Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ол күндердің өшпес даңқы

0 222

Өткен ғасырдың 50-жылдары Үшарал ауылында шағын ғана бір мектеп болушы еді. Соғыстан кейінгі елдің жайы белгілі. Көбісі қатын-қалаш, бала-шаға. Еңбекке жарамдылары аз. Үшаралдың тұрғын халқы қырық ру, қазақтан басқа да ұлт көп: орыс, украин, неміс, грек, шешен, қарашайлар қаптап жүр. Бәрі де жер аударылып келгендер. Кавказдан, Повольжеден еріксіз өз қоныстарынан күштеп көшірілгендер.

Сол жылдары, нақтылап айтқанда, 1953 жылдың 5 наурыз күні Сталин қайтыс болды. Жер дүние күңіреніп кетті. Ауылдың қақ ортасындағы биік діңгектің басына орнатылған жез табақ радиодан ертелі-кеш күңіренген қасіретті әуен аза бойыңды қаза тұрғызады. Жұрт әрі-сәрі күйде. Әлдебір тосын қауіпті күткендей үрейлі.
Қайран менің мейірбанды қазағым-ай! Сталиннен қаншама зәбір көрсе де, оны жоқтап, көп жылаған орыс та емес, ақпейіл қазақ болды. Сол күндері әр ұлттың әр басқа мінез танытқанын байқадым. Орыстар да Сталинді жақтап, жаны ашығандары, көңілі босағандары болды, әрине. Бірақ оншалық қабырғасы қайыса қойған жоқ. Ал шешендер қабағын қарс жауып, әлденеге кектенгендей жұдырығын түйіп, үнсіз жүріп алды. Сужүрек боп қалған немістер әркімнің бетіне алақтап бір қарап, «енді не болады?» дегендей беймәлім күй кешті. Гректер үн-түнсіз шыдамдылық танытса, қарашайлар өзінің тағы бір бейқам күйінде шаруасына айналып жүре берді. Аңырап жылап жүрген сол бір ақжүрек қазағым. Ой, тәубе-ай! Сенің ұлылығың да осы бір ақкөңіл адалдығыңда ғой!

Балкүл деген бір жесір жеңгем болушы еді. Сол өз шаңырағының босағасында отырып аңырап: «Байсыздарға бай болған Сталин-ау!», – деп жоқтау айтып жылады. Асыраушым, бас ием болған деп жоқтағаны ғой. Ел қорғаны болғаны үшін Сталинге деген сенімі мен сүйіспеншілігі зор еді.

Соғыста болып, қан кешіп, Берлинді алуға қатьысқан Ермек аға елге оралады. Өмірдегі ұстанған жолы ұстаз болу екен. Бірден мектепке келіп, аға пионервожатый болып орналасады. Осы күндерден бастап 54 жыл бойы үздіксіз еңбек еткен ардагер ағаның мектепке деген еңбегі ұшан-теңіз. Оның қабырғасын өз қолымен қаласып, кірпішіне дейін құюға ата-аналарды жұмылдырды, жас балаларды оқуға тартуы, қойшылардың балаларына арнап интернат ашуы – бәрі-бәрінің басында Ер-ағаң жүрген болатын. Соның арқасында мектеп біртіндеп он жылдық орыс-қазақ мектебі болып толыққан болатын. Онымен қоймай Ермек аға әр фермада бастауыш, кейбіреуінде жеті жылдық мектептердің ашылуына мұрындық болды. Өзі енді мұғалімдіктен бастап оқу ісінің меңгерушісі, одансоң мектеп директоры болып бекиді. Бұл кезде білімі жан-жақты өскен, тәжірибесі ысылған. Алматыдағы Абай атындағы пединституттың тарих факультетін бітірген кезі болатын. Біз сол кездің балаң шәкірті едік. Қайсыбір кездерде ұстазымызға қолқа салып: «Ағай, соғыс туралы айтып беріңізші», – деп өтінуші едік. Сонда ол ойланып: «Соғыс па, соғыс құрысын! Оны сендер білмей-ақ қойыңдар», – дейтін қинала күрсініп. Кейіннен барып, ол кісі аудандық депутат болып сайланғанда, өмірбаяны жөнінде толық мәліметтерден оқып білдік.

