Қалалық қоғамдық-саяси газет

Осы жұрт Борис Шнитниковты біле ме екен?

0 219

1984 жыл, Анкара.
Анкарадағы Ғазы университетінің докторанты Ферхат Тамир мырза осы қалада тұратын бірнеше үй қазақпен байланыс орнатып, қазақ тілін зерттеуге кіріскен екен, сөйтіп біздің үйге де келді. Анкарада қазақ өте аз, санаулы адам ғана, оның ішінде Жерде (Алтай-Баркөл) туған адамдар да саусақпен санарлықтай еді. Ферхат мырза осы үлкен кісілермен сұхбаттасып, өзінің зерттеу тақырыбы «Баркөл қазақтарының тілі» бойынша материалдар жинаумен болды.

Көршіміз һәм туысқан ағамыз Ұядан қажы Бөшжанұлы, әйелі Зайып қажы Белбеуқызы сияқты жасамыс кісілер қазақ тілінің жілігін шағып, майын жұтқан адамдар, өлең кітаптың бірталайын жатқа айтып, өздері де өлең қиыстыратын ақынжанды кісілер еді. Әкем марқұм Жүніс Рақиұлы (1922-2014) сонау Баркөлде жүрген кезінен сол кездегі қазақ қоғамына танымал молдалардан дәріс алған, төтеше сауаты бар, Ақыт қажы Үлімжыұлының өлең сөздерін жатқа айтатын, қазақтың көне тіліне бай кісі еді. Ферхат мырза осы кісілермен жиі кездесіп, қазақ тілінің грамматикасы, семантикасы туралы сұрақ сұрап, жазып отыратұғын. Біздің үйге келгенде, әкем түрікшеге шорқақ болғандықтан, мен екеуінің арасында тілмаш сияқты болып, өзім де білген нәрселерімді айтып отырушы едім.

Ферхат мырза екі жылдай келіп жүрді, қолында дәптері мен иыққа іліп жүретін үлкен диктофонымен. Шынымды айтсам, қазақ тілін осы кісіге үйрете жүріп, өзімнің де көзім ашылды, бұрын мән бермеген немесе тіпті білмеген талай нәрсені байқадым, түсіндім. Тілді үй ішінде сөйлеу бір басқа, ал оны докторлық диссертация тақырыбы еткен тіл маманына түсіндіру және оның жүздеген, мыңдаған сұрақтарына жауап беру бір басқа. Ферхат мырзаның докторлық диссертациясы «Баркөлден қазақ түрікшесі мәтіндері» деген атпен Түрік мәдениетін зерттеу институты тарапынан 1989 жылы Анкара қаласында жарыққа шықты (170 бет). Автор алғысөзінде бірнеше мәрте марқұм әкеме және маған алғысын білдіріп еді, бұл – мен үшін үлкен дәреже, зор бақыт. Қазақ тілінің, Кеңес Одағының бар кезінде, шетелде зерттелуіне және ғылыми кітап болып шығуына қосқан бір тамшы үлесімді әлі күнге мақтан етемін.

Ферхат Тамир мырза нағыз ғалым еді, өзінің зерттеу тақырыптарына әбден дайындалып, сұрақтарын әбден сұрыптап сұрап, жауаптарды мұқият жазып отыратұғын. Біздің үйге келгенінде, қолында бір сөздік ұстаушы еді, басында байқамаппын, соңынан байқап, рұқсат сұрап қарадым. Сөйтсем, Америкада шыққан қазақша-ағылшынша сөздік екен. Сөздіктің түпнұсқасы емес, ксерокөшірмесінің түптелген түрі, екі беті бір бетке шығыпты. Сөздік маған ұнады, өзім ағылшынша жақсы білемін, ол кезде қазақша ешбір сөздік болған жоқ шетелде. Осындай сөздіктің бар екеніне қуанып, Ферхат мырзадан рұқсат сұрап, Анкараның орталығындағы Қызылай ауданына барып, ксерокөшірмесін жасатып алдым. Ол кездегі ксерокөшірме жасайтын аппараттар өте үлкен болатын, түріктер оны «сулы көшірме» дейтұғын, кәдімгі тоқыма станогы сияқты үлкен және істеген кезде дауысы қатты шығатын. Сөздікті көшіріп алып, сол жерден түптетіп алдым, рақат. Содан бірнеше жыл осы сөздікті пайдаландым. Міне, бүгінгі тақырыбым осы қазақша-ағылшынша сөздіктің авторы Борис Шнитников туралы болмақ. Мен ол кісінің жазған кітабын, сөздігін пайдаландым, қазақ тілінің шетелдерде зерттелуіне бірден-бір үлес қосқан осы автор туралы білгенімді сіздерге де айтқым келіп тұр, бұл бір опа борышы деп білгейсіздер.

