Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір дыбыс – бір таңба

0 205

Латын әліпбиіне көшу ең алдымен біздің қазіргі жаһандану жағдайында әлеммен графикалық тұрғыдан үндесуімізге мүмкіндік береді. Өзге түркі тектес халықтардың барлығы дерлік өтіп, олардың іс-тәжірибесі, қаріпті өзгерту үдерісінің ерекшелігі ескеріліп, талданып, таразыланып, үлкен дайындықпен өтіп жатқан тарихи мәселе оң шешілетініне халық та, Елбасы да сенімді. Латын әліпбиіне ауысу – заңдылық.

Егер әліпби ауыстырылмай, дамудың аймақтық деңгейінде қалып қойсақ, ол ұрпаққа жасаған қиянат болар еді. Сондықтан ертеңгі ұрпақ үшін жасалып отырған бұл қадам – қазақ мемлекеттігін дамытудың үлкен белесі. Тәуелсіздігіміздің шешуші кезеңі, әлемдік өркениетке ұмтылудың, ілесудің негізгі шарттарының бірі.
Әліпбидің жаңа нұсқасында оны дайындаушылар тек қана ғылыми принциптерге сүйенді. Әліпбидің ғылыми негізділігі оның қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға да, әліпби түзудің халықаралық принциптеріне сүйенуге де мүмкіндік берді. Әліпби жасаудағы осындай ұстанымның 3 маңызды жағы бар. Біріншіден, бұл әліпби қолданысқа енгенде, қазақ тілінің табиғи байлығы мен бейнелілігі толық сақталады. Әліпбиде «бір дыбыс – бір таңба» принципі негізге алынған. Екіншіден, әліпби халықаралық тәжірибелерді, оның ішінде Халықаралық фонетикалық әліпбидің таңбалық базасына құрылғандықтан, оның әлемдегі танымалдылығы жоғары. Сондықтан да әліпбидің бұл нұсқасы әлемнің елуге жуық мемлекетінде тұратын қазақтардың пайдалануына қолайлы болады. Соның нәтижесінде, бұл әліпбиді дүниежүзі қазақтарының ортақ әліпбиі деуге негіз бар. Үшіншіден, жетілдірілген әліпби нұсқасы ІТ-технологияларға толық сәйкес келеді. Әліпбиге алынған таңбалардың барлығы UNICODE жүйесінде бар.

Жаңа емле ережелерінің алдыңғы ережелерден басты айырмашылығы – алдыңғы бекітілген әліпби бір ғана диакритикалық таңба акут белгісіне негізделген болатын. Мәселен, ол әліпбиде ә, ө, ү, ғ, ң, у дыбыстарының таңбаларына акут белгісі қойылған және екі дыбыстың (ш, ч) таңбасы диграфпен (қос әріп) берілген. Мамандардың ұзақ та тыңғылықты талқылауынан, сараптауынан кейін диграфтар мен акут диакритикасы әліпби құрамынан мүлде алынып тасталды да, оның орнына умлаут, бревис, седиль және макрон дикритикалық белгілері алынды.

Жетілдірілген әліпби құрамы 31 әріптен тұрады, үшеуі умлаут, біреуі бревис, біреуі макрон, біреуі седиль диакритикалық таңбасы арқылы берілген. Әрбір диакритикалық белгі тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне қарай дауысты мен дауыссыз дыбыс таңбасына бөлек, өзара ажырап қолданылған, яғни әр диакритиканың өз қызметі бар. Умлаут диакритикасы жіңішке дауыстыларды белгілейді. Жаңа әліпбиде Ә, Ө, Ү дауыстылары умлаут ( ̈ ) арқылы берілді: älıpbi, örkeniet, ükımet. Умлаут – түрік, әзірбайжан, түркімен, неміс, фин, швед, исланд, венгр және т.б. тілдердің әліпбилерінде қолданылады. Сондай-ақ халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандартқа сәйкес. Умлаут диакритикасының мәтіндегі танымдылығы жоғары.

Жаңа әліпбиде Ғ дыбысын бревис диакритикасы арқылы Ğ таңбасымен беру ұсынылды: ğaryş, jaŋğyru, ğylym. Бревис – латын графикасы негізінде түркі халықтарының әліпбиінде қолданылатын әріп үстіндегі диакритикалық белгі. Бұл белгі негізінен қысқа дыбыстарды таңбалау үшін қолданылады. 1990 жылдардан бастап латын әліпбиіне көшкен әзірбайжан және қырым-татар тілдерінде қолданыла бастады. Бревис диакритикасының мәтіндегі танымдылығы жоғары.
Ұ дыбысын макрон диакритикасы арқылы Ū таңбасымен беру ұсынылады: ūrpaq, qūraq, mağlūmat. Макрон – дыбыстың созылыңқы айтылуын білдіретін диакритикалық белгі. Ол литва, латыш, бретон тілдерінде дыбыстың созылыңқылығын білдіру үшін, сондай-ақ араб, қытай, жапон сөздерін латын әліпбиінде транслитерациялау үшін де қолданылады.

Ш дыбысын седиль диакритикасы арқылы Ş таңбасымен беру ұсынылды: şaŋyraq, qaşyqtyq, alaş. Седиль – әзірбайжан, өзбек, түркімен, түрік, француз, албан, чуваш және т.б. тілдердің әліпбилерінде қолданылатын диакритикалық белгі. Бұл белгі негізінен тіл алды ызың, қатаң дауыссыз Ш дыбысын таңбалау үшін жиі қолданылады әрі халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандарттық тұрпатына сәйкес келеді. Сондай-ақ Ш дыбысын Ş таңбасымен беру «бір дыбыс – бір әріп» принципін сақтауға да толық негіз болды.

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, әліпби – адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Қазіргі орфографиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді ел ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы Қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз.

Гауһар СЕЙСЕНБАЕВА,
Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының әдіскері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.