Қалалық қоғамдық-саяси газет

Отбасы – ұлттың тірегі

0 389

15 мамырда бүкіл әлем жұртшылығы Халықаралық отбасы күнін атап өтеді. Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.

Арайлым Бақытжанқызы Суретті түсірген Сәкен ӘБЖАПАР

Бүгінгі қоғам қарбалас өмірдің жетегінде жүріп, отбасы құндылықтарына аса көңіл бөлмейтін жағдайға кетіп бара жатқаны жасырын емес. Тұрмысбастылыққа салынып, отбасында ата-ана қарым-қатынасы, бала тәрбиесі өзіндік даму дәрежесінен кетіп, оның арты отбасы мүшелерінің бір-бірінен суып кетуі сынды жайттарға әкеліп соғуда. Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы – белгілі дәстүр-лердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы.
Иә, бүгінде өзінің қоғамдағы беделі мен отбасын қатар алып жүретіндер күн санап көбеюде. Сондай жанның бірі – Сейсекүл Көшімбетова. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Білім берудегі менеджмент» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. 1981-1984 жылдары Тараз қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищесінде оқып, 1989-1991 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алып, Жамбыл ауданы «Жеңістің 30 жылдығы» атындағы орта мектепте жиырма жыл мұғалім және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Ал 2001 жылдан бастап ғылым іздеп, ағартушылық жолын жалғастырған Сейсекүл Айтжанқызы отбасын да бір елі ұмытпағандығын айтады.

– Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты, қызық дәурені осы отбасында өтеді. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын, тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі. Бала өсіп-өне келе білім алуға мектеп табалдырығын аттайды. Менің балаларымды тәрбиелеуде мектептегі ұстаздық қызметім де өз септігін тигізді. Бүгінде екі ұлым, қызым және жеті немерем бар. Мен үшін отбасы құндылығы қашанда бірінші орында. Тіпті менің өмірлік ұстанымым да – «Адам ұрпағымен көрікті». Иә, мен ең алдымен анамын, әжемін, апамын. Балаларымды қашанда туралыққа, шыншылдыққа, отансүйгіштікке тәрбиеледім. Бүгінде қолым сәл бос болып қалса, немерелеріммен уақыт өткіземін. Өмірдегі ең үлкен жеңісім – менің отбасым, – дейді ұлағатты ұстаз.

Сейсекүл Айтжанқызының шаңырағында қызы Зәуре Дәулетқызы да ұстаз. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Арнайы педагогика» кафедрасының аға оқытушысы мансабы мен отбасын қатар алып жүрген жан. Ұстаздардың шаңырағында болғанымызда, немерелері бірінен бірі өтіп әжелеріне арнау оқып, шексіз махаббатын білдіріп жатты. Бүгінде қарашаңырақта келін жұмсап, немерелерінің тәрбиесі мен өсіп-өнуіне тікелей қолғабыс етіп отырған ұстаз мамырдың ортасында мерейлі 60 жасқа толады. Немерелері Гүлім Нәби, Айдана Дулатова, Арнұр Нұрланұлы әжелерінің жақында республикалық байқауда «Үздік кандидат» атанғанын мақтан ететіндіктерін және әжелерінің мерейтойына тосынсый жасап жатқандықтарын айтты. Кішкентай немерелері әр түнде апаларының ертегісінсіз ұйықтамайтындарын қуанышпен жеткізді.

– «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп жаны жайсаң, жүрегі жылы отбасының ұйытқысы, немерелерінің әжесі, өмірде ғалым-профессор Сейсекүл Айтжанқызы 40 жылдан аса уақыт үзбей ұстаздық қызметін абыроймен атқарып келеді. Бүгінде өзінен кейінгі шәкірттеріне де үлгі бола біліп, оларға дер кезінде өмірге жол сілтей алған ұстаз. Шәкірттерінің бірі – ұстаз, бірі – заңгер, бірі – дәрігер, яғни бірнеше қызмет иесі болған мектеп түлектері сәлемін үзбей хабарласып тұрады. Үздіксіз еңбегінің нәтижесінде педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор ғылыми дәрежелерімен бірге балаларының да, немерелерінің де абыройлы болуын тілеген – менің анам. Мен анамды мақтан тұтып, өмірлік жолымды ұстаздықпен байланыстырып, ана жолын қуып келемін, – дейді Зәуре Көшімбетова.

Отбасы – шағын мемлекет. Ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әженің бата-тілегі, ардақты ата-ананың тәрбиесі, балалардың шат күлкісі, туған-туыстардың шынайы пейілі – отбасы берекесінің ұйытқысы. Әр бала өзінің бақыттың құшағында өмір сүріп жатқанын түсінетіндей отбасыларымыз көп болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.