Қалалық қоғамдық-саяси газет

Пайдасы зор, қаупі де көп

0 353

Энергия үнемдейтін шамдарды кәдеге жарату – Тараз қаласында шешімін таппай тұрған өзекті мәселенің бірі.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Заң қабылданды, бірақ…

Энерготапшылық бізде ғана емес, әлемде туындағалы біраз болды. Жердің асты-үстіндегі қазба байлықтардың бір күні сарқылатындығы ақиқат. Осыны түсінген Еуропа балама қуат көздерін іздеуге көшті. Желден, күннен, судан электр өндіруді бастады. Жапондар үйлерінің төбесі мен қабырғасына күн батареяларын орнатып жатса, француздар Альпінің етегінен Сенаның сағасына дейінгі аралықты жел диірменге толтырды. Осы ретте ұланғайыр жері бар, Арыстанды-Қарабастыдай, Сарырқаның самалындай азынаған желі бар, өзен-көл мен күннің көзінен тапшылық көрмейтін Қазақстанның да қарманып қалар сәті туды. Мамандардың ойынша, біз энергияны үнемдеуді үйрену арқылы ғана тығырықтан шығамыз. 2013 жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңның қабылдануы да сондықтан. Бұл құжат әлгі электр станцияларын салу, балама энергия көздерін табудан бөлек, Ильич шамдарынан кезең-кезең бойынша құтылуды да міндеттеген еді.

Бұл тапсырманың орындалуы барысы да көз ілеспес жылдамдықпен жүрді. Заңға сәйкес, 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап 100 ваттық шамдарға тыйым салынды. Ал 2013 жылдың қаңтардың бірінен бастап 75 ваттық лампыларды қолдануға болмайды. 2014 жылы 25 ваттық шамдарды өндіру, саудалау заңсыз болды. Олардың орнын энергоүнемдеуші лампылар басты. Міне, заңның қабылданып, іске асқанына 6 жыл өтсе де, өңірде «биші шамдарды» қабылдап, өңдейтін орындар жоқтың қасы. Ал Тараз қаласынан мұндай мекеме тіпті табылмады.

Бұл тапсырманың орындалуы барысы да көз ілеспес жылдамдықпен жүрді. Заңға сәйкес, 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап 100 ваттық шамдарға тыйым салынды. Ал 2013 жылдың қаңтардың бірінен бастап 75 ваттық лампыларды қолдануға болмайды. 2014 жылы 25 ваттық шамдарды өндіру, саудалау заңсыз болды. Олардың орнын энергоүнемдеуші лампылар басты. Міне, заңның қабылданып, іске асқанына 6 жыл өтсе де, өңірде «биші шамдарды» қабылдап, өңдейтін орындар жоқтың қасы. Ал Тараз қаласынан мұндай мекеме тіпті табылмады.

Салғырттығымыз ба, құнтсыздығымыз ба? Денсаулығымызға зиянды шамдардың көзін жоюды ойластырмас бұрын, оларды тұтынуды заңдастырып алдық. Күні ертең қауіпті химиялық заттан зиян шегіп, бар байлығымыз – денсаулығымыздан айырылып жатсақ, кімге кінә артпақпыз?! Әйтеуір, энергия көзіне тоймайтын қомағай деп атап жүрген Ильич шамымен жылап көріспесек болғаны.

Энергия үнемдейтін шамдардың түрі

Галогенді шамдар – энергия көзін 30-50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бағасы – 150-180 теңге аралығында. Жарамдылық мерзімі – 3000 сағат (үздіксіз 125 күн). Жарық диодты шамдар – энергия көзін 80-90 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Түрлеріне қарай бағасы – 200-400 теңге көлемінде. Жарамдылық мерзімі – 50000 сағат (2083 күн, үздіксіз 5,5 жыл). Люминесцентті шамдар энергия көзін 80 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бағасы – 380-450 теңге. Жарамдылық мерзімі – 20000 сағат (833 күн немесе үздіксіз 2 жыл). Люминесцентті энергия үнемдейтін шамдардың әдеттегі қолданылып жүрген шамдарға қарағанда үлкен айырмашылықтары бар.

Галогенді

Люминесцентті

Люминесцентті
Жарық диодты

Біріншіден, тоқ көзін 5 есе үнемді жұмсайды, екіншіден, жұмыс істеу уақыты 20 есе ұзақ. Бірақ бұл энергия үнемдеуші лампылардың бір үлкен кемшілігі – шыны іші сынап буымен толтырылған. Әрине, ол шамдарды қолданғанда ағзаға әкелер ешқандай зияны жоқ, бірақ ол сынатын болса немесе істен шығып, қоқыс жәшігіне лақтырылса, онда шынысы сынып, сынап буы ауаға тарайды. Сынап буы қауіпті улы заттардың жіктелуінде «А» тобына жатады, яғни өте улы зат. Сынап буы иіссіз зат, концентрациясы небәрі 0,25 мг/м3 сынап буы бар ауамен тыныс алған кезде сынап буы өкпеде қалып қойып, сонда жиналады. Ал егер сынап буының концентрациясы одан да көп болса, теріден тікелей сіңіп, жалпы қан айналымына енеді. Сонымен қатар бауыр, бүйрек, ішек құрылыстары мен жүйке жүйелерін зақымдайды. Сынаптың ауадағы ең жоғарғы мүмкін концентрациясы 0,0003мг/м3 болса, ал энергия үнемдеуші шамдардағы сынап мөлшері 1-70 мг дейін болады.

Мамандар мәселеге неге салғырт?

