Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлы жыраудың ұлағаты

0 15

Қазақтың ежелден келе жатқан кеңістігіндегі аттарын атап, түстерін түстеуге тиіс тарихи тұлғаларды біз танымдық тұрғыда тереңірек пайымдауымыз керек. Жазба әдебиеттің негізін салған Абай болса, авторлық аңыз әдебиетін жаңаша сипатпен айрықша алға бастырған – Жамбыл.

Бізде қай нәрсенің айырмашылық белгілерін ақтарып айту жағы әлсіздеу. Мысалы, сөз өнеріміз үш түрде жасалып, өріс алды. Олар халықтың ауыз әдебиеті (фольклор), авторлық ауыз әдебиеті (ақын-жыраулар поэзиясы және жазбаша әдебиет). Бұлар көне түркі мәтіндерінен бастау алады. Жамбылды осылардың қайсысына апарып теңейміз? Жамбылтанушы-зерттеушілер нақты жауабын әлі дәл айта қойған жоқ. Иә, біраз айтылды да. Әсіресе, Кеңес өкіметі кезінде. Алайда олардың дені қызыл идеологияның тұсындағылар. Ендігі жерде біз жамбылтанымның өн-бойына өзгеше, академик Сейіт Қасқабасов айтпақшы, қазақ көзімен қарап, сөз өнерінің табиғатынан туатын заңдылықтарына көңіл аударуымыз керек сияқты.

Жамбылдың алып ақындығы жайлы сөз бір басқа, ал оның ұлы жыраулығы айтыла бермейді. Таяуда академик Дархан Қыдырәлінің «Ұлы сарынның сарқыты» атты жамбылтанымға жаңа сипат беретін мақаласы шықты ғой. Бұл жерде түбі бір түркі халықтарының жыршылық дәстүріндегі Жамбылдың даңқын даралап айтуды меңзейді. Заманалар бойы елдік пен ерліктің мұрасын бүгіннен ертеңге, ертеңнен ары қарай желдей есіп жеткізіп отырған жыраулық өз заманында Жамбылдан асып ешкімге қона қоймаған. Дархан мырзаның «ұлы даланың сарқыты» деп отырғаны да сол.

Кеңес өкіметінің идеологиясы ойындағысын орындау үшін орақпен орып, балғамен соғып, онысын мадаққа айналдырып, қызу насихат науқанында биліктің тапсырмасы бойынша кедей тобынан шыққан ең мықты ақын таңдалғанда, Жамбылдың жарқырап көзге түскені бекер емес. Сол кезде Орталық партия Комитеті мәдениет секторының меңгерушісі Ғабит Мүсіреповтің жазуынша, Ұзынағаштан Алматыға Әбділда Тәжібаевтың үйіне арнайы алдырып сынағанда, жасы келіп қалған Жамбылдың жадының мықтылығына жаппай таңғалған. Жады мықтылығы ақын біткеннің бәрінде бола бермейді. Жәкең қиссалар мен дастандарды бір түн айтқан. Жалпы ол «Көрұғлыны» 14 күн, «Манасты» 17 күн дамылсыз жырлаған («Өтеген», «Сұраншы», «Саурық» дастандары өз алдына). Осы орайда Жамбылдың мерейтойында халықаралық жыраулар жарысын өткізу ойға келеді. Оған Қытай, Моңғолиядағы қазақтар, Алтайдан, Қарақалпақстаннан, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, Тәжікстаннан, Қырғыз Республикасынан, Ноғайдан, Башқұрт пен Якуттан үміткерлер қатысуы тиіс. Осы Сақа елінде атақты жыршысы Сергей Зверев деген өткен. Ол өзін Жамбылдың шәкірті санаған. Үйінің төріне Жамбылдың үлкен суретін іліп қойған. Осы елдердің жырауларының басын қосып, жарыс өткізетін болса, қазір ерекше бой көтеріп келе жатқан түбі бір түркілердің ортақ мерекесіне айналар еді. Және сол аталған елдерде Жамбылдың даңқы насихатталады.

