Қалалық қоғамдық-саяси газет

Отандық шыны шетелге шығарылуда

0 686

Қамбамыз астыққа толып, бақшадағы өнімдер піскен шақта көпшілігіміз базар аралап, қысқа азық дайындаумен әуреленеміз. Іздейтініміз – кәдімгі шыны банка. Қияр, қызанақ, орамжапырақ тұздауды айнымас дәстүрге айналдырған тараздықтар сол шыны банкалардың өзімізде өндірілетінінен бейхабар.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Өркениет шыны жасау технологиясын осыдан алты мың жыл бұрын игере бастапты. Ал Ресейде әйнектің химиялық құрамын зерттеуді ғалымдар 1638 қолға алған екен. Заман ағымы алға жылжыған сайын шыны өндірісі оңтайланып, күнделікті тіршілігімізге қажетті өнімдердің қолжетімділігі артты. Бүгінде Тараз қаласының аумағында да жылына 18 миллионға жуық шыны банка шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. «Журналист мамандық өзгертеді» айдары аясында біз аталған кәсіпорынға арнайы барып, шыны банка жасау технологиясын көзбен көріп қайттық.

Шаһарымыздағы шыны зауыты «Достық және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірімізде 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алайда алғашында кәсіпорын шыны шығарумен емес, бензин, керосин сынды жанар-жағармай түрлерін өндірумен айналысқан. Әуелде шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген ЖШС 2012 жылы аумағы 422 шаршы метр болатын екі қабатты ғимаратты және маңындағы 930 шаршы метр жерді қоса сатып алады. Сатып алынған аумақта 2012 жылдан 2014 жылға дейін құрылыс-монтаждау, электр және сумен жабдықтау, газдандыру жұмыстары жүргізілді. Құрылыс барлық талаптарға сәйкес орындалып, жұмыс сапасы Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің тексерісінен өткен. Келесі жылдары шыны балқытатын, күйдіретін пештер салынды, технологиялық және қосалқы жабдықтар орнатылып, іске қосылды. Өндірістік цехта шыны банкаларды шығаруға арналған екі технологиялық желі бар. Бір желісі сыйымдылығы 1 литрге дейінгі (0,5 литр сыйымдылығы; 0,72 литр; 0,85 литр; 0,92 литр) банка өндірісіне арналған, екіншісі 2, 3 литр сыйымдылығы бар банка өндірісіне арналған. Зауыт консервілердің кең ассортиментін шығара алады, сондай-ақ жиынтық формаларының жеткілікті таңдауына ие. Өндірілетін өнімнің сапасы «Консервілерге арналған шыны ыдыстар» ГОСТ 5717.1-2014 стандартының талаптарына толық сәйкес келеді. Кәсіпорында өнімді Кеден одағы елдеріне сатуға мүмкіндік беретін ЕЭО декларациясы да бар. 2020 жылы компания «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалына «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қатысу үшін жалпы сомасы 175 миллион теңгені құрайтын банктік несие түріндегі қаржыландыруға өтініш білдірді. Банкте қаралғаннан кейін несие мақұлданып, «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша құралдарды субсидиялау және кепілдендіру мақсатында қолдау көрсетті.

Бір қарағанда, шыны ыдыс жасаудың технологиясы қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ зауыт аумағына табанымыз тиген сәттен бастап ондағы құрылғылардың тарсылдаған дауысынан құлағымыз тұнды. Ең әуелі кәсіпорын аумағындағы қолданылған шыны ыдыстардың үйінділеріне көзіміз түсті. Зауыт өнімдерді қалдықсыз шығарумен айналысатындықтан, шыны әзірлейтін материалға бөтелке сынды қолданылған шыны ыдыстарды жуып, ұнтағын қосады екен. Бұл әдістен банкалардың сапасына ешқандай сызат түспейтінін көріп таң қалдық. Бір есептен, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын банкалардың мұндай әдіспен қайта өндірілуі экологиямызға да орасан пайда әкеледі.

