Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елімізді қандай өзгерістер күтіп тұр?

0 1  456

Берекелі барыс жылы тарихтың қойнауына еніп, қоян жылы есігімізден енді. Өткен жылы қол жеткізген табыстарымыз аз емес. Әрине, биылдан да күтеріміз көп. Себебі қоян жылында еліміздің саяси-әлеуметтік өмірі көптеген өзгерістерге толы болмақ.

Парламент қайта жасақталады

Жылдың басы саяси додамен басталмақ. Яғни 14 қаңтарда Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде: «Біз саяси жаңғыру үдерісін жоспарлы түрде жалғастырамыз. Бүгін мен «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қоямын. Осылайша, жоғарғы палата депутаттарының кезекті сайлауы конституциялық реформаны нақты жүзеге асырудың жалғасы болмақ. Сайлау қорытындысы бойынша Сенаттың депутаттық корпусының бір бөлігі бәсекелестік және ашықтық қағидаттары негізінде жаңарады», – деді. Соған сәйкес республикамыздың 20 өңірінде еліміздің жоғары заң шығарушы органының жоғарғы палатасының бір депутаты сайланады. Оның ішінде Жамбыл облысы да бар. Жалпы Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы таңдайды.
Сондай-ақ биыл Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар да қайта жасақталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын. Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз», – деген болатын. Тағы бір айта кетерлігі, Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі.

Конституциялық сот жұмысын бастайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған кезекті Жолдауында елімізде Конституциялық сот жүйесін енгізу жөнінде бастама көтерді.
– Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Соған сәйкес өткен жылдың соңында Президент Жарлығымен Эльвира Әбілхасымқызы Азимова Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы лауазымына тағайындалды.
Ал аталған жүйенің қарапайым соттар мен прокурорлардан айырмашылығы – мұнда кез келген заңның Конституцияға сәйкес келмейтіні анықталса, оған қарсылық білдіре алады немесе күшін жоя алады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – Конституция кепілдік берген негізгі құқықтарыңызды қорғай алатын қосымша орган. Ол демократиялық институттар мен заң үстемдігін нығайтуға ықпал етуі тиіс.

Әйелдердің зейнетке шығу жасы төмендеді

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы төмендеді. Енді 2028 жылға дейін әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Бұл бастама Президенттің тапсырмасымен іске асырылып отыр.
Еске салсақ, Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап жарты жылға көтеріліп, 2027 жылға дейін зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетуге тиіс еді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады деп жоспарланған.
Алайда соңғы жылдары зейнет жасын төмендету мәселесі қоғамда жиі қозғалды. Бұрын 58 жасында зейнеткерлікке шығып жүрген ана-апаларымыз зейнет жасын төмендетуді талап етті. Президент халық үніне құлақ асып, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгіленді.

Бала күтімі бойынша төлем мерзімі ұлғайды

Биылдан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылады. Тиісті мақсатқа республикалық бюджетте қосымша 183,5 млрд теңге қарастырылмақ. Жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді есептеу алгоритмі де түзетілді.
Бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін арттыру жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де ата-аналарға қатысты болады. Бүгінде 552 мыңдай жұмыс істейтін және 60 мыңнан астам жұмыс істемейтін ата-ана бар. Бұл ретте жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан олардың жалақысының 40%-ы мөлшерінде төлем төленеді. Мамандар атап өткендей, азаматтың табысы және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу тәжірибесі неғұрлым көп болса, соғұрлым әлеуметтік төлемдердің мөлшері де жоғары болады.
Айта кету керек, бала күтімі бойынша төлем мерзімін ұлғайту – қазақстандық балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі шаралар кешенінің бір бөлігі ғана. Мәселен, 2023 жылдан бастап, «Алтын алқамен» марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені табысталғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Бұл ретте «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне «Марапатталған аналар» деген жаңа мәртебе беріледі. Сонымен бірге бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жағы қарастырылуда.
Бұл атаулы әлеуметтік көмек алатын 190 мыңнан астам отбасына әсер етеді. Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа шаралары Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің жобасында қазірдің өзінде көрініс тапқан. Бүгінде әрбір қазақстандық үшін маңызды құжатты әзірлеу аяқталды. Жоба заңда қарастырылған келісу рәсімдерінен өтіп жатыр.

