Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оюды ойыңа келген жерге салма!

0 709

«Алма ағаштың бүріндей-ай, текеметтің гүліндей-ай» деп өмірді әнмен бейнелеген қазақтың салт-санасында оюдың орны бөлек. Өнертанушылар ою-өрнектің 200-ден астам түрін зерттеген екен. Алайда осы бір құндылығымыздың жұмбақ сырын әлі күнге дейін ешкім ашқан жоқ. Әрі ою-өрнекке тиесілі көп дүние біздің қолданысымызда жоқ болғандықтан, оған деген көзқарасымыз да қарабайырланып кеткені анық еді. Алайда жақында әлеуметтік желілерден қазақтың ұлттық оюларының құпиясын ашқан бір кәсіпкер туралы ести сала алып ұшып, ол қандай құпия екенін көзбен көруге асықтық.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Қырғыздар тіккен бас киімді сіз де киіп пе едіңіз?

Осы бір қарапайым кәсіп иесінің сөзі де, ісі де адамды өзіне тартпай қоймайды. Қолынан өнер тамған Гүлнар Абдуллаева ұлттық құндылықтарымыздың құпиясын ашты. Оюдың тілін білген тігін маманы өзінің алғаш рет ою туралы ойының өзгергенін былай есіне алды.

– Мен әу баста оюларға мүлдем назар аудармадым. Кейін жеке шаруаларыммен Қытайдың Үрімжі қаласына жолым түскен. Бір күні сол жердегі бізге аудармашы болып қызмет көрсетіп жүрген 35 жастағы қазақтың қызы ұзатылатын болып бізді тойына шақырды. Ол қыздың Мори деген ауылда өткен тойына барып қатыстым. Олар баяғы қазақтардай жайлауда киіз үй құрып қойып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайды екен. Сонымен не керек, ана қыздың ұзатылуы өте қызықты болды. Ол өзінің кестесін тігіп, жасауын да өзі жасаған екен. Ұзатылғанда сол жасау-жабдығымен қосып үкілеп атқа мінгізіп, теңдерін түйеге артып, барған үйіне жеткізіп салады. Міне, бұл көрініс мен үшін өте әсерлі болды. Қаймағы бұзылмаған қаракөз қандастардың тойына куә болып, менің бойымда да өз қолөнерімізге деген құрмет, ынта, қызығушылық арта түсті.

Мен Мориға осы жақта тойбастарда беретін Қырғызстанның қалың ақ матадан тігілген бас киімін ала барғанмын. Оның маңдай тұсында бір қошқармүйіз болып келетін ою бар еді. Мен оны оған дейін қазақи деп есептеп келгенмін. Сонымен не керек, әлгі тойда сол бас киімді шығарып тұр едім, бір үлкен кісі: «Шырағым, мына бас киімді қайдан алдыңыз, кім берді?» – деді. Мен: «Бұл бізде тойбастарға таратылады», – дедім. «Сонда тойбастарда жалғыз саған ғана берді ме? Әлде барлығына берді ме?» – деп сұрады. Мен: «Тойға келген қауымның барлығы алды. Тіпті жетпей қалса, таласып алатындар да болды», – деп күліп едім, әлгі кісі: «Бұл бас киімге салынған ою – түсіне білсең, аяқ киімге қолданылатын ою. Қазақ жауына ғана осы бас киімді сыйлайтын болған. Оның мағынасы – «сенің басың менің аяғымның астында» дегені. Демек, табалағысы, дәрежесін төмендеткісі келген адамға ғана береді. Ал сендер бұл бас киімді қалай ғана қуанып алдыңдар?» – деп ұрысты. Сонда барып мен әр киімнің оюы әр басқа екенін түсіндім. Әрі Қырғызстанның шеберлері базарға салу үшін ойына келген оюды сала салғанын білдім.

