Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қос батырдың болаттай берік достығы

0 390

Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықов – Жуалының тумасы. Екеуі бір сыныпта оқып, бірге өскен. Соғыста да бір полкте бірге қызмет етті. Соғыс аяқталған соң да әдебиет майданында қаламдас досқа айналды.
Жеңіс күнінің қарсаңында газет оқырмандарына Құрманбек Сағындықовтың досы Бауыржан туралы «Ең аяулы досым менің» атты естелігінің қысқарған деректі бөлігін және Александр Бектің «Волоколамское шоссе» атты кітабын «Арпалыс» деп қазақшаға аударғаны туралы түсінік сөзін ұсынғанды жөн көрдік.

Шақпақ өңіріндегі Бала Құлан тауының төскейін мекендейтін Нұрабай ауылының адамдары түс қайта Қоңыртөбе түбінен ағып өтетін өзеннен бері шыға, жердің шаңын бұрқырата шауып келе жатқан салт аттыға аңыра қарап қалған-ды. Оның әкеле жатқаны қуаныш па, әлде күйініш пе, мұны әзірше ешкім білмейді. Қазақтың салтында жайшылықта естиярлы адам ешқашан да ауылға қарай шаппайды. Біраздан кейін байқадық, көк жорғасын үстін-үстін қамшылап, құйғыта түскен салт атты менің әкем Сағындық болып шықты. Біздің атамыз бен әжеміз:
– Әй, не боп қалды? – деп қосарлана дауыстады.
– Ештеңе де болған жоқ, – деп ентіге жауап қайырған әкем маған: – Дереу жуынып-шайын, балақай! – деп әмір етті. – Әулиеатадағы интернатқа оқуға баратын болдың!..
Біз сәлден соң Әулиеатаға жүріп кеттік те, Күйік асуынан әрі өткеннен кейін, қаңлы руына тән майда тайпасына жататын бір ауқатты шаруаның үйіне қонып шығып, ертеңіне сәске түсте интернатқа барып жеттік.
Сол тұста уезд орталығы болған Әулиеатадағы Аса интернаты қаланың батыс жағында, Үшбұлақ деп аталатын атыраптағы қаңылтыр шатырлы үйлерде орналасқан болатын. Қырғыз Алатауынан бастау алатын Күркіреу суы Күйік шатқалында Боралдай жақтан ағатын Теріс арнасына қосылады да, бұдан кейін Аса өзені боп аталып, Қаратаудың солтүстік жағындағы Билікөлге барып құйылады. Алғаш рет бізді тәрбиелеп өсірген оқу орнының аты да, міне, осыған байланысты еді.
Интернат түлектері біздің топты жамыраса қарсы алды. Солардың бірі – мен құралпы, талдырмаш, аққұба бала қасыма жетіп келді: екі көзі танадай, қос жанары жарқ-жұрқ етеді. Ол менің бөз шапанымның әрбір жыртығын саусағымен нұқып, орысша: «Што ето, што ето?» – деп қайта-қайта сұрай берді. Сірә, менің кейпім, әсіресе жыртық шапаным мен шоқайым өзіне тым сұмпайы көрінсе керек. Мен қатты қысылып, үнсіз төмен қарадым.
«Жаңа түскен келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, өзіме әбден ұнап қалған бұл бала екеуміз содан былай әбден таныс-біліс болып алдық. Өзінің аты – Бауыржан, әкесі – құли тайпасына жататын, сол өңірдегі дүйім жұртқа әбден танымал болған Момыш молда екен. Мен де өз әкемнен осынау әзіз кісінің есімін талай рет есіткенмін.
Он екі жасар қос құрбының, ешқашан да жұбы жазылмаған жуалылық екі дос – Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықовтың өмір жолы, міне, осылай басталған.