Жарық үнемдейтін шамдар 8 жыл «қызмет етеді» дейді. Дегенмен жарамсыз болып қалған, қолданылған жарық үнемдегіш лампыларды қоқысқа тастаған өте зиян. Жарық үнемдейтін лампының құрамында 3-5 мг аралығында сынап болады. Бұл – аса қауіпті химиялық зат. Оның буы улы және бұл уланудың ауыр түріне алып келеді. Сынаптың түсі мен иісі болмағанымен, топырақ пен суға түскен жағдайда қоршаған ортаға зор залал келтіреді. Аталмыш лампылардың тез сынатынын ескерсек, олардың адам мен қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіріп отырғанын шамалауға болады. Қолданыстан шыққан шамдарды арнайы орындарға өткізу әзірше мүмкін емес. Шамдарды пайдаға асыратын ұйымдар тек қана заңды тұлғалармен келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Қолданылған лампыларды залалсыздандыру мәселесіне ешкім аса алаңдамайды. Есесіне шам орамында жарамсыз шамдармен не істеу керектігі жазылмаған, көрсетілмеген. Тұрғындарға пайдаланылған лампыларды тиісті орындарға өткізуді насихаттайтын түсіндіру жұмыстары да жүргізілмей отыр. Қала бойынша «биші шамдарды» тастайтын арнайы контейнерлер жоқ деуден аулақпыз. Қоқыс жәшіктерінің маңында пайда болған сарғылт түсті контейнер осындай шамдарды жинайды. Тұрғындар да қоқысты сорттап тастайтын мәдениетке үйренді. Бірақ қала бойынша мұндай контейнерлер өте аз. Тұрғындар жарамсыз шамдарды қашанғы үйіне жинайды? Бір күн болмаса, соңында ол жарамсыз лампылар қатты тұрмыстық қалдықтармен қоқысқа кететіндігі айтпаса да белгілі.

Жалпы мән-жайды білу мақсатында қала әкімдігінің тұрғын жай- коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына хабарласқан едік. Қалалық газет болсақ та, бұл мекемеден қаланың коммуналдық сұрақтары бойынша жауап алу кейде тіпті мүмкін болмайды. Өйткені мұнда барлық ақпарат «өте баяу қозғалады». Мәлімет алу үшін мекеме басшысы Сәкен Жұманқұлға хабарласып, сөзімізді тағы бір дәлелдегендей болдық. Бөлім басшысы: «Мен бұл қызметке жақында келдім. Әлі жұмыстың барысын білмеймін. Бұл сұрақ бойынша мамандар жауап береді» – деді. Маманның нөмірін алып хабарласқанымызда, ол да шамдарды сұрыптап, кәдеге жарататын орындар туралы мәліметтен хабары жоқтығын айтып, бізді облыстық экология басқармасына қайырылуымызды өтінді. Біріне-бірі сілтеген басшы мен мамандардан әрең дегенде қала бойынша жарамсыз лампыларды тастауға арналған 30 контейнердің барын білдік. Бұл контейнерлердің қалаға тым аз екенін айтып, қашан көбейту жоспарда деген сауалға «жауапты маман еңбек демалысында» деген жауап алдық. Ал қаладағы ірі мекемелердің бірі «Энерджи-Тараз» ЖШС бұрын энергия үнемдейтін шамдарды шығарғанымен, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарын тоқтатыпты. Сонымен облыстық экология басқармасынан толық мәліметке қол жеткізгендей болдық. Мамандардың айтуынша, қала бойынша жиналған жарамсыз шамдарды Байзақ ауданындағы «Алди және К» ЖШС жинайды екен. Бұл мекеменің түрлі қалдықтарды кәдеге жарату бойынша ұзақ жылдық тәжірибесі бар. Құрамында сынап бар шамдарды да қайта өңдеуге арналған құрал-жабдықтармен қамтылған мекеме зиянды қалдықтарды кәдеге жаратуда екен.

Сонымен қатар енді барлық кәсіпорындар мен заңды тұлғалар пайдаланған қауіпті шамдар бойынша жылына бір рет есеп беріп, оларды тапсыру үшін арнайы мекемелермен келісімшартқа отырулары міндеттеледі. Ал қарапайым халық қолданылған шамдарды арнайы контейнерлерге тастаулары керек.

Жоғарыда айтылған «Алди және К» ЖШС-іне хабарласып білгеніміз, сынабы бар шамдарды қайта өңдеу жұмыстары жүйелі. Сондай-ақ қауіпсіз қалдықтар арнайы экодромда жиналатын көрінеді. Бұл мекемеден өзге де серіктестіктер кәсіпорындар мен заңды тұлғалармен келісімшартқа тұруға мүмкіндігі бар болғанымен, қалдықтар Алматыға жеткізіледі екен. Тек мұнда тасымал құнының жоғары болуы көп мәселенің түйінін тарқатпай отыр. Бұл орайда тұрғындар жарамсыз шамдарды кәдеге жарату үшін қалталарынан ақы төлемейтіндігі белгілі.

Түйін: 400 мың халқы бар Тараз қаласына жарамсыз шамдарды тастайтын 30 контейнер теңізге құйылған тамшыдай-ақ. Бірақ бұл мәселеге басы ауырып, балтыры сыздап отырған кім бар дейсің?! Жауапты мекемелердің жауабы жоқ. Күні ертең экологиялық апатты жоюға күш жұмсағаннан гөрі, бүгіннен бастап шамдарды кәдеге жарату оңайырақ. Өйткені он грамм сынаптың мөлшері жарты гектар жерді «өлі» етуге жеткілікті. Ал бұл – ойланатын мәселе.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.