Жамбылдың кіндік қаны тамған Хантауы мен Қаратаудың теріскей бетіне дейін, Шу, Талас өзендерінің қырғыз шекарасымен барып түсетін жеріне дейін облыс өңірінде ғасырлардан ғасырларға ұласқан ондап, жүздеп ойран болса да аты өшпеген, талай рет талқандалып, тозаңға айналған, қаны судай ағып, көз жасы көл болған тарих жатыр. Жамбылдың өмірімен сабақтастыра отырып, осы тарихтан көрініс беретін деректі фильм түсірілсе, игілікті іс сол. Көптеген шаралар қанша қызықты болса да зу-зу етіп өте шығады, ол деректі фильм Жамбыл облысының басты бір эталоны болып қала берер еді.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді қазақ. Айтылғанда айналып табар алтын қазығы – ақиқат. Егер Абылай болмаса, біздің Кеген, Нарынқол, Балқаштың оңтүстік-шығысы, Алматы, Қордай, Меркі, Құланыңда қырғыздар жатар еді, өз жеріндей жайлап. Соның немересі Кенесары болмағанда, Тараз бен Созақта сарттар салтанат құратын еді. Кенесарының ұлы Сыздық сұлтан Ресей әскерінен және Қоқан басқыншылығынан өңірімізді азат ету үшін жан алып, жан берді. Атасы Абылай, әкесі Кенесары сияқты Сыздық сұлтан да Оңтүстік Қазақстан, соның ішінде Әулиеата өңірінде орыс әскері мен Қоқан хандығының басқыншылығына қарсы аяусыз күрес жүргізген. Басқаша айтқанда, Сыздық сұлтанның да ұлт-азаттық күресіндегі ерлігі ерекше. Ол – атадан балаға өтіп отырған көзсіз батырлықтың жалғасы. Сыздық сұлтан жайлы орыстың зерттеушілері былай сипаттаған: «Ол Түркістан өлкесінде орыс әскерінің Орта Азияны жаулап алу үшін жүргізген соғысында қазақ және түрік жауынгерлері партиясының қол бастаушысы болды. Оның есімі Бұқар, Хиуа және Қашқар хандығының алдында әскери және саяси қайраткер ретінде айрықша аталып жүрді».

Сыздық сұлтанның қырғыздарға да жолы түскен. Аналарды үрей билейді. «Әкесінің кегін қуып келер» деген. Дегенмен киіз үйлер тігіп, қолдарын қусырып, құрметпен күтіп алады. Қазақ-қырғыздан 17 атақты ақын шақырылады. Солардың ішінде Жамбыл да бар. Қазақтың намысы үшін, халықтың көз жасы үшін жер түбіндегі Арқадан аттан салып, бүгінгі осы Таразға екі жолы келген Абылай ханның асқан қаһармандығын, әкесі Кенесарының сол Арқадан Ілені кешіп, осы өңірге ұлт-азаттық күресін бастап келген Кенесарының көзсіз ерлігіне тәнті Жамбыл ақын Сыздық сұлтанға арнап:

Сәлем бердім, алдияр,
Орын бердің қасыңнан.
Сен бір қалған көз едің,
Кенесары асылдан, – деп бастап, ұзақ жыр толғайды. Әкесінің кегін емес, әкесінің жатқан жеріне тізе бүгіп, құран бағыштау үшін келген мұсылмандық дәстүрге адалдығын аруақтап айтады. Қарап отырсаңыз, бар қазақты былай қойғанда, біздің өңірдің ел-жұрты да Абылай, Кенесары, Сыздық сұлтанның алдында қарыздар. Ендеше, Жамбылдың жаңағы өлеңін тасына жазып, Жамбылдың 175 жылдық тойына ерен ерлікке арналған ерекше көрнекі белгі қойылса, бір жағынан, бұл ұлы жыраудың өлмейтін сөзіне дәлел болып қалмай ма?!

Ұлы жыраулардың қай-қайсысы да өз дәуіріндегі қоғамның төрт құбыласынан қауымның төбесінен төніп тұрған қайғы-қасіретті ханға да, қараға да қарсы қарап айтты. Мысалы, Асан қайғы Жәнібекке, Шалкиіз би Темірге, Жиембет Есімге, Бұқар Абылайға да бетің бар, жүзің бар демеген. Жамбылда тұңғыш өткен республикалық ақындар айтысына шақырылмай, елеусіз қалғанда, сол кездегі Қазақстан басшыларының шаңын қаққан ғой. Жамбыл аса өжет, қатал мінезді тұлға болған. Осы арада алдыңғы толқын ағалар айтқан бір әңгіме: 1936 жылы Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің онкүндігін Жамбыл арнау өлеңімен қорытындылауға тиіс болады. Оның арнауы орысша аударылады. Саяси бюро мүшелері үшін 10 дана болып басылып, олар отыратын лоджияға ретімен жайғастырылады. Жамбыл арнауды айтқан кезде Саяси бюро мүшелері аударма мәтінді қарап отырады.