Ермек аға текті жерден болатын. Әкесі Жүнісбек Дүрімбетов Кеңес үкіметін құруға белсене атсалысқан қайраткер, ауаткомның төрағасы болып ірі қызметтерде істеген. Ол кісінің, әсіресе, Талас ауданына істеген қамқорлығы аса зор. Елді отырықшылыққа үйретіп, қоныстандыру, Үшарал, Ойық ауылдарында мектеп ашу, Ақкөл орталығының іргетасын қалау сияқты игілікті істер сол азаматтың қолынан өткен. Сөйтіп, жұрты көрген азабы да көп. Ақырында өсе келе Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары кезінде қазақтан жала жабылып, «халық жауы» атанып ұсталып кетеді. Әкесінің осы бір әділетсіздікпен таңылған атағы кейіннен Ермек ағаның өмір жолына көп кесірін тигізеді. Партия қатарына өтсе де, оқып жүрсе де, алдынан кедергі болып шыға береді. Жасы 18-ге толар-толмас шағында соғыс өрті өршіп тұрған 1941 жылы Алматыдағы жаяу әскер командирлерін дайындайтын училищеде оқып жүрген кезінде «халық жауының баласы» деген атпен оқудан шығып қалады. Сөйтіп, «штрафбаттан» бір-ақ шығады. Одан әріде Ташкентте жасақталған 156- атқыштар бригадасында 82-миномет взводының командирі болады. Ермек соғысып жүрген армия құрамының міндеті – Кавказдан Сталинградқа неміс фашистерін аяқ бастырмау. Олар Астрахань мен Сталинград маңында ұрыс сала отырып, немістерді кейін шегінуге мәжбүр етеді. Ладога көлі арқылы қоршаудағы Ленинградқа азық-түлік тасиды.

Беларусь майданы жауынгерлерінің қатарында жүріп Сальск, Дондағы Ростов, Батайск қалаларын және Польшаны, Германияны азат етуге қатысады. 1945 жылдың 2 мамырында Берлинді алу шайқасында ерлікпен көзге түседі. Соғыс кезінде екі рет жараланып, тәуір болған соң, ізінше өз тобына қосылып отырады. Содан ол елге 1946 жылы ғана оралады.

Енді біртіндеп ел ішіне береке кіре бастайды. Саясатта жылымық орнап, Ерекеңнің ардагер әкесі ақталады. Өзі мектеп директорлығына бекіп, табаны күректей 30 жыл бойы осы қызметті атқарады.

Соғыстан соң біраз жыл бойдақ жүріп қалған Ермек аға Ресейдің алыстағы Томбов облысынан, Мәскеу институтын бітіріп келген зоотехник-селекционер орыс қызы Елизавета Гавриловна Акатованы кезіктіреді. Тағдыры қосылып, өмір көшіне бірге ілеседі. Бір таң қаларлығы: жас келін заты орыс болса да, қазақтардың арасына тез-ақ сіңісіп, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне тез-ақ үйреніп кетеді. Қазақ тілін де тәп-тәуір үйреніп алады. Үлкендерге сәлем салуды әсте ұмытпайды, алдын кес-кестеп өтпейді.

Біз көрші тұрушы едік. Әлдебір кісі шақырып, Құран оқыта қалсақ, Лиза жеңгей жұмысынан қайтып келе жатып менің анам Әсияға:
– Жеңеше, бізге үлкендерден сарқыт қалды ма? – дейтін таза қазақ тілінде.

Сонда менің анам:
– Ойбу, қарағым-ай! Сені қалай ұмытайын?! Өзіңе арнап бөлек табаққа жасатып қойып едім, қазір алып шығайын, – деп жататын.

Бір жолы совхоз директоры Әбдір Сағынтаевтың өзіне айтқан бір сөзі еске түсіп отыр. Ол кезде жеңіл машина деген некен-саяқ. Ауыл белсенділерінің бәрі дерлік совхоздың жарау аттарын көлік етіп мінеді. Лиза жеңгейдің фермаларды аралап мініп жүретін атының аяғы ақсап жарамай қалады да, директор атқорадан бір қара жорғаны бергізеді. Сөйтсе, ол біздің әкей Айтбай Садықбекұлының мініп жүрген аты екен. Әкем ол кезде сауда орны «Рабкооп»-тың төрағасы болатын. Сонда Лиза жеңгей:

– Әбдір Сағынтаевич, тапа-тал түсте дап-дардай қайын ағамның астындағы атын маған тартып алып бергеніңіз не? Мен оны қалай ұялмай мініп жүремін? Одан да анау атқорада тұрған күрең төбелді берсеңізші, –депті. «Сонда мен не дерімді білмей, сөзден тосылып қалдым», – дегені бар Әбекеңнің.

