Қалалық қоғамдық-саяси газет

Орталықтағы он бір үй жаңаша кейіпке енеді

0 273

Тотыдай түрленген Тараз қаласы бүгінде туристер көп аялдайтын шаһарлардың біріне айналып келеді. Жыл өткен сайын қалада еңселі ғимараттар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, облыс орталығының келбетіне сән қосуда.

Енді көне шаһардың шырайын одан әрі арттыру мақсатында тұрғын үйлерді жаңғыртуға ерекше ден қойылып отыр. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те бұл мәселеге айрықша назар аударып, тиісті тапсырмалар жүктеген болатын.
Осы тапсырмалардың нәтижесінде, Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған Төле би даңғылында орналасқан №38, 40, 44, 48, 50, 52, 54, 56, 57, 58, 59, жалпы саны 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін, шатырларын күрделі жөндеу үшін мердігер «Күмбез-Тас» ЖШС-мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Аталған тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарына жарияланған конкурс аяқталып, «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Техникалық қадағалаушы ретінде «Аскос+» ЖШС анықталды.
Қазір Төле би көшесіндегі бес үйде жұмыстар басталып кетті. Құрылыс басында 30-ға жуық жұмысшы мен арнайы техника жұмыс істеуде.
Жалпы биыл Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша 53 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу көзделуде. Ол үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылып, ағымдағы жылы тиісті қаржы бөлінді.
Айта кетейік, бүгінгі күні қаланың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 151-і барак типтес болса, 1 287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер. Сондай-ақ шаһар аумағындағы 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 614-ін алдағы уақытта жаңғырту жоспарлануда.

Аман Есен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.