Борис Николаевич Шнитников мырзаның «KAZAKH-ENGLISH DICTIONARY» деп аталған сөздігі 1966 жылы Америка Құрама Штаттарында жарық көрген, шығарушы – Индиана университеті. Орал-Алтай тілдерін зерттеу сериясы бойынша 28-ші том ретінде шығарылыпты. Сөздіктің алғысөзін атақты лингвист, этнограф Н.Н.Поппе (1897-1991, Nicholas POPPE) жазған екен. Оның өзі Қиыр Шығыста туған адам, қытай және мұңғұл тілдерін жақсы білетін, Кеңес Одағы Ғылым академиясының Шығыстану институтында мұңғұлтанушы болып істеген маман, 1943 жылы соғыс уағында немістер жағына қашып кетіпті, одан 1949 жылы Америкаға қоныс аударып, қалған өмірін сол жақта өткізген. Осы Поппе мырзаның жазған алғысөзінен біраз мәлімет келтірейін.

Борис Николаевич Шнитников 1886 жылы Санкт-Петербургта өмірге келген. Әкесі танымал заңгер, шешесі болса атақты ғалым Оттон Бётлингктің (1815-1904) туған жиені. О.Н.Бётлингк – үнді тілдерін терең зерттеп, әсіресе, көне санскрит тілі туралы жазған еңбектерімен ғылыми ортаға мәлім болған зерттеуші. Ол сонымен қатар біраз уақыт якут (Саха) тілін де зерттеумен шұғылданыпты, жиені Бориске әсер еткен осы жағы болған шығар деп ойлаймын. Б.Н.Шнитников атақты Тенишев мектебін бітірген соң, Санкт-Петербургтағы политехника институтының экономика факультетінде білім алған екен. 1912 жылы Ресей империясы ауыл шаруашылығы министрлігінің экспедициясы құрамында осы күнгі Қазақстан жерін де аралапты. Қазақ жерінде өткізген уақытында қазақ халқына, қазақ тіліне қызығушылығы артып, қазақтың салт-дәстүрлерін зерттей бастапты.

Ресей патшалығы саудагерлік флотында Владивосток, Гонг-Конг, Лондон сияқты қалаларда сауда уәкілі болып істеген ол Қазан төңкерісінен кейін Парижге, соңынан 1925 жылы Америкаға қоныс аударыпты, қалған ғұмырын осы елде өткізген екен. Америкада Әскери карта жасау қызметінде жұмыс істеген Борис Николаевич көп жылдар бойы қазақ тілінің сөздік қорын жинау-мен шұғылданыпты. 1925-1959 жылдары жинаған материалдарының бәрін сөздік етіп дайындап, баспаға ұсынады. Бұл Кеңес Одағынан тыс елдерде жинақталған және жарияланған тұңғыш сөздік болғанымен де өте құнды еңбек. Шнитников мырза сөздігін толық тәмамдай алмай, 1961 жылы ауыр науқастан көз жұмады. Өлерінің алдында көпжылдық жан досы Николай Поппе сөздіктің қалған жерін жинақтап, бітіретініне уәде береді. Поппе осы уәдесін орындап, сөздіктің қалған бөлігін докторант Раймонд Хеберт мырзаға дайындатқызады, өзі жіті бақылап отырады. Сөйтіп, атақты сөздік 1966 жылы Индиана университетінің баспасынан жарыққа шығады.

Б.Н.Шнитников дайындаған қазақша-ағылшынша сөздік осы күнде де жоғары сұранысқа ие, әлемге әйгілі баспаханалар тарапынан бірнеше рет басылып шыққан. 1966 жылғы алғашқы басылымы 301 беттен тұрады. Бағасы да арзан емес, 95$-310$ аралығында ұсыныстар бар. Сөздік 2011, 2017 жылдары қайта басылып шыққан, интернет желісінен тапсырыс беріп алуға болады.

Міне, қазақ тілінің шетелдегі тұңғыш сөздігінің авторы туралы шағын мәлімет осы, достар. Қазақ тілін зерттеуге, оны шетелдіктерге танытуға зор еңбек сіңірген Б.Н.Шнитников және Ферхат Тамир мырза сияқты ғалымдарға шексіз алғыс айтамын.

Мұртаза Жүнісұлы,
PhD, мәдениеттанушы, дінтанушы.
23 қазан 2020 ж., Алматы қ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.