Біздің өскен ортамыз

Жуалы, дәлірек айтқанда, үш Жуалы жайында халыққа кең тараған аңыз бойынша, жер жәннатын іздеп таппақшы болған Асан қайғы өзінің Желмаясымен түрлі-түрлі елдер мен мекендерді, асқар таулар мен кең-дарқан жазираларды кезіп жүріп, көркі әсем, шөбі шүйгін, суы нәрлі Жуалыны бір күнде аралап шығып: «Паһ, шіркін, шынайы ұжмақ дерлік әсем де көрікті өлке екенсің, бірақ аумағың аттың сауырына ғана сыярлық аядай жер болып шықты», – деп өкініш білдіріпті. Шынында да, айналасын қоршаған таулардың біріне шығып көз жіберсең, бұл өңірдің деңгейін, шығысынан батысына дейінгі, солтүстігінен оңтүстігіне дейінгі жер жазығын ешбір дүрбісіз-ақ зердеңе оп-оңай тоқып алуыңа болады.
Біздің ауданның Жуалы деп аталуының себебі – мұнда табиғи жуа мен сарымсақ көп өседі. Жұрттың бәріне таңсық әрі денсаулыққа шипалы бұл өсімдіктердің өте-мөте көп шығатын өңірлері – ауданның батысында Белқожа сазы, орта шенінде Мыңбұлақ, шығысында Батырбек сазы деп аталады. Біздің ауыл Белқожа сазымен жапсарлас, ал Бауыржанның ауылы Мыңбұлақ өңірінде.
Этнографиялық жағынан алып қарайтын болсақ, ауданның батыс жағында Алексеевка, Казанка, орта шенінде Петровка, Кременевка, Бурно-Октябрьское, оңтүстігінде Евгеньевка дейтін ірі селолар бар. Бұл мекендерде негізінен орыстар мен украиндар тұрады. Аудандағы ірілі-ұсақты селолар мен деревнялар, түгел алғанда, жиырмаға жуық. Бұл мекендердің көпшілігіне орыс-украин қауымдарының ішіндегі өте-мөте даңқты деп танылған адамдардың есімдері берілген. Бұлардың ішінде екі селоның – Бурно-Октябрьское мен Кременевканың – өзгеше аталған себебін түсіндіре кетейін.
Жуалының Мыңбұлақ өңірінен теміржол жүргізілген кезеңде (1916-1917 жылдары) сол маңдағы жотада салынған станцияға Бурное деп ат қойған (қазақша боранды-дауылды деген сөз)… Ал Кременевка немесе Кременовское деген атауды алатын болсақ, 1910 жылы (Бауыржан екеуміздің туған жылымыз) Жуалыға қоныс аударып келген украиндар Шақпақ жотасының еңісіндегі Қоңыртөбе мен Үштөбенің аралығында аталас туыстығына орай орналасып, үлкен село (поселке) салған. Бұл мекенді қалай атау керек деген мәселеге келгенде, түрлі-түрлі аталастар арасында бітіспес алауыздық туыпты. Сонда өзгелерден жасы үлкен әрі қадірлі бір ақсақал орнынан тұрып, мынадай билік айтыпты: «Бұл жерді киргиздар (яғни қазақтар) қалай атайды екен, соны өз тілімізге аударып қолданайық, осыған көнесіңдер ме?», – деп сұрапты. Бұған бүкіл қауым ризалығын білдірген. Осы өңірде шақпақ тас (орысшасы «кремень») көп кездеседі. Ертеректе жергілікті тұрғындар от жағу қажет болған шақта, тамызығын шақпақ тастың ұшқынымен тұтатады екен.