Елизавета Гавриловнаның араласуымен совхозға тың серпіліс келді. Бұрын шаруашылық қаракөл қойларынан негізінен көк және қара елтірілер өндіруші еді. Енді мұның жаңа сорты «золотистый» деген сары алтын түстісі пайда болды. Еуропада бұлар таза алтынмен бағаланатын. Шетелдің небір сәнді бай әйелдері тонды осы көк, қара, сары алтын түсті елтіріден тіктіріп, Кеңес Одағының шенді генералдары мен маршалдары папаханы жалтыратып, осы көк елтіріден киюші еді. Лиза жеңгей кейіннен осы еңбектері үшін Ленин орденімен наградталды, депутат болып сайланды. Менің көз алдыма осындайда «Дудар-ай» операсындағы орыс қызы Мария Егоровна мен қазақ жігіті Дудардың бейнелері келеді. Екі ұлттың ғашық жастарының бір-біріне ынтызарлығы орыс қызы Мариямның аузымен қалай әдемі айтылған:
Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он алты, он жетіге келген кезі.
Қазаққа Дудар деген ғышақ болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі:
Дударари-дудым
Бір сен үшін тудым!
Шіркін-ай, Дударари-дудым! – деп «аһ» ұрады.
Содан соң ыстық сағынышпен:
Дудар-ай, келер болсаң тезірек кел,
Орныңа орыс казак таласып жүр! – деп те ескертеді. Қандай келісті көрініс десеңізші?! Аяулы аға мен асыл жеңгенің тағдыры осыған қандай ұқсас еді.
Ермек аға тек жеке басының ерен еңбегімен көрініп қойған жоқ. Өзі басшылық еткен ұжымдағы үзеңгілес серіктеріне де елеулі қамқорлық жасап, тәрбиелей білді. Нәтижесінде олардың қатарынан білікті басшылар өсіп шықты. Мәселен, Әкім Садықбеков 30 жылдай училище директоры болса, Ғадила Қамбарова ширек ғасыр бойы қаладағы мектептерде директорлық қызмет атқарды. Ал Ер-ағаңның мектепте тәрбиелеп, оқытып шығарған шәкірттері мыңдап саналады. Олардың қатарында Алматы техникалық университетінің ректоры, академик Құралбек Құлажанов, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тұрар Көкеев бар. Бұл мектептен сондай-ақ ақын Өкім Жайлауов, Күләш Ахметова, ғалым, профессор Сәрсенбек Орынбаев та оқып шықты.

Қиыны мен азабы мол жылдардағы есіл еңбегі ескерілмей қалған жоқ. Биік мәртебеге, құрметке бөленді. «Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген жауынгерлік медальдермен марапатталады. Жамбыл облысы мен Талас ауданының Құрметті азаматы атанды. Мұғалімдердің одақтық, республикалық съездеріне делегат болып қатысты. «КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» деген атақтарға ие болды. Осының бәрі де ардагер ұстаздың ұзақ жылғы жанқиярлық еңбекпен тапқан жемісі еді.

Жанұяда Лиза жеңгей екеуі бақытты өмір кешті. Екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірді. Үлкені Еркін кезінде Жамбыл, Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының меңгерушісі, Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып істеген. Кейіннен Алматы қалалық санэпидстансасы басқармасының басшысы, Мәдинасы көп жылдар қаладағы №13 мектептің директоры болып ұстаздық жолын қуған. Екінші ұлы Марат – орман шаруашылығының қызметкері. Ең кенжесі Неля медицина саласында еңбек етіп жүр. Ермек аға мен Лиза жеңгейдің дүние салғанына да 5-6 жылдың жүзі болып қалыпты. Қасиетті Үшарал елі мен жері бұл екі асыл жандардың есімдерін әрдайым ардақ тұтып, естен шығармайды. Мұндайда Абайдың мына бір өлең жолдарын өз келемізге салып, сәл-пәл өзгертіп айтсақ та теріс болмас:
Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына із қалдырған?!

Рахым САДЫҚБЕКОВ,
ТарМПУ-дың ардагер ұстазы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.