Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоршаудан қашан құтыламыз?

0 242

Күнделікті күйбең тіршілікте көзге көріне бермейтін үй арасындағы блоктар мен шлагбаумдар төтенше жағдай кезінде кедергі келтіретіні айтпаса да белгілі. Өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері, сондай-ақ полиция өкілдері шақырылған жерге уақтылы келгенімен, кедергілердің кесірінен дер кезінде көмек көрсете алмайды. Бұл орайда кінәні кімнен іздейміз? Блоктарды орнатқан тұрғындардан ба, жоқ әлде жол таппаған сала мамандарынан ба?

Арайлым ШАБДЕНОВА

Жасыратыны жоқ, қайбір жылдары қала әкімдігі «Қоршаусыз қала» бағдарламасын қолға алып, көптеген ғимараттар мен туристік нысандардың қоршауын сырғызды. Қала көркіне көрік қосылып, саябақтар мен оқу орындарының аллеясы «кең тыныстап», тұрғындар алғыс айтқан еді. Бірақ бұл жұмыстар тұралап қалғандай. Әлемнің ірі қалаларының бәрінде орталық бөлік ешқашан қоршалмайды және тұрғындар үшін ашық, сол секілді Тараз да қоршаусыз қалаға айналған-ды. Қазір қалада ұсқыны адам шошырлық ескі қоршаулар өте көп.

Оның үстіне бізде Кеңес заманында салынған көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістері аулаға қараған. Қалада тұрғын үйдің алдында бетон блоктарды жиі көруге болады. Оларды көліктердің үйдің ауласына кіруіне жол бермеу мақсатында жақын маңдағы үйлердің тұрғындары орнатқан. Үйлердің кейбір тұрғындары кондоминиумның бүкіл аумағын металл дуалмен қоршауға тырысады. Бірақ біз төтенше жағдайлар кезінде сала мамандарының жұмысын қиындататынымызды білеміз бе? Осы орайда сан түрлі сауалмен тұрғындардан және төтенше жағдай кезінде қызмет ететін сала мамандарынан жауап алған едік.

– Бетон блоктар қаладағы көптеген аулада қойылғаны жасырын емес. Көп жағдайда төтенше оқиға кезінде діттеген жерге жету үшін сала мамандары блоктарды кесіп, жарып өтуге уақыт пен қаржы жұмсайтыны жасырын емес. Бүгінгі таңда бұл тақырып өзекті болып тұр. Аулалардан алып тастаған бетондарды тұрғындар өздері қайта қойып алады, – дейді қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев.

Бетон қоршаулар мен шлагбаумдар орнатылған жағдайда заң тарапынан жазалау шаралары көзделмеген, бірақ оларды орнату да заңды болып саналмайды. «Бірақ қойылған қоршаулар мен блоктар кондоминиум шеңберінен шықпаса, ол заңға қарсы емес», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары. Мұнда тұрғындар өздері үшін күтпеген және өмірге қауіпті жағдайларда кедергілер тудыратынын түсінуі керек-ақ. Ал өзгелерден өздерін қоршап, қоршауға алған көпқабатты тұрғын үйдің жайы туралы бізге қала тұрғыны Жанна Мамашева айтып берді.

– Біздің ауламыз көптеген себептерге байланысты қоршалған. Біріншіден, біздің үй екі үлкен көшенің қиылысында орналасқандықтан, бағдаршамды айналып өтуге ерінгендер біздің ауладан өте салады. Оның ішінде жеңіл автокөлік те, жүк көліктері де бар. Біз өз ауламыздағы балалар ойын алаңшасы мен үйді айналдыра қоршадық. Бұл қауіпсіздік мақсатында жасалып отыр. Бұған дейін аулаға кім көрінген кіріп, арақ ішіп, көршілердің мазасын алып, түн тыныштығын бұзумен қатар, арттарынан қоқыс қалдырып кететін. Қазір барлығы таза, тыныш және мүлкіміз қорғалған.

