Қалалық қоғамдық-саяси газет

Онлайн-дәрігер тыңдап тұр

0 246

Коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастарға үйден емделуге кеңес беру мақсатында шаһардағы аурухана дәрігерлері әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып жатыр. Қалалық әкімдік ұйытқы болған бұл бастама аясында бүгінгі күнге дейін алты эфир жүргізілді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Тараз қалалық әкімдігінің «Facebook» және «Instagram» қосымшаларының ресми парақшаларында жүргізілетін эфирлерге өз ісінің білікті мамандары жұмылдырылған. Атап айтқанда, алысты жақындатып, науқастың індет дендеген ағзасын кәсіби кеңестерімен сауықтырғандардың қатарында «Almaz Medical Group» ЖШС-нің Жамбыл филиалының дәрігер-эпидемиологы Нұрпейіс Қасымов, №5 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік аймақтық дәрігерлері Азамат Мұсаев, Роза Хахарова, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің медициналық қызметтің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Айгүл Айтбаева бар.

Кестеге сәйкес, желі қолданушыларына бұл жолы №2 қалалық емхананың бәс дәрігерінің орынбасары Назира Медетбекова эфирге шығып, коронавирусты инфекцияның алдын алу, жіті респираторлы вирусты инфекция мен пневмонияны емдеу жолдары бойынша кеңес берді.

– Рас, қазір тек біздің ел ғана емес, бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Бұл кезеңде сыналатын да, алғы шепте жүріп науқасқа ең бірінші көмек беретін де – дәрігерлер. Мен қала жұртшылығын мұндай ауыр шақта сабыр сақтап, төзімділік көрсетіп, санитарлық нормаларды қатаң сақтануға шақырамын. Біздің әрбір әрекетіміз ет жақындарымыздың қауіпсіздігі мен өміріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан оқшаулану арқылы айналамызды да, өзімізді де қорғай алатынымызды түсінуіміз қажет, – дейді дәрігер.

Өкінішке орай, еліміздің қай нүктесінде болсын бұл індет ізін салмаған ауыл, елді мекен қалмады. Дәрігердің айтуынша, бұл инфекцияның қай толқыны екені түсініксіз.

– Дәрігерлердің жұмысы бірнеше есеге көбейіп, ауырлай түсті. Шынымен де қазір жағдай күрделі. Қазір созылмалы аурулары бар, бірақ орта жасты енді алқымдаған азаматтарымыз да бізді тастап кетіп жатыр. Мұның бәрі жауапкершілік пен өз денсаулығымызға бейжай қарағанымыздың кесірінен болып отыр. Емханаға түсетін қоңыраулардың саны да бірнеше есеге артты. Індеттің алғашқы белгілерін байқағаннан-ақ бірден іске кірісіп, ем-дом қабылдаса, дертті тез әрі жеңіл жеңуге мүмкіндік мол. Бірақ созылмалы ауруы бар қарттарға бұл ауырға соғады. Сондықтан бірден дәрігер көмегіне жүгінген абзалырақ, – дейді Назира Медетбекова.

Сонымен қатар облыстық диагностикалық кеңес беруші «Садыхан» медициналық орталығының бас дәрігері Ажар Елеукенова өзіне сауал жолдаған тілшілердің бұл инфекцияның адам ағзасында үдеу процесі туралы, алғашқы белгілері байқалғанда қандай шара қолдану керектігін жан-жақты баяндап берді. Алдағы уақытта осы тектес тікелей эфирлер Тараз қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында ұдайы жүргізіліп отырады. Мұнымен қоса өңірдегі білікті дәрігерлермен де арнайы айдармен сұхбаттар жүргізілмек. Көкейдегі сауалдарыңызды жолдап, медицина мамандарынан дер кезінде кеңес алуға асығыңыздар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.