Салық кодексіне енген түзетулер

Мемлекет басшысы Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл құжат бизнестің кейбір түрлері үшін, атап айтқанда, зергерлік өнеркәсіп пен тұрмыстық электроника сататын бизнеске ҚҚС-ты төмендету немесе толық босату құқығын береді. Бұған қоса темекі өнімдеріне акциз мөлшерлемесі көтеріледі. Есептер бойынша қызметкерлердің саны енді салық құпиясы болып табылмайды.
Салық міндеттемелерін орындау кестесі салық төлеушінің дәлелді өтініші бойынша жылына бір реттен жиі емес қайта қаралуы мүмкін.
Банктер мобильді аударымдарды қабылдайтын шенеуніктердің деректерін салық органдарына бере бастайды. Шарт – айына 100 немесе одан да көп аударымдар және олар үш ай бойы қайталанбауы керек. Әйтпесе деректер жіберілмейді.

Шетелдік автокөліктер заңдастырылады

Биыл елімізге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік, соның ішінде рөлі оң жақта орналасқан автокөліктер заңдастырылады. Парламент қабылдаған заң бойынша олардың иелері бастапқы тіркеу үшін 200 мың теңге алым төлеуі қажет.
Ішкі істер министрлігі заңдастыруды алты ай ішінде жүргізуді жоспарлап отыр.
Тіркелетін автокөліктерге үш негізгі талап қойылады: автокөлік іздеуде болмауы керек, кедендік тазартудан өтуі қажет және елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы шарт. Жасына және экологиялық класына ешқандай талап қойылмайды.
Көліктің ел аумағына кіргізілген күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының деректер базасы арқылы анықталады. Бүгінде ол процесс толығымен автоматтандырылған.
Тіркеу аяқталғаннан кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт пен мемлекеттік нөмір беріледі. Айта кетерлігі, қазір Қазақстанда заңдастыруға жататын автокөліктердің жалпы саны 300 мыңнан асады. Соның ішінде рөлі оң жақта орналасқан 20 мыңнан аса көлік бар.

Жеке тұлғалардың банкроттығы

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап көптен күткен «Жеке тұлғаларды оңалту және банкроттық туралы» заң күшіне енді. Жаңа жыл қарсаңында оған Президент қол қойған болатын. Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында проблемалық несиелер көлемі жарты триллион теңгеге жеткенін мәлімдеген еді. Осы арқылы қарыз алушы мәртебесіндегі жеке тұлғалар банкроттықты жариялау мүмкіндігіне ие болады. Негізгі шарттары – қарыз 4,9 миллион теңгеден (1600 АЕК) аспауы және мүлік ортақ меншікте болмауы керек.
Қазақстанда жеке тұлғалар үшін банкроттық рәсімдерінің үш түрі қолданылатын болады: соттан тыс, сот және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері. Азаматтар банкрот ретінде танылған соң, олар бес жыл бойы несие мен қарыз ала алмайды, сонымен қатар олар жеті жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады.
Осының арқасында жеке тұлғалар банктерге қатысты мәселелерін өркениетті түрде шеше алады.

Оқу-ағарту саласындағы оңды өзгерістер

Білім саласын биыл да ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Атап айтсақ, қоян жылы мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға ерекше назар аударылады. 2021 жылдан бастап педагогикалық жұмысқа тұру үшін сертификаттау енгізілді. Диплом жұмысқа тұру үшін енді жеткіліксіз, міндетті түрде өз пәні және әдістеме бойынша тестілеуден өту қажет. Енді біліктілігін арттыру 5 жылда емес, 3 жылда бір рет болады. Директорлардың кадрлық резерві қалыптасады, білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау тетігін іске асыру жалғасады. Сонымен қатар білікті кадрларды дайындау және біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі.
Сондай-ақ келесі оқу жылынан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұған дейін емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын. Олар да осы пәннен емтихан тапсыруды жалғастырады.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, келесі жылы ҰБТ тапсыруда да өзгерістер болады. Талапкерлерге «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 5 тест тапсырмасы қосылады. Ал бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларындағы нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін қысқарады. Ал бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларындағы нұсқалар 8-ден 6-ға дейін азаяды.
2023 жылдан бастап балабақшалар білім беру сапасын өздері бағалай алады. Қазіргі таңда Балаларды ерте дамыту институты нақты педагогикалық процесті бағалауға байланысты өлшемшарттарды сынақтан өткізіп жатыр. 2023 жылдан бастап ол барлық балабақшаға өзін-өзі бағалау құралы ретінде ұсынылады.
Сонымен қатар оқушылар жылдағыдай 25 мамырда емес, 1 маусым күні демалысқа шығады.
P.S. Бұл биыл елімізді күтіп тұрған ауқымды өзгерістердің бір парасы ғана. Әсіресе әлеуметтің әл-ауқатын арттыру мақсатында көптеген ілкімді істер атқарылмақ. Аталған өзгерістердің барлығы халықтың тұрмысын түзеп, тірлігін тіктейтініне сенім мол.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.