Тағы айта кететін жайт, кейбір мекенжайларда бетон блоктар, қоршаулар заңсыз және ретсіз қойылған. Тіпті бірнеше рет өзім діттеген жеріме жете алмадым. Бірақ тұрғындарды да түсінуге болады, өйткені көліктер үйлердің алдынан өткенде жылдамдықтарын төмендетпейді, ауладағы балалар мен тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Ал біздің үйдің қоршауы заңды, құжаттары бар және қоқыс шығаратын жүргізушіге де кілт берілген. Ал кім төтенше жағдайды шақырады, сол есікті өзі ашып, қызметкерлерді күтіп алады. Бірақ қоршау азаннан кешкі он бірге дейін ашық тұрады. Өйткені өзге ауладан да біздерге қоқыс тастайтындар бар және барлық тұрғын бұл графикке үйренген, – дейді қала тұрғыны.

Заңды қоршаулардың ешбір қауіпсіздік тудырмайтынын білдік, ал аулалар арасындағы бетон блоктың кесірінен жедел жәрдем діттеген жеріне жете алмай қалған жағдай көптеп кездеседі екен.

– Жедел жәрдемнің жүргізушілері блоктардың кесірінен дәрігерлерді оқыс оқиға орын алған жерге дер кезінде жеткізе алмайды. Содан тұрғындардан арыз-шағым түсіп жатады. Бірақ олар өздерінің кесірінен медициналық қызметкердің қолы байланып тұрғанын біле бермейді. Адамның өмірі қыл үстінде тұрғанда біздер үшін әрбір секунд маңызды екенін, тұрғындарға блоктарды алып тастауын өтінеміз, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Күлзахира Қызғараева.

Ал Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері оқиға кезінде блоктардан өтудің қиын екенін және ол бағалы уақыттың құнымен тең екендігін айтуда.
– Қала әкімдігімен бірлесіп тұрғындар арасында осы уақытқа дейін қаншама түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әлі де жүргізіп келеміз. Мақсатымыз – қала тұрғындарын ауыр техниканың өтуіне кедергі келтіретін құрылымдарды орнатпауға сендіру. Біз тек өз мүддеміз үшін ғана емес, адамдардың өміріне

жауапкершілікпен қарауымыз керек. Өрт – тілсіз жау. Тіпті үш бөлмелі үйдің отқа орануына 5 минут уақыт жеткілікті, – дейді ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Сәуле Әсетқызы.

Тек сала қызметкерлері ғана емес, қала тұрғындары да мұндай кедергілердің қойылуына қарсы.
– Міне, 20 жылдан бері мен «Қаратау» мөлтек ауданындағы №20 үйдің үй ағасымын. Бұл жылдары біздер көптеген өзгеріс көрдік. Жөндеу жұмыстары, тұрғын үйде орын алған түрлі жағдайлардың куәсі болдық.

Бірақ екі жыл бұрынғы оқиға ойыма түсіп отыр. Біздің үйлер квадрат болып орналасқандықтан, бізді бір жол тоғыстырады. Келесі үйдің үй ағасы біздің жолды бөгеп, бетон блок орнатып жатқанын көріп, сала мамандарын жинап, заң бойынша мәселені шештік. Жан-жақтан тұрғындар да өз ойларын айтып, төтенше жағдай қызметкерлерінің өкілдері де араласып, қоршауды қоймайтын болып келістік. Өйткені біздің үйге жету үшін тағы екі үйді айналып келу төтенше жағдай кезінде ұзақ уақыт алатындығын дәлелдедік. Егер көліктердің жылдамдығын асырғанын қаламасаңыз, бірнеше жерден жасанды жол кедергілерін (лежачий полицейский) қойыңыздар, – дейді тұрғын София Семеновна.

Иә, бұл – тек бір тұрғынның ғана емес, көпшіліктің тілегі. Жасанды жол кедергілері көптеген мәселені шешпесе де, асыққан төтенше жағдай қызметкерінің діттеген жеріне уақытында жетуіне аз да болса септігін тигізетіні сөзсіз. Аулаңызды қоршамас бұрын, бетон блоктарды қоймас бұрын сіздің де үйде төтенше жағдай орын алуы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Қоршаудан құтылып, бөгетсіз өмір сүрудің қарекетін бүгіннен бастап жасайық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.