Кремльдің сахнасы. Залда қалың жұрт. Сахнада Жәкең жарықтық. Нарком Темірбек Жүргеновте жан жоқ. «Саяси бюро мүшесі қалай келіп отырады, дереу бастап кетесіз», – деп қайта-қайта пысықтайды. Сарала маршалдар келіп, тіз қатар орындарына отырды. Нарком Жамбылға: «Жәке, бастаңыз», – дейді. Жамбыл: «Сталин қайсысы?» – деп сұрайды. Нарком сыбырлайды: «Анау бергі жағында отырған». Жамбыл көзін қолымен көлегейлеп қарап алып: «Ой, мен бұл қызталаққа өлең айтпаймын», – дейді. «Ойбай, Жәке, болмайды», – деп наркомның иманы тас төбесіне шығады. Жамбыл лоджия жаққа тағы бір қарап алады да: «Әй, мен бұған мүлде өлең айтпаймын», – дейді. Саяси бюро мүшелерін, соның ішінде Сталинді күттіріп қою – қатер. Нарком сасқалақтайды. «Жәкелеп» жаны шығып бара жатқанда, ақынның тілмашы Қасым Тоғызақов қуекеш адам екен, сол жүгіріп келіп: «Жәке, бастаңыз. Сталин Қазақстанға ат басындай алтын бергелі отыр», – депті. Сол сәтте Жамбыл кетті дейді ағыл-тегіл.

Ол кезде Жамбылдың жасы 91-де. Хат та танымаған адам. «Бұл қызталаққа өлең айтпаймын» деп жүргені Николай патшаны тақтан құлатқан Ленин мен Сталинді Алпамыс, Қобыланды, Қамбар сияқты алып батыр екен деп жүрген ғой. Сөйтсе, мынау қол басындай қортық адам. Содан көңілі қалған.

Жамбыл әлемнің 160-тан астам тіліне аударылған. Қытайда, Иранда, Ресейде, Түркияда, Қырғыз елінде, тағы-тағыларында. Әлгі ақынымыздың туфлиін жалаған деп жерден жеті қоян тауып алғандай болып жүрген көрбай-жербай әңгімесі, образдап айтқанда, керзі етікті шылғаусыз кигендей қолп-қолп еткен бірдеңе. Сталинді кім мақтамады. Мақтай-мақтай Демян Бедный деген ақын Кремльге қоныстанып алды ғой, әлемдік ақын Анна Ахматова киер көйлекке жарымай жүрсе де, Сталинді мадақтап өлең жазған. Атақты Пастернак, Мендельштамды қайтесің?! Сталинді мақтамаған ақын жоқ. Ұлы композитор Бетховен ғажайып 9-симфониясын әуелі Бонапартқа арнады. Мұның барлығы – аса сауаттылар. Ал Жамбыл хат танымаған. Жамбылға Сталинді, Кеңес өкіметін, партияны мақтатқан сол кездегі қоғамдық жағдай. Бақытты заманды туғызды, теңдікке қолымызды жеткізді деген сенім.

Әуелі Мәскеуге Ғамзат Цадасса, Сүлеймен Стальский деген кавказ жыршылары белгілі болған. Тағысын тағылар. Бірақ олар Жамбылдан асып кете алмады. Жамбыл халықтың адамзатқа тән бірін-бірі желеп, жебеп отыратын халықтық, ұлттық, жеке тұлғалық рухын жырлай білді. Шын мәнінде, ол адамзатқа ортақ ақын болды. «Ленинградтық өренім» атты бір өлеңімен бүкіл майданды дүр сілкіндіріп, әлемге адам баласының бас амандығы, бейбіт өмірінен асқан бақ пен бақыттың болмайтынын үндеді. Осындай аса гуманистік дарынмен біздің қазағымызды әлемге ең алғаш танытқан Жамбыл болды. Абайдан да, Әуезовтен де бұрын.

Бүгіннен осы өлкедегі тарихи деректер, сөз болатын тұлғалар, жер-су аттары туралы мәліметтер жиналып, топтастырылуы керек. Сонымен бір мезгілде Жамбыл және тарих, Жамбыл және қоғам, Жамбыл және өңір, Жамбыл және мәдениет деген жамбылтану зерттеулерімен айналысу қажет.

2021 жылды «Жамбыл жылы» деп жариялау да жарасым табар еді. Жамбыл атындағы өлкетану музейі салынса және Жамбыл атындағы жыраулар орталығы (ақындықтың емес) ашылса, артық болмас, сірә. Жыраулықтың озық үлгісінің танымы қалыптасар еді.

Руханиятымыздың дамуына ерте үлес қосқан ұлы жырау жайлы көзі қарақты, көңілі ояу жандардың ұсыныстары бола жатар.

Ұзын сөздің қысқасы, мерейтой атаулыны сауыққойлықтан аман сақтау керек. Ояу сананың салтанаты дейтін ұстаным дәуірі бүгін. Жамбылтанымдықтың жаңа парақтарына сол ұстанымның ұлағаттары жазылуы тиіс.

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.