестерінің тілегін жеткіздім. Бұл бастаманы қуана қолдаған Матышевтар әулетінің демеушілігімен 350 адамға арналған мешіт бой көтерді. Бүгінде бірнеше қабаттан тұратын мешітте ерлер мен әйелдерге арналған бөлек бөлме, асхана, жуыну, тіпті тынығу орындарына дейін қамтамасыз етілген.
Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің «5 мың кәсіпкер 5 мың ауылды көтерейік» деген ұранына үн қосқан кәсіпкерлердің көмегімен осындай шаруаларды атқардық. Айтпақшы, аталған мешіттің ашылуына аңыз адам Жақсылық Үшкемпіров арнайы қатысқан болатын. Сонымен бірге ғибадат үйінің ашылуына сол кездегі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы-бас мүфти Серікбай қажы Ораз да арнайы келді.
Сауапты шараға ақындар мен өнер жұлдыздары шақырылып, ауылдастарды рухани әсерге бөледі. Одан бөлек, ат шаптырылып, бас бәйгенің иесі темір тұлпар тақымдап қайтқан еді. Сондай-ақ қазақ күресінен түйе балуан бәсекесі ұйымдастырылды. Бұл шараларға қажетті қаржының барлығын ауыл тұрғындары бір үйдің баласындай жұмыла көтерді.
Сонымен қатар Балуан Шолақ ауылының тумасы, аталған ауылдағы мектепті бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер атынан Айтжан Ашимханов есімді азамат елді мекеннің кіре берісіне арка орнатып берді. Қазір ауылға ат басын бұрған жолаушыларды зәулім де қазақы нақышы келтірілген арка қарсы алып тұр. Ал жеке кәсіпкер, «Қалқа» шаруа қожалығының басшысы Сағадат Мадалиев өз қаржысына 5 гектар жерді алып жатқан қорымды қоршап берді.
«Қазыналы қария» деп бұрын абыз ақсақалдарды құрметтеп, ағайын араздасса, ақылы дария ата-апаларымыздың ақылына тоқтаған. Ел ішіндегі дау-жаңжалды солар шешіп отырған. Сол дәстүрді жалғастырып, ауылдан ақсақалдардың алқа биін сайлап, елді мекен ішіндегі жанжалдарды сыртқа шығармай, бітімгершілікпен шешуге ықпал еттім. Сондай-ақ қоғамдық қор құрып, ауыл ішіндегі мәселелерді шешуге мүмкіндік тудырдық.
Ал 2019-2020 жылдары «Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне кадрлық резерві арқылы келдім. Мен қандай шаруаны мойныма алсам да, ел игілі үшін жұмыс істеуді мақсат тұтамын. Осы қызметте жүргенде «Бақытты отбасы» жобасы аясында Балуан Шолақ ауылында көпбалалы бір отбасына баспана алып бердік. Бұдан бөлек, жоғарыда атын атап өткен ұлтжанды азамат Сағадат Мадалиев алты бала тәрбиелеп отырған отбасына үй кілтін табыстап, шаттыққа бөледі. Сонымен қатар Далақайнар ауылындағы бір жанұяға пәтер кілтін табыстап қуанттық. Партияда бір жарым жыл абыройлы жұмыс атқарып, кейін Дулат ауылына әкім болып ауыстым. Ол жерде «Асар» жобасы аясында 4 отбасын баспанамен қамтыдық. Бүгінгі таңда тағы бір жас отбасына асарлатып үй салынып жатыр. Құдай қаласа, жақында жанұяға кілтін тапсырамыз деген жоспар бар. Сонымен қатар Бөлтірік шешен ауылында 80 орындық мәдениет үйінің қазығы қағылып, жұмыс қызу жүріп жатыр. Жуық арада пайдалануға беріледі. Әкім болып жүргенде Дулат ауылына да арка орнаттық. Әрине, басында айтқандай мұның бәрі демеушілердің арқасында жүзеге асқан шаруалар. Осындай ілкімді істерімді көрген аудан әкімі сенім артып, аудандағы әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлық қызметті тапсырып отыр. Алда шырайлы Шу өңірінің өркендеуі үшін атқарылатын жұмыстар аз емес. Дана Абай «Пайда ойлама, ар ойла» деген ғой. Мен әкімдік қызметке пайда үшін келмедім. Қазақта «Ауызда атың, қағазда хатың қалсын» дейді ғой. Мен өз артымнан із қалдырғым келді. «Бәлен әкім болған кезде жасалған дүние» деп ел ертең айтып жүрсе, содан асқан маған бақыт пен пайда жоқ. Менің перзенттік парызым – халқыма қалтқысыз қызмет қылу.

