Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Отыз жыл көптің көкейінде жүрген түйіннің тарқайтын кезі»

0 790

Елімізде 5 маусымда республикалық референдум өтетіні белгілі. Бүгінде жер-жерде саяси науқанның маңыздылығын түсіндіру жұмыстары қарқын алуда. Осы мақсатта шаһарда референдумды қолдау жөніндегі Тараз қалалық қоғамдық штаб құрылған болатын. Оның басшысы Мұрат Бердалиевтің айтуынша, штабтың алға қойған мақсат-міндеті айқын, жоспары жұмыр.

– Біздің негізгі жұмысымыз – штабтың аты айтып тұрғандай, референдумды қолдау әрі оны кеңінен насихаттау. Сол арқылы халықты өз таңдауын жасауға шақырамыз. Осы мақсатта қалалық желілік кесте бекітілген. Соған сәйкес, 11 мамыр мен 4 маусым аралығында шаһарда 73 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның 47-сі кездесу, 3-і жиын және қалғандары спорттық жарыстар мен дөңгелек үстел отырыстары. Осы уақытқа дейін біз 30-дан астам іс-шараны өткізіп үлгердік. Белгіленген мерзім ішінде межені асыра орындаймыз деп нық сеніммен айта аламын. Өткізілген барлық шараларға БАҚ өкілдері қамтылып, телеарналар мен әлеуметтік желілерде кең көлемде таратылуда.
Штаб құрамына 22 адам енген. Олардың ішінде зиялы қауым, ардагерлер және түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Штаб мүшелері 3-4 топқа бөлініп, халықпен кездесулер ұйымдастыруда. Әрине, штабтың әрбір мүшесінің орны бөлек. Десе де, Жанат Ертаева, Асан Үсенбаев, Талғат Кеншінбеков сынды белсенді азаматтарды ерекше атап өткім келеді, – дейді Мұрат Әзімханұлы.
Жалпы «референдум» ұғымы көпшілікке таныс емес екені жасырын емес. Сондықтан бұл саяси науқан туралы бұқара арасында көптеген сұрақтар туындап жатқаны ақиқат.
– Еліміздің тарихында сонау 1995 жылдан бері референдум енді өткізілмекші. Сол жылы қазіргі қолданыстағы Ата Заңды қабылдаған болатынбыз. Арада 27 жыл өтті, бір буын ауысты. Сол үшін де жұртшылықтың референдум жайлы толық білмеуі заңды деп ойлаймын. Ел арасында «бұл қандай сайлау, кімге дауыс береміз?» деген сауалдар да туындауда. Әрине, «бұдан не өзгерер дейсің?» деп немқұрайлы қарайтындар да бар. Халықпен жүздесулер барысында да осындай жайттарды көріп жүрміз. Осы орайда сайлау және референдум деген екі сөздің мағынасын ажыратып алуымыз керек. Екеуі де саяси науқан болғанымен, мақсаты мен мүддесі екі бөлек. Мәселен, сайлауда бірнеше кандидат ұсынылады, бағдарламасын таныстырады. Солардың арасынан өзіне ұнағанына халық дауыс береді. Ал референдумда ешқандай үміткер болмайды. Бюллетеньде «Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдайсыз ба?» деген бір ғана сауал, соған «иә» немесе «жоқ» деген нұсқалар ғана беріледі. Соған қарап жұртшылық таңдауын жасайды. Ал бүгінгідей ақпараттар ағылып жатқан заманда Ата Заңға нақты қандай өзгерістер енгізілетіні жайлы мағлұматты тауып, оны түйсіну еш қиындық тудырмайды. Жоғарыда айтқанымдай, штабтың да негізгі мақсаты – осы айтылғандарды көпшіліктің санасына жеткізу.
Қазір өз ұсынысын білдіріп жатқан жандар да аз емес. Мәселен, басым бөлігі әйелдердің зейнет жасын төмендету, көпбалалы аналарға, мүгедек балаларға жағдай жасау сынды әлеуметтік мәселелерді көтереді. Қазақ тілінің мәртебесі жайында өз ойларын ортаға салатындар да табылуда. Әлбетте, біз проблеманың шешімін тауып, нүктесін қоятын құзырлы орган емеспіз ғой. Әр саланың өзіне тиісті жұмысы бар. Сол үшін алдымен халық таңдауымен Конституциямызды қабылдап алғанымыз жөн. Уақыт өте келе қалған заңдар да соған қарай бейімделетініне сенімдімін, – дейді Мұрат Бердалиев.
Кемел келешек жолындағы соны бастама деп бағаланған референдумнан жұртшылықтың күтері көп. Себебі Ата Заңның 30 пайыздан астам бабын өзгерту оңай шаруа емес. Штаб басшысының да ойы осыған саяды.
– Талқыға ұсынылып отырған жобада суперпрезиденттік жүйеден арылу, мәслихаттардың рөлін күшейту, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру, Конституциялық Сот құру секілді ауқымды өзгерістерден бастап, тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту, жердің қазба байлығын халыққа тиесілі ету сынды мәселелердің барлығы түгелдей дерлік қамтылған. 30 жылдың бедерінде қазақстандықтардың көкейінде жүрген, талай биік мінбелерде айтылған жайттар толығымен көрініс тапқан десе болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл референдум – «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі айғағы, Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған игі қадам. Осы орайда барша тұрғындарды референдумге келіп, өз таңдауын жасауға шақырғым келеді. Себебі біз осы арқылы баянды болашағымызға дауыс береміз. Сол үшін әрбір азамат референдумнан шет қалмауы тиіс, – дейді М.Бердалиев.
Расында, Жаңа Қазақстанға жаңа заңдар қажет. Тек сонда ғана оң өзгерістерге қол жеткізіп, демократиясы орныққан, құқықтық мемлекетке айнала аламыз.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.