Жуалының қазақтарын алатын болсақ, бұлар сан алуан рулардан құралған. Ауданның батыс жағында, Боралдай тауы мен Қошқарата өзені атыраптарында негізінен сиқым руына жататын қусирақ ұрпағы және қаңлылар тұрады. Бұл өңір көбінесе мал шаруашылығын өркендетуге қолайлы, ал оның ойпаңдары мен жоталарында егін де өсіріледі. Ауданның батыс жағындағы Ұлы Құлан мен Бала Құлан өңірлері де, солтүстіктегі Бақатай жоталары да осындай. Құлан тауларының баурайында негізінен сиқым, жаныс, шанышқылы, қаңлы рулары. Бақатайда шымыр тобына жататын қожық және құттық. Алатаудың солтүстік баурайында қаңлы руының Бадырақ және Сейітқұл ұрпақтары тіршілік етеді. Мыңбұлақ өңірінде негізінен шымыр руына жататын Байтана және Құли ұрпақтары, ауданның шығыс жағында, Қырғызстанмен жапсарлас, Батырбек сазы деп аталатын аймақта жаңабайлар тұрады (бұлар да шымыр руына жатады). Осы арада айта кету керек, Кенесары-Наурызбайдың қырғыздарға қарсы жорығына қатысқан Байзақ датқаның қолы, негізінен, осы жаңабайлардан құралған деседі.
Бауыржанның әкесі Момыналы (Момыш) Имашұлы зерделі де ширақ, пайымшыл да алғыр кісі болған. Жастайынан ескіше оқып, білім алған; оның үстіне өмір бойы өздігінен оқып-үйреніп, жақсылық пен ізгілікті, парасаттылық пен адамгершілік үлгілерін көңіліне тоқи білген. Осыған орай ол кісі бүкіл Жуалы өлкесі былай тұрсын, Әулиеата өңіріне де, тіпті Түлкібас аймағына да «Момыш молда» ретінде әбден танылған кісі болатын.
Бауыржанның анасы Разиядан төрт қыз, бір ұл дүниеге келген. Үбіш, Үбиян, Сәлиман, Әлиман сынды қыздары бойжете бастаған шақта, жалғыз ұлы Бауыржанды туғаннан кейін, апасы дүние салған.
Әкесі Бауыржанға жастайынан-ақ арабша және орысша әліппені, арифметиканы үйрете бастаған. Қысқы кештерде ұлына қисса, өлең-дастан оқып беріп, көптеген ертегілер айтқан. Сонымен қатар Момыш жалғыз ұлын орысша оқып үйренуге талпындырады. Алғаш Момыш қарт Бауыржанды Евгеньевка селосында тұратын орыс мұғаліміне беріп, оқытқан. Мұның ақысына алғашында бір пұт ұн, екі пұт дән (бидай мен бұршақ) арнағанда, оқу кітабы мен қағаз-қарындашы үшін бір қой сойып берген. Бауыржан алғашында сол Евгеньевка селосының тұрғыны Гончаровтардың үйінде жүріп оқыған. Әкесі ұлының тамағына арнап бұл семьяға да бір қой сойып апарған…
Момыш әулеті Евгеньевка селосының байырғы тұрғыны Кузьма Гончаровтың семьясымен ортақтасып, көктемде жер жыртқан, тұқым сепкен, жаз бен күз айларында егін орағы мен жиын-терінді бірлесіп жүргізген. Бұл ретте ортақтасу шарты мынандай болып келген: егістік жер – Момыштікі, тұқымды екі жақ тепе-тең береді, ал күш-көлік – Гончаровтікі. Егіншілік жұмысын Гончаровтың үйелмелі-сүйелмелі төрт ұлы, ал Момыш әулетінен оның туған інісі Момынқұл атқарып келген. Бұл жұмысқа қосқан артықша үлесіне қарай, Гончаровтар Момыштан қосымша ет пен сүт алып тұрған.
Бұл жағынан да біздің семьяларымыздың (Момыш пен Сағындық әулеттерінің) тіршілігі өте ұқсас. Көктемгі егіс пен егін орағы кезінде Момыштың семьясы Гончаровтармен ортақтасып келсе, біздің әулет Кременевка селосының ауқатты шаруасы Захар Сороканың семьясымен маусым сайын бірлесе тіршілік етіп жүрді…