– Ел басқарудың қиындығы қандай? Ертең ел тізгінін ұстайтын жастарға қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Ұлтының ертеңі үшін атқа қонған жастар халқымыздың «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөзін өзіне бойтұмар етуі керек. Халықпен етене жақын болып, отқа да, суға да бірге түсуге дайын болған дұрыс. Біздің халық – кешірімді, кең, тарыдай еңбегіңді таудай көретін дана халық. Жалпы, жоғарыдағы әңгімеміз «әкімдік» туралы болғандықтан, ойыма бабалардан қалған мына аңыз-әңгіме оралып тұр.
Бірде Қазыбек би жасы жеткен Әнет бабаның жағдайын сұрай келіп, қариядан бір насихат айтуын өтінген екен. Сонда Әнет баба: «Қазыбек қарағым, сен де елдің көріпкел биі болдың, өзің шешіп аларсың, «Әкім» деген сөзді жадыңда сақтарсың», – деген екен.
Жолға шыққасын Қазыбек би бірге жүрген нөкерлерінен Әнет баба айтқан «Әкім» сөзі нені білдіреді дегенде, айналасы тым-тырыс қалыпты. Содан бидің өзі былай деп таң қалдырған екен:
«Ә» – дегені – әділ бол.
«К» – дегені – күншіл болма, көпшіл бол.
«І» – дегені – ілтипатты бол.
«М» – дегені – менмен болма, мейірбан бол».
Әнет бабаның осы даналық өсиеті сан ғасырлар өтсе де ел аузында сақталып, халыққа ғана емес, қазіргі ел басқарып отырған әкім-қаралар мен оның маңайындағыларға азбас ақыл. Төле би демекші, даңқты тұлғаның туғанына 350 жыл толуына орай Шу өңірінде деректі фильм түсірілді. Сол түсірілімде мен Мамай бидің рөлін сомдап шыққан едім. Әрине, жігітке жеті өнерде аз.

– Жеті өнер демекші, сіз жігіттің жеті қазынасы болған жүйрік ат баптауға әуес деп естідік.

– Иә, қазақта «Ат – ер қанаты» деген қанатты сөз бар. Біздің бабаларымыз осынау Атырау мен Алтайдың арасын ат үстінде жүріп қорғағаны әмбеге аян. Тарих парақтарын ақтарып отырсақ, Алпамыстың – Байшұбары, Қобыландының – Тайбурылы, Ақан серінің – Құлагері қатарлы қылқұйрықтар ерге серік, елге мақтан болған. Сондықтан да жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақ екенін әлем мойындап отыр.
Кешегі Құлагердің ізін басқан тұлпарлар Жамбыл жерінде де жетерлік. Өткен жылы Атырау облысында өткен «Қазақстанның қолтума Алтын құнаны – 2022» атты аламанда жерлесіміз Айдар Нұрмағамбетовтің «Сакура» атты сәйгүлігі топ жарып, әулиеаталықтардың абыройын асқақтатып тастады. Осындай жүйріктер – өңіріміздің мақтанышы.
Біз үйірлі жылқы ұстаған отбасының баласымыз. Сондықтан да бала кезден жылқы жалында, ат құлағында ойнап өстім. Қандай қызметте жүрсем де қолым қалт еткенде жылқыға мініп, шаршағанымды басамын. Талай жүйрік жылқы ұстадым. Біраз жыл бұрын Құланда өткен тұлпарлар додасында «Тәуекел» деген атым топ жарып, темір тұлпар тақымдап қайтқан болатынмын. Өткен жылы Жезқазғаннан абыроймен оралдық. Түйе, жылқы жетелеп қайтқан кездерімде көп. Асылтұқымды жылқы кінәмшіл адам сияқты, қабағына қарамасаң, қиын. Менің жолымды бүгінде балаларым жалғастырып келеді.
Жүйрік баптау – адамның әр күнін үзбей дене жаттығуларын жасаған сияқты дүние. Кәдімгі спортшылар өзін дайындайды ғой, жүйрікті де солай дайындайсыз. Жем-шөбін орынсыз беру, қадағалап қарамау жүйрікті жүрісінен жаңылдыруы мүмкін. Яғни, жүйрікті баптап, жаратудағы мақсат – оны ең алдымен шабатын күйге жеткізу керек. Жүйрік баптауға ден қойған адам әуелі, баптауға ұстаған жылқысының жай-жапсарын жақсы білуі керек. Жүйріктің табиғатына, бітіміне, сипатына байланысты оны жарату, баптау әдістері де әр алуан болады. Өйткені, қазақы жылқының ішінде әртүрлі жаратуды сүйетіні бар. Бәрін бір тәсілмен баптау – қате. Өйткені, әрбір ат бір-бір әлем. Оның табиғи мінезі, баптау ерекшелігі бір-біріне ұқсамайды. Сол сияқты, әрбір атбегінің ат баптау әдіс-тәсілі әр басқа. Жалпы көкпар тарту, балуандар күресі – мұның бәрі спорттың төресі. Бүгінде қазақтың қазақы болмысы жоғалып бара жатқаны жанға батады. Қазір атқа шабатын ұрпақ қалмай барады. Ұлттық ойындарымызды жаңғыртып жатқан жандар жоқтың қасы. Бие байлап, қымыз ішіп, ұлттық тәрбиемен ұрпағын сусындатып отырған ауылдар да аз. Адам ұрпағымен мың жасайды. Қазақы дәстүрді бойына сіңіріп өскен ұрпақ қана ұлтына пана болатынын ұмытпаған жөн деп білемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.