Ең әуелі шыныны әзірлейтін шикізат дайындалады. Кәсіпорын шынының негізгі компонентін дайындауға Аралдан тасымалданатын кварцталған құмды пайдаланады. Яғни банка жасалатын шикізаттың 50 пайызы осы құмнан тұрады. Сондай-ақ шикізатқа кальцийленген сода, доломит, сульфат араластырылады. Өндіріс цехына жіберілгенше барлығы арнайы тексерістен өтеді. Біріншіден, шыны қалдықтары мен өзге де компоненттер сұрыпталып, қоқыстардан тазартылады, ізінше арнайы машинада жуылып, кептіріледі. Кейін бекітілген рецепт бойынша аталған шикізаттар көлемді ыдыстарға салынып, араластырылады. Әр шикізаттың мөлшері құрылғыда есептеледі. Әзірленген шикізат бункер арқылы шыны балқытатын пешке жіберіледі. 1500 градуста балқыған шыны тиісті мөлшерде автоматқа түсіп, шынының көлемі бойынша формаға құйылады. Балқыған шыны пішінге мөлшерден аз немесе мөлшерден көп құйылса, ыдыс жарамсыз болып шығады. Тиісінше жарамсыз шикізат қайта өндірілуге жіберіледі. Қажетті пішінге ие болған өнім әрі қарай күйдіретін пешке салынады. Қосымша күйдірілген ыдыс ауа арқылы салқындатудан өтеді. Осындай процестерден өткен дайын ыдысты зауыт мамандары қолмен сұрыптап, жарамсыздарын қайта өңдеуге жібереді. Банкалар кленкаға оралып, қоймаға жіберіледі. Айтпақшы, банка дайын болғаннан кейін міндетті түрде термотөзімділігі тексеріледі. Осындай күрделі процестер арқылы зауыттан күніне 30-35 мың шыны банка шығарылады екен.

Зауыттағы қызметкерлер ауысыммен жұмыс істейді. Өндіріс соншалықты зиянды болмаса да, әкімшілік тарапынан әр қызметкерге күн сайын сүт беріледі екен. Зауыт цехының басшысы Есберген Еламановтың айтуынша, мұндағы әр процесс жұмысшылардың қатаң бақылауында. Әрбір құрылғының орындайтын операциясы бар. Техниканы адам басқаратындықтан, қателесуге әсте болмайды.

Зауыттың жылдық қуаты, дайын өнімдерге деген сұраныс жайын аталған ЖШС-нің басшысы Аданбек Қалпақовтан сұрадық.

– Қазіргі таңда өнімдерімізді Грузия, Қырғызстан сынды ТМД елдеріне экспорттай бастадық. Ресей Федерациясына консервілеуге арналған банкаларды жыл бойы жеткіземіз. Қыстыгүні негізінен Ресеймен жұмыс істейміз. Жазда өнімдерімізді өзіміздің «Ауыл-Береке» базарында сатамыз. Тұрғындар ыдыстарды негізінен қияр консервілеуге алады. Қазір шыны банкалар тек бізде ғана емес, ТМД елдерінде де сұранысқа ие. Бір банканың құны үш литрлігі – 90, екі литрлігі – 80, бір литрлігі – 50, 0,5 литрлігі 40 теңгені құрайды. Жұмысымыздың жандануына «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры ұйытқы болды. Өткен жылы 175 миллион теңге сомасында несие алдық. Қор мамандары зауыттың өндірістік қуатын, экономикаға оң әсерін, жұмыс орындарының сақталуын жиі бақылап отырады. Біздің зауыттың ерекшелігі деп консервіге арналған банкаларды қалдықсыз шығаратынымызды атауға болады. Бұл ретте біз бәсекеге қабілеттіміз деп ауыз толтырып айта аламын, – деді Аданбек Матайұлы.

Айта кететін жайт, зауытта пайдаланылған шыны ыдыстарды қабылдау қызметі де іске қосылған. Жоғарыда атап өткеніміздей, цехтен шығарылған өнімдердің барлығы қалдықсыз өндіріледі. Экологиялық залалсыз шыны шығаратын зауыт тұрғындардан пайдаланылған шыны қабылдау арқылы шаһардың тазалығына да септігін тигізіп келеді. Шыны өнімдер қоқысқа тасталса не топыраққа сіңіп кетпейді, отқа да жанбайды. Ал қайта өңдеуге жіберілсе, пайдасы молырақ. Бұл ретте аталған зауыт заманауи кәсіпорын ретінде өз міндетін толық әрі сапалы атқарып отыр деуге негіз бар. Оның үстіне өнімдерін көрші мемлекетке экспорттайтын кәсіпорын отандық өнімнің қолжетімділігін толық қамтамасыз етуде.

Егер үйіңізде шыны қалдықтары болса, осы кәсіпорынның шыны сатып алу бөліміне көрсетілген нөмір бойынша хабарласуға болады: +7 707 271 58 69 (Асқар). 1 кг шынының бағасы – 20 теңге.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.