Тағы бір байқағаным, бізде көбінде тойда немесе Наурыз мерекесінде әйелдер бірыңғай оюмен тігілген қамзолдарды киіп жүреді. Ал олар әртүрлі оюлы киімдерді киіп алған. Ол не үшін десем, оның мағынасы зор екен. Олай болатын себебі – қазақ жеті атаға толмай қыз алыспайды, ру сұрасады ғой. Ал жаңа келген жас келін тойда кімнің өз руы екенін, кімге сәлем беру керек екенін адамдардан сұрап жүрмейді екен. Ол киген киімінің оюына қарап, кімнің қай рудан екенін біліп тұрған. Мысалы, қазақи киімде иықтан белге дейін өз руының оюы түседі. Сосын қапсырмасынан етегіне дейін қай руға тұрмысқа шықса, сол рудың оюын салады екен. Демек, келін болып түскен қыз өз руы Ұлы жүз болса, ол қалың адамның ішінде Ұлы жүздің оюымен отырған үлкендерге барып маңдайын сүйгізеді екен. Өйткені ол өз ауылының адамы, әкесі болып есептеледі. Ал өзі түскен ауылдың үлкендерін де оюынан танып, оларға иіліп сәлем салады. Ал тойға келушілер де келіннен «Қай елдің қызысың? Кімсің? Кім болдың?» деп сұрап жүрмейді. Сонымен қатар өз руының оюларын да қалаймақан салдыра бермейді. Өйткені әр оюдың өзіндік мағынасы бар. Мысалы, ол немере сүйген болса, артқы жақ етегіне ою түседі. Ал шөбере, шөпшек көрген болса, арқасына, яғни жауырынына үлкен ою түседі екен. Міне, оюдың сыры қайда жатыр. Қазіргі таңда бізде артына да, алдына да парықсыз ою салдырып, үйленбеген адамның өзі «шөбересі бар» деген мағынаны білдіретін оюлы киімді киіп жүр. Мысалы, сол мен барған Моридағы тойда елдің бәрі бір-біріне қалжыңдап, дыр-думан болып отырғанмен, арасында бір апа бөлектеніп отырды. Оған қасындағылар да артық ауыз әңгіме айтпады. Қамзолына қарасам, сыңар мүйіз ою салыпты. Сөйтсем, ол кісінің жұбайы ерте қайтыс болған екен. Сондықтан сыңар мүйіз оюлы киіммен отырыпты. Оны көрген сол тойдағы үлкен-кіші, құрбы-құрдас қалаймақан түрткі сөздерді немесе артық ауыз әңгіме айтпайды екен. Сонда ғана ою-өрнектердің қасиеті мен беретін мағынасын бір-ақ түсіндім, – дейді ою-өрнек шебері Гүлнар Абдуллаева.

Оюлар сөйлейді

Ал енді оюлардың мән-мағынасына назар аударып, олардың не мағына беретінін біле жүрейік.

Екі жақтағы қошқармүйіз – ол әке мен шеше, ортасындағы тал-тал болып түзу кеткен ою – ол «қыз бала өсті» деген мағынаны білдіреді.

Үйің, үйің үй екен…

Қазақ көшкенде киіз үйдің сыртындағы оюды қошқармүйіздің артын қайырып салады, ол – жолаушымыз, табан тірегеніміз жоқ дегеннің белгісі. Оны біз заманға сай киімге немесе Наурызда теміржолшылардың киіз үйін тіккенде сол үлгіде әшекейлеп жүрміз. Ал белдемшесіндегі ою төртбұрыш болса, «төрт құбыласы түгел болсын» дегені.

Егер де қошқармүйіз қолтықшаланып келіп, сол қолтықшадан тағы қошқармүйіз шығып оның үстінде мінгесіп, оюын ішке иіп, жан-жағын тұйықтаған тағы бір қошқармүйіз тұрса, оның мағынасы «орнықтық, мекендедік, табан тіредік» дегенді білдіреді. Яғни «өз үйімде отырмын» деген сөз.

Ал көрпеге салған ою Ботакөз ою деп аталады. Кей жерде бауырсақ деп те аталады. Өйткені бұл ою ортасы төртбұрыш болады, жан-жағынан сол төртбұрышқа тырнақша оюлар келіп қосылып, бір жерге тоғысады. Оның мағынасы – «тырнақтап жиған наным» немесе «дүниең өзіңе бұйырсын», «бір жерге жиналсын», «тапқан табысың шаңыраққа кірсін» дегені.