Аса интернаты

…Интернат Әулиеатаның Үшбұлақ дейтін өңірінде бұрын орыс көпесінің меншігінде болған қаңылтыр шатырлы бірнеше үйде орналасқан-ды. Ауланың ортасындағы үлкен үйде жатақхана, кішілеу үйде үш оқу класы болатын. Бұлардан жарты километрдей жердегі оқшау үйде негізінен интернаттың оқу құралдары мен жабдықтары сақталатын. Интернат-үйлерінің бәрі қаланың Полторацкая көшесінің бойында еді. Алғашында интернат тәрбиесіндегі балалардың саны жүзден асатын.
Бізге интернат меңгерушісі Уәли Байшин дейтін татар жігіті орыс тілінен, оның зайыбы Хадиша қазақ тілінен сабақ беріп жүрді…
Интернат меңгерушісі Зейнолла Есімов июнь айының аяғында бәрімізді жинап алып, үй-жайы бар балаларды бірінші июльден бастап августың аяғына дейін ауылдарына барып қайтуларына рұқсат етілетінін, ешбір туысы жоқ тақыр жетімдердің интернатта қалатынын, ал барлық кластарда сабақтың ежелгісінше бірінші сентябрьде басталатынын жариялады…
Міне, нақ осы сәттен бастап, орта мектепті бітіргенге дейін Бауыржан екеуміздің жұбымыз жазылған емес. Сабақ оқитын партамыз бір болды, асханада бірге отырып, дәл бір мезгілде тамақтандық, ұйықтайтын төсегіміз қатар тұрды, әсірелеп айтқанда, әрқайсысымыз егіздің сыңарындаймыз әрі арамыздан қыл өтпестей тату болдық, бір үзім нанды бөліп жеп, бір жұтым суды бөліп іштік…
Аса интернатында өткізілген оқу жылдарының ішінде болған үлкен бір жаңалық – Бауыржан екеуміз Лениншіл жастар одағының мүшелігіне өтіп, комсомол атандық….
1924 жылы Аса интернатын бітіргеннен кейін, сол жылғы сентябрьден бастап біз қала интернатында оқымақшымыз. Жазғы демалысты ауылда өткізбекші болып, Бауыржан екеуміз бұл жолы пойызға мініп келдік…
Жиырма бесінші жылғы күзде Аса интернатының төртінші класын аяқтаған балалар, бұлардың ішінде Бауыржан екеуміз де бармыз, қала интернатына ауыстық…
Қала интернатында жаңа оқу жылының басталғанына көп болмай-ақ, Шымкенттегі губерниялық халық ағарту бөлімінен келген жарлықта бесінші кластың шәкірттері Шымкенттегі қазақ орта мектебіне тез жіберілсін делініпті. Бір-екі күннен кейін интернаттың он бір шәкірті, бұлардың ішінде Бауыржан екеумізден басқа Ораз Байшымыров пен Сейітқасым Көлбаев, Дәулетжан Ыбырайымов пен Тәуірбек Әшімов бар, бір тәуліктен кейін Шымкенттегі орта мектепке барып жеттік. Бізге арнаулы жатақхана әзірлеп қойған екен, бәріміз тез-ақ орналастық. Сырттан біздің тобымызға қызылордалық Әбділда Тәжібаев, меркілік Шерәлі Досмұхамбетов пен Арынғазы Қонысбаевтар келіп қосылды…
Бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстазымыздың түсіндіруінше, қазақта Ахмет Байтұрсыновтан асқан ғалым, тіл маманы жоқ, Мағжан Жұмабаевпен тең түсетін ақын жоқ.
Келесі оқу жылында біздің мектептің өмірінде екі түрлі жаңалық болды. Бұған дейін біздің мектеп жай ғана Шымкент орта мектебі деп аталып келсе, енді ол КИМ атындағы мектеп деп аталды. Сол кезде елімізде барлық революцияшыл жастарды біріктірген дербес ұйым болған. Оның толық аты – Коммунистический Интернационал Молодежи – Жастардың коммунистік интернационалы болатын. Қазір ол Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп деп аталады…
