Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоян жылы тарихта несімен қалды?

0 437

Тарих жылнамасының тағы бір тарауы басталып, қоян жылы босағадан аттады. Қазақ танымында қоян аңғалдықтың, сүйкімділіктің белгісі ретінде сипатталады. Халқымыздың ауыз әдебиетінде де бұл жануар жайлы жиі айтылады.

Әрине, өткен жылға өкпе айта алмаймыз. Әлемдегі ушыққан ахуал қос бүйірден қысса да, егеменді еліміз дамудың даңғыл жолынан айныған жоқ. Осы орайда қоян жылының ерекшелігі мен оның қазақ тарихында алған орны жайлы бір тоқталып өткенді жөн көрдік.
Өткенге көз жіберсек, қоян жылы халқымыз үшін оңайға соқпағанын аңғаруға болады. Әсіресе жұт, аштық, ел басына төнген өзге де нәубеттер көбінесе қоян жылының еншісіне жазылған. Мәселен, сонау «Ақтабан шұбырынды» мен «Алқакөл сұлама» дәл осы қоян жылы, 1723 жылы болған екен. Сол жылдың көктемінде жоңғарлар жеті түмен әскерімен жерімізге басып кірген еді. Салдарынан бейбіт өмір сүріп жатқан халықты талан-таражға салып, азық-түлік, мал-мүлкін тартып алған. Қыстан әрең шыққан қазақтар шетінен қырғынға ұшырады. Барлығы жан-жаққа бытырап, кейбірі Самарқандқа, ал кей тайпа-рулар Қызылқұмға, Қарақұмға асып кетті. Осы кезде танымал «Елім-ай» әні дүниеге келді. Сондай-ақ 1867-1868 жылдары «жалпақ қоян жұты», 1879-1880 жылдары «үлкен қоян жұты», 1891-1892 жылдары «кіші қоян жұты», 1915-1916 жылдары «тақыр қоян жұты» болып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел аштыққа, жоқшылыққа ұшырап, тағдырдың тауқыметін тартты.
1915 жыл да қазақтың маңдайынан сипай қойған жоқ. Бұл уақыт Бірінші дүниежүзілік соғыстың ең бір қызу да қиын жылы ретінде жұртқа өте ауыр тиді. Инфляция өршіп, баға шарықтап кетті. Елде соғыс жағдайы жарияланып, сөз бостандығына шектеу қойылды. Осының соңы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласты.
Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағы аумағындағы аса ірі құрылыс санатына енген Түркістан-Сібір (Түркісіб) теміржолы 1927 жылы сәуірде, яғни қоян жылы басталған болатын. Ал желтоқсанда БКП(б) ХV съезінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру туралы шешім қабылданды. Голощекиннің басшылығымен белсенділер бұл міндетті жедел түрде жүзеге асыруға барын салды. Бұл науқан байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудартуға себеп болды. Оның нәтижесі 1932 жылғы адам айтса нанғысыз, ұлт басына төнген үлкен ашаршылыққа апарып соқты. Аштықтан кейінгі алғашқы санақ 1939, яғни қоян жылы өткен екен. Осы санақтың қорытындысы бойынша Қазақстанда қазақтардың саны 2 миллион 313 мың адам деп есептеліп, ол барлық халықтың 38 пайызын құраған. Ал 1926 жылы жүргізілген санақта қазақтардың саны 3 миллион 627 мыңға жетіп, ол жалпы халықтың 58 пайызын құраған еді. Аштық пен босқыншылықтың салдарынан бар-жоғы 13 жылда қазақтар өсудің орнына, керісінше, 1 миллион 300 мыңға азайып кеткенін осы деректер әйгілейді.
Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты алыптарды туған Семей топырағы 1951 жылы 18 қазанда атом бомбасының сынақ алаңына айналды. Ол үшін арнайы 18 миллион гектар жер бөлінді. Бұл да қоян жылы болатын.
Семей маңындағы радиациялық әсерінен сол аймақта тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Алайда 1991 жылы 29 тамызда полигон жабылып, Қазақстан тарих сахнасында ядролық қарудан бас тартқан, бейбітшілікті сүйетін ел ретінде қалды.
1975 жыл халқымыз үшін қайырлы болды деп айтсақ болады. Өйткені Қазақстан қой саны жəне қой өнімдерін өндіруден Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орынға шықты. Осы жылдың соңында 34,6 миллион қой мен ешкі болған. Одақ бойынша республикада өндірілген өнім үлесіне келсек, жүн – 24, қой еті – 23,3, қаракөл елтірісі 34 пайызға жеткен. Ал Қазақстанда ет өндіру мен дайындауда қой етінің үлесі 25-30 аралығында болып отырған.
1987 жыл да қазаққа оңай соқпады. Себебі содан шамалы уақыт бұрын ғана, яғни 1986 жылы желтоқсанда қазақ жастары Алматыда алаңға шығып, алып империяның шаңырағын шайқаған еді. Сол себепті 1987 жылы оңтүстік астанамызда жаппай жазалау шаралары басталып, 100-ден астам азамат бас бостандығынан айырылып, оқудан, жұмыстан шығарылды. Ал жерлесіміз Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесілді. Сол жылы Желтоқсан оқиғасына «қазақ ұлтшылдығының бой көрсетуі» деген баға берілді.
Тәуелсіздік таңы атқан жылдары төрімізге озған қоян жылы тек жақсылығымен қуантты. Айталық, 1999 жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланды. Сонымен қатар осы жылы тәуелсіздік тарихындағы алғашқы халық санағы жүргізіліп, қазақстандықтардың саны 14 миллион 652,7 мың адамға жеткені мәлім болды. Бұл, шын мәнінде, егемен елдің зор жетістігі еді. Тағы бір есте қалатын елеулі оқиға – сол жылы Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.
2011 жылы байтақ қазақ даласына Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сол жылы Астанадағы «Мәңгілік Ел» қақпасы ашылып, елорда төрінде Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-ші сессиясы өтті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп санауға болады. Өйткені онда «Ислам конференциясы ұйымы» атауын (ИКҰ) «Ислам ынтымақтастығы ұйымы» (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданып, Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды.
Қасіреті мен қуанышы алмасқан қоян жылы тарих беттерінде осындай оқиғаларымен сайрап жатыр. Әлбетте, биылғы жылдан да күтер үмітіміз өте көп. Бастысы, қоян жылы құт-берекеге толы болғай!

Дайындаған Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.