Ал мынау қоржын, бір жағында «күйеу жүз жылдық» деп жазылып тұр, бір жағында құс қанат ою салынған. Бұл – «қызыңды ұшырып алып кетемін, құстай еркін өсіремін» дегені. Бұл қоржынды қазақ ат қоржын деген. Яғни қызды алып кеткелі келген күйеу бала енесіне табыстайды. Онысы, бір жағы, «қызыңды сеніп маған табыста» деген уәдесі. Ал бұл қоржынды енесі қабылдап алып, қызы ұл тапқанша сақтайды да, кейін қызы ұл тапқасын ішіне жөн-жоралғысын салып, осы қоржынмен қызының үйіне келетін болған.
Қазақтың оюына тіл бітірген шебер:
– Тойларда мейрамханаларға соншама миллиондап ақша төккенше, дәстүрімізді жаңғыртып, киіз үйлерімізді тігіп, кең, мол дастарқанмен құдаңды хан күткендей күтіп алсаң, несі айып? Той демекші, қазақтың тойы көп қой. Соның бірі – тұсаукесер той. Бірақ біз сол тұсаукесер дәстүрінің өзінде көп жағынан қателесіп жүрміз. Мысалы, көпшілік базардан үкі қадап қойған жіпті алып келіп баланың аяғына байлайды. Ол қате, жосынға сыймайды. Үкіні қыз қолына немесе басына қадаған, оны аяққа түсірмеген. Ал баланың аяғына қазақ ала жіптің екі жағынан түйін тастап, шылдырмақ таққан, яғни бала анау «шылдырлаған сайын жүгіргісі келсін» дегені. Сосын оны қиғанда, екі жаққа өрген жіп шашырап түсетін болған. Ол «сондай шашақтай жан-жақты болып, жолы ашылсын, балам сондай ұрпақты болсын» дегені. Ал түйін тастағаны – «түйнектелсін, жеміс ағашы құсап түйін тастасын» дегені. Тұсаукесер жібі кескен кезде сол жерде қалып кетпеу керек. Ол баланың аяғында тұруы тиіс. Ал оның аяғындағы шашақты жіпті балалы бола алмай жүрген әйел немесе баласы жүре алмайтын әйелдер әдейі ырымдап, жол-жосынын беріп, шешіп алатын болған. Біз, міне, осындай асыл дәстүрімізді қайтадан қалпына келтірсек нұр үстіне нұр болар еді, – дейді кәсіпкер Гүлнар Абдуллаева.

Оюынан қай мезгілде туғанын біл

– Кезінде әжелер балаларына төсеніш көрпе, алаша, яғни кілемше тоқып беріп, оған ою салғанда, күзде дүниеге келген баланікіне сары түйнектелген, бес жапырақ сияқты оюларды салған екен. Көктемде туған балаларға шыбық сияқты жіңішке нәзік оюлар салса, ал қыс айында туған балалардың кілемшесінің оюы қарға табан болған. Яғни қыста туғанын сол қарға түскен із ретінде бейнелеген екен. Ал енді маған келіп қызығушылық танытып, үйренемін деушілер болса, мен оларға тегін үйретуге дайынмын, – деген кәсіпкер қоғамдағы кей мәселелерге де бейжай қарауға болмайтынын айтты. «Мысалы, кей шеберлер ата-бабадан жалғасып келе жатқан оюды «менің шығарған оюым» деп сертификат алып, «патенттеп алдым» деп мақтанып жатады. Сонда ол қалай біздің заманымыздан үш мың жыл бұрын пайда болған делінетін оюға сертификат алып, өзіне жеке иемдене алады?» – деп кейіді.

Біздің бренд оюлар

– Ал енді қазақтың оюын әлемге қалай танытамыз дегенге келсек, мына тұрған балдақ ою бұл баспалдақ сияқты, италиялықтар оны «Версачи» деп марка қылып алған. Оның қазақи мағынасы «бір-біріне жалғасқан шексіз өмір» дегенді білдіреді. Біз де осындай өз оюларымызды брендке айналдыруымызға әбден болар еді. Амал не, мән бермейміз, – деп тағы бірқатар ою түрлеріне назарымызды аударды.
Соның ішінде егемендіктің егесі екеніміздің айғағы болған көк туымыздың жиегіндегі оюдың мағынасына үңілсек.

Қолтықшадан қошқармүйіз шығып тұрғаны «бір шаңырақ астында өсіп-өніп, қолтықтанып шығып, егемендік алдық» деген мағынаны білдіреді. Мінеки, ою-өрнектің құпиясының ішінде тұтас қазақтың болмысы жатқанын осы кәсіпкер, болмаса біз тағы қанша жыл кешігіп білер едік деген ойға қалдық.
Ендеше, ұлттық болмысты әр азамат өзінен бастап қалыптастыру керек. Әрі ұлттық болмыс тек қана қазақша сөйлеу емес екенін, қайта салт-дәстүрлерді ұстана білуіміз керектігін басты назарда ұстайық, құрметті оқырман!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.