1928 жылы Шымкент орта мектебін үздік бағамен бітіргеннен кейін, Бауыржан екеуміз жоғары оқу орнына түсу жөнінде үзілді-кесілді уәделестік. Август айының орта шенінде Шымкентке қайта келіп, шайханаға орналастық. Көп ұзамай бізге Сейітқасым Көлбаев қосылды. Үшеуміз губерниялық оқу бөліміне барып өтінішімізді айтқан едік, сол мекемеде инспектор болып істейтін Шәймерденов дейтін жігіт Орынбор педагогикалық институтына түсуіміз үшін бізге жолдама жазып, жол каражатымызды төлеттірді…
Ақырында бізді қабылдаған Кәрім Тоқтыбаев паңдана теріс жауабын айтып, көңілімізді суытып тастады. Ол кісінің айтуынша, нақ сол Сырдария губерниялық оқу бөлімінің бұрынырақ берілген жолдамасы бойынша институтқа басқа екі бала қабылданып қойыпты-мыс. Біз ол кісіден басқа абитуриенттермен қатар жарысқа түсуімізге рұқсат етіңіз, озып шықсақ, институтқа қабылдаңыз, ал өте алмасақ, жөнімізге кете береміз деп едік, директор илікпей қойды. Бір тәуір жері – ол кісі біздің қайтуымызға жол қаражат берді. Сөйтіп, біздің Орынборға жасаған сапарымыз осымен тынды…
1928 жылғы декабрь айының бас кезінде Бауыржан екеуміз ақылдаса келіп, Сарысуға баруға бел байладық. Мұғалімдер даярлайтын курсты ойдағыдай бітіргеннен кейін біз губерниялық оқу бөлімінен Сарысуға жолдама алдық та, шынжыр балақ, шұбар төс байларды конфискелейтін губерниялық комиссияға, яғни қарулы отрядқа декабрьдің орта шенінде барып қосылмақшы болдық…
Сарысу ауданының орталығы Түгіскенге барып жеткенше Бауыржан екеуміз адамдар қатынасының бүгесі мен шігесін көріп-біліп, көңілге түйіп отырдық…
Келесі күні біз Сарысу аудандық партия комитетінің секретары Әлішер Бейсеновке бардық. Ол кісі бізді жылы шыраймен қарсы алып, ауданның жай-жағдайымен таныстырды. Бұдан соң:
– Бірің аудан орталығынан екі-үш жүз шақырым жердегі бұрынғы Тарақты болысында, тағы бірің осы атыраптағы Тама болысында мұғалім боласыңдар. Бүгін-ертең Тарақты ауылдық советінің председателі Сүйіндік Сапақов осында келмекші. Сол жаққа қайсыңның баратыныңды сол жігіттің қалауы біледі, – деді аупартком секретары.
Сол күннің ертеңінде Әлішер Бейсенов екеуімізді қайтадан шақырып алды. Ол кісінің қасында отырған төртбақ, қараторы кісіні көріп, амандастық.
– Сүйеке, мен айтқан екі жас мұғалім – осылар, – деді секретарь. – Екеуі де біздің Сырдария губерниясына қарасты Жуалы ауданынан. Бұлар бірге өсіп, бірге оқыған, Шымкенттегі орта мектепті, содан кейін мұғалімдер даярлайтын үш айлық курсты бітірген. Байласқан уәдеміз бойынша, осы екі жігіттің бірін өзің таңдап ал…
Тарақты ауылдық советінің председателі байыпты да өткір, сарапшыл да сыншыл қарақат көздерін екеуміздің бет-әлпетімізге кезек-кезек жүгіртіп отырды да, ақырында:
– Мына баланы қалаймын, – деп мені нұсқады.
Сөйтіп, мен Тарақты ауылына кететін болдым да, Бауыржан қалып қойды.
Аудан орталығы Түгіскенмен қатынасымыз өте сирек: ол жақтан бізге хат-хабар, қатынас қағаздар айына бір-ақ рет келеді. 1929 жылғы февральдің аяғында Бауыржанның қоштасу хатын алып, қатты қайғырдым: екеуміз егіздің сыңарындай едік, бұған дейін жұбымыз жазылып көрген емес. Ал Түгіскендегі жатақтардың және аудан қызметкерлерінің балалары үшін мектеп ашудың сәті түспепті, бұған жергілікті тұрғындардың қолғабыс-көмек көрсетпегені былай тұрсын, тіпті ешқандай ынта-ықыласы да болмаған. Бауыржанның елге қайтып кетуіне себепкер болған жағдайлар, міне, осындай. Сарысу ауданының Тарақты сияқты шалғай түкпірінде жалғыз қалып қойғаным үшін қатты қайғырдым, ешкімге сездірмей, оңашада өксіп-өксіп жылап та алдым…

