Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бізде ұсынылып жатқан кейбір заңдар бірде-бір елде жоқ»

0 778

Санаулы күндерден кейін елімізде республикалық референдум өтпек. Салмағы зор саяси науқаннан жұртшылықтың күтер үміті көп. Әсіресе Мемлекет басшысының: «Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту», – деген сөзі сол үмітті еселей түсті. Ендеше, референдумда Конституцияға қандай өзгерістер енгізілмек? Бұдан кейін Жаңа Қазақстанның бағыт-бағдары қалай болмақ? Осы және өзге де көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап табу мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Экономика және құқық» факультетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі, «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыс бойынша филиалының басшысы Асқар Қадырқұловпен сұхбаттасқан едік.

– Асқар Жақсылықұлы, референдум өзге елдерде қалай өткізіледі? Бұл науқанның іске асырылу тетіктері қандай?

– Референдум дегеніміз – халық таңдауының бір түрі. Мәселен, бізде Президент, Парламент депутаттары мен ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұл – демократия қағидаларының жүзеге асуының айқын көрінісі. Жалпы елімізде 1995 жылдың 2 қарашасында «Референдум туралы» Заң қабылданған болатын. Бірақ бұл саяси науқан елімізде тек осымен 3-ші рет өткізілгелі тұр. Алғашқысы 1995 жылы 29 сәуірде Тұңғыш Президентіміздің өкілеттігін созуға, екіншісі 30 тамызда жаңа Конституцияны қабылдауға арналды. Референдумның ең басты ерекшелігі – тек облыс немесе ауданға ғана емес, біртұтас республикамызға байланысты жүзеге асады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл тәсіл арқылы тек Ата Заңды ғана дауысқа салмайды. Мысалы, бұл жерде елімізге белгілі бір маңызы бар мәселелер сайлауға шығарылуы мүмкін. Айталық, соғыс ашу не нейтралитет сақтау, өзге елдер арасындағы саяси майданда қандай позиция ұстану немесе осындай жолмен мемлекеттің болашақ саяси ұстанымдарын талқыға салу арқылы белгілі бір бағытты тандау жағдайлары да ұсынылуы мүмкін. Кейбіреулері мемлекеттік басқару үлгісін де референдум арқылы таңдайды. Біз демократиялық жолды ұстанып отырған мемлекетпіз. Демек, билік халықтың қолында деген сөз. Сол себепті жоғарыда айтқанымдай, барлығы әділ сайлау жолымен іске асырылуы керек. Егер толықтай демократиялық-құқықтық үлгіге көшетін болсақ, онда Президент пен депутаттарды ғана емес, соттардың судьяларын да халықтың өзі таразылап, таңдауға болады. Мысал ретінде АҚШ-ты келтірсек, ол жақта жергілікті судьялар мен прокурорларды халықтың өзі немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары сайлап, бекітеді. Референдум да осындай үрдістерге жақын келеді, себебі жай халықтың өзі мемлекеттік маңызы бар мәселелерге араласуға мүмкіндік алады. Сондықтан бұл науқан барлық жағынан маңызды. Өздеріңіз білесіздер, Конституция – біздің негізгі заңымыз. Еліміздегі барлық заңдар, нормативтік-құқықтық актілер, ережелер мен нұсқаулықтар да осы Ата Заңға сай болуы тиіс. Олардың бір бабының өзі Конституциядан ауытқитын болса, ол заңсыз деп саналады. Қазір «Көп өзгерістер енгізгенше, жаңа Конституция қабылдасақ қайтеді?» деген ұсыныстар да айтылып жатыр. Алайда қолданыстағы Ата Заңымыз халықаралық нормаларға толықтай сай келеді. Адам, әйел, бала құқықтарын қорғауға арналған халықаралық нормалардың барлығы осында көрініс тапқан. Жаңа Конституцияны қазір қабылдасақ, сол мыңдаған құжаттарды қайтадан жаңартуға тура келеді, ал мұның шығыны аз емес. Сол үшін алдымен мемлекетімізді өркениет көшіне ілестіріп, барлық жағынан пісіп-жетілген соң ғана жаңа Ата Заңды қабылдағанымыз дұрыс. Оның да уақыты келеді деп ойлаймын.
Бастысы, заңның жаңа жобасында 33 бапқа 50-ден аса өзгеріс енгізілетіні белгілі болды. Ол көпшілік талқысына ұсынылып, жер-жерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соның ең бастысы – орталық билікті жергілікті жерлерге беру және Мәжіліс пен мәслихаттың мәртебесін арттыру. Демек, осы арқылы суперпрезиденттік басқарудан арылатын боламыз. Бұл – өте құптарлық іс. Өйткені барлық билікті бір адамның қолына шоғырландырудың нәтижесі қалай болатынын уақыт көрсетті. Мысалы, бұрын облыс әкімін қызметке тағайындау мәселесін Президенттің тек өзі шешетін, ал енді әкім кандидатурасын сол аймақтың мәслихатымен мақұлдап бекітетін болады. Жергілікті мәслихаттар әкімге сенім білдірмей, оны қызметтен босатуға ұсыныс бере алады. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бойынша былтырғы жылдан бері ауыл әкімдерін сайлап жатырмыз. Енді алдағы уақытта аудан, облыс басшыларын да осылай төте сайлайтын күн жақын. Кезінде біз осы жүйені Польша елінің басқару үлгісін басшылыққа ала отырып әзірлеген болатынбыз. Ол жақта жергілікті басқару жүйесіндегі лауазымдардың бәрі түгелдей сайланбалы түрде тағайындалады. Әрине, біз бұған әлі жете қойған жоқпыз. Мұның жақсы тұстары өте көп. Себебі халықтың өзі сайлаған соң, басшылар да жауапкершілікті сезініп, ашық әрі әділ жұмыс істеуге тырысады.
Түптеп келгенде, жоғарыда сөз еткенімдей, барлық маңызды құжаттарымыз халықаралық нормаларға сай. Бірақ олар қаншалықты мінсіз жүзеге асуда? Басты мәселе осында. Өйткені кез келген заң орындалуымен құнды.
– Тағы маңызды өзгерістердің бірі – Конституциялық Соттың құрылатындығы. Бұл елімізге несімен тиімді? Мұның артықшылығы неде? Сол туралы айтып өтсеңіз…