*        *       *

Соңғы сөз

1941 жылдың октябрь-ноябрь айларында, Мәскеуге қауіп төнген шақта, Кеңес армиясының басқа да құрамаларымен бірге оны генерал Иван Васильвич Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының да асқан ерлікпен қорғағаны мәлім. Даңқы бүкіл әлемге әйгілі 28 панфиловшы-гвардияшы да – осы дивизияның батырлары. Алматыда құрылған осы құрама сұрапыл арпалыс кезінде қажырлы қайрат көрсетіп, шебер қимылдағаны үшін 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы деп аталды. Кейінгі ұрыстарда неміс-фашист әскерлерін ойсырата қырғынға ұшыратып, тамаша жеңістерге жеткені үшін дивизия Ленин, Жауынгерлік Қызыл Ту, Суворов ордендерімен наградталып, өшпес даңққа бөленді. Белгілі совет жазушысы Александр Альфредович Бектің «Арпалыс» («Волоколамское шоссе») атты кітабында гвардияшы-панфиловшылардың Москваны қорғаудағы ерлік істері жайында баяндалады. Кітаптың басты кейіпкерлерінің бірі – сол кезде дивизияның Талғар полкіне қарасты бірінші батальонының командирі болған аға лейтенант Бауыржан Момышұлы. Соның айтқан әңгімесі бойынша тарихи шындық негізінде жазылған кітаптың авторы хикаяны: «Бұл кітапта мен тек қана әңгімешінің айтқанын бұлжытпай, қағаз бетіне түсіруші хатшымын», – деп бастайды. Әрине, бұдан бұрын да талай кітап жазып, қаламы төселген жазушы қарапайым «хатшы» емес, өйткені «әңгімешінің айтқанын бұлжытпай, қағаз бетіне түсіру» екінің бірінің қолынан келе бермейді. Кітап орыс тілінде 1944 жылы жарыққа шығып, одан кейін де бірнеше рет қайта басылды. Панфиловшылар жайындағы сөз хикая тек Совет Одағында ғана емес, бірсыпыра шет тілдерінде де сан рет жарық көріп, оқырмандар қауымының сүйікті кітабына айналды. Бұл кітаптың қазақша төртінші рет басылуына байланысты оқушыға мына жағдайды ескерте кеткен жөн.
1942 жылдың орта шенінде Александр Бек майдандағы 8-ші гвардия дивизиясына барды. Оның көздегені панфиловшылардың Москваны қорғаған кездегі ерлік істері жайында кітап жазу үшін материал жинау еді. Бек майданға барғасын Бауыржан Момышұлымен кездесіп, кітапқа негіз болған материалдардың бәрін содан алды. Осы кітапты аударушы да, нақ сол кезде Бауыржан басқаратын полкте болатын. Сонда Бауыржанның Александар Бекке айтқан әңгімесін біз өз аузынан есіткенбіз. Сондықтан бұл еңбекті қазақшаға аударғанда, оқиғаның негізгі желісі жағынан кітаптың орысшасынан аумасақ та, басты кейіпкер Бауыржан Момышұлының әңгімесін, мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін, теңеулері мен сипаттамаларын қазақша айтылуына сәйкес, әл келгенше ұғымды етіп, дұрыс беруге тырыстық. Аударманың түпнұсқадан тағы бір өзгешелігі – әрбір тараудың мән-мағынасына сәйкес тиісті эпиграф беріліп отырды. Кітаптың орысшасы да, қазақшасы да кезінде Бауыржанның қолынан өтіп, қолжазбаларға оның өзі бірқатар түзетулер енгізді. Қазақ халқының аяулы перзенті, Қызыл Армияның саналы да зерделі офицері, батальон командирі Бауыржан Момышұлы өзі басқарған жүздеген жауынгерден құралған тактикалық әскери бөлімшені бақайшағына дейін қаруланған айлакер, сұм жауға қарсы тұрарлықтай, оны жеңіп шығарлықтай етіп шыңдап, машықтандырды. Бұл ретте ол әрбір кемістікке, әрбір сәтсіздікке қатты қынжылып, жауынгерлерінің әрбір сәтті қимылына, әрбір жеңісіне қуанды. Бүгінгі тәжірибесін, көңілге түйген ойларын келесі күні сабақ ретінде пайдаланды. Дивизия командирі генерал Панфиловтың сөзімен айтқанда, батальон оның академиясы, ұлы сынақ үстінде үздіксіз өсу жолы болды. Өз білгенін, көңілге тоқығанын батальонға таратып, қарамағындағы жауынгерлер мен командирлерді қатаң тәртіпке үйретті, оларды табандылық, батырлық, шеберлік рухында тынбастан тәрбиеледі.
Бауыржан өзін Панфиловтың шәкіртімін деп есептеп, оның адамгершілік қасиеттерін, қолбасшылық өнерін хикая ішінде сүйсіне сипаттайды, оны ақылгөй басшы, ұлғатты ұстаз, қамқоршы кемеңгер ретінде қастерлейді. Бауыржанның батальоны, генерал айтқандай, оның өзі үшін академия болды десек, ал Панфиловпен әрбір кездесуі – Бауыржанның тәлім-тәрбие алу, өсіп-өрлеу мектебі еді. Осының нәтижесінде ол аға лейтенанттан гвардия полковнигі, батальон жетекшісінен дивизия комаидирі дәрежесіне көтерілді.

Дайындаған Әлімбай Найзабаев,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.