– Бұл орган бізде 1995 жылға дейін болған. Кейін оның орнына Конституциялық Кеңес құрылды. Көршілес Ресей мемлекеті сынды бірқатар елде бұл сот бар. Конституциялық Кеңеске келер болсақ, аты айтып тұрғандай, тек кеңес пен ұсынымдар беретін құрылым болып табылады. Оның қолында қандай да бір маңызды тетіктер жоқ. Ал Конституциялық Соттың шығарған шешімдері бәріне міндетті болып саналады және орындалады. Оның барлық шешімдері Ата Заңға сәйкестендіріледі. Бірақ осы орайда бұл орган ҚР Жоғары Сотынан және басқа соттардан биік тұрады дегенді білдірмейтінін айта кеткен жөн. Елімізде сот жүйесі тәуелсіз әрі дербес. Сондықтан әрқайсысы өз алдына бір төбе болғандықтан, бір-біріне бағынышты емес. Айталық, Жоғарғы Сот өзінен төмен тұрған аудандық, облыстық соттардың шешімдерінің күшін жоя алады, істі қайта қарауға жібереді. Ал жаңадан құрылатын Конституциялық Сот заңда көрсетілген қандай да бір қарама-қайшылықтарды реттеп отырады, не белгілі бір нормативтік актілердегі көрсетілген нормалардың Конституцияға сәйкес емес болған соң күшін тоқтатуға шешім қабылдауы мүмкін. Осыдан кейін сол істің, заңда өзгеріс енгізілуіне орай, сотта қайта қаралады. Жалпы елімізде сот жүйесін де жетілдіру керек. Мысалы, судьялардың өзі үкім шығарарда ешкіммен ақылдаспайды, тек заң мен ішкі сезіміне сүйеніп қана шешім қабылдайды. Айталық, ұрлық жасаған адамға бір Қазақстанның өзінде екі түрлі үкім шығарылуы мүмкін. Бірі айыппұлмен құтылады, енді бірі бас бостандығынан айырылады дегендей. Әлемде англо-саксондық және романо-германдық деген құқықтық жүйелер бар. Сол англо-саксондық жүйеге сәйкес, бір сотта қабылданған шешім (сот прецеденті) бойынша, екіншісінде де дәл сондай жағдай қаралғанда, сот өз үкімін шығарған кезде алдыңғысына негізделуі тиіс. Бізде қазір романо-германдық жүйе кең тараған, яғни сот прецеденті құқықтың қайнар көзі болып табылмайды. Алайда осындай жүйенің керектігін уақыттың өзі көрсетіп отыр.

– Қазір елімізде өлім жазасы алынып тасталды. Бірақ көптеген дамыған мемлекеттерде бұл жаза әлі де қолданылады. Осыған байланысты қоғамда түрлі пікір қалыптасуда. Бұған қатысты не айтасыз?

– Өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысының Жарлығымен өлім жазасы елімізде толығымен жойылды. Сондықтан Конституцияның жаңа жобасы 15-баптың 2-тармағында: «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады», – деп көрсетілді. Бұрын Қылмыстық Кодекстің 47-шы бабы болатын. Ол енді алынып тасталды. Онсызда 2003 жылдан бері өлім жазасына мораторий жарияланып келген болатын. Содан бері бұл жаза ешкімге тағайындалған жоқ. Тіпті, шатаспасам, 2000 жылы бұл жаза елімізде соңғы рет орындалды. Бұл жазаны енгізуге ешқандай қажеттілік жоқ. Өйткені егемен ел ретінде көптеген халықаралық ұйымдарға мүшеміз. Олардың көбі өлім жазасына тыйым салады. Егер сол жазаны қайта қалпына келтірсек, өзімізді сол ұйымдардан шеттеткен боламыз. Дегенмен бірқатар мемлекеттерде бұл жаза әлі де бар. Бірақ солай екен деп, біз де солай жасауға міндетті емеспіз ғой. Біздің өз менталитетіміз, құндылықтарымыз бар. Соған сай әрекет етуіміз қажет. Бұл, бір жағынан, адамгершілікке де жат нәрсе. Шариғат жағынан қарасақ, бір адам қылмыс жасап күнәсін мойнына жүктесе, сол адамның жанын алып, неге соны қайталауымыз керек? Біздің елде аса ауыр қылмыс жасағандар өмір бақи бас бостандығынан айырылады. Оны өлтіргенше, одан да ол еңбек етіп, қандай да бір пайдасын қоғамға тигізетін тетіктерді қарастырған дұрыс деп ойлаймын.
Сонымен қатар ерекше айта кетерлігі, Президенттің саяси партиялардың құрамында болмауы немесе оның туыстарының мемлекеттік қызмет атқармауы секілді өзгерістерді басқа елдерден байқаған емеспін. Демек, бұл біздің өзге мемлекеттерден ерекшеленетін тұсымыз. Сол себепті елдің болашағына алаңдайтын әрбір азамат референдумға келіп, өз таңдауын жасауы керек. Жаңа Қазақстанды жаңаша құруға мүдделі отандастарымыз осы науқаннан шет қалмайды деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.