Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыстық перинаталдық орталықтағы оңды істер

0 1  541

Қоғамның басты факторы – адам. Әрбір қазақстандықтың денсаулығының мықты болуы мемлекетіміздің қуаты мен әлеуетін көрсетеді. Елімізде ана мен баланың саулығына көп көңіл бөлініп отыр. Сондықтан да бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесіне айналған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында байыпты бағдарлар мен міндеттерді саралап, денсаулық сақтау саласына айрықша назар аудару қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ халқымыздың баянды болашағы мен мемлекетіміздің ертеңі ана мен бала денсаулығына тікелей байланысты екенін еске салып, аталған саланың назарға алынуын жүктеді. Бұл тұрғыдан келгенде облыс орталығы – Тараз қаласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар істелуде. Оған Жамбыл облыстық перинаталдық орталықтың қосып келе жатқан үлесі аз емес.
Бүгінде аталған орталықта 559 қызметкер жұмыс істейді. Орталық Жамбыл облысы бойынша үшінші деңгейлі перзентхана болып саналады. Ерекше атап өтерлігі, осында Қазақстан бойынша бірінші рет метропластика енгізілген. Сондай-ақ мұнда 500 граммдық шала туған балаларды күтіп-жетілдіретін неонатология бөлімі бар.
2023 жылы орталықта 7 482 бала дүниеге келді. Бұл – біз үшін зор қуаныш, үлкен жетістік. Әрине, баршамыз жанымыз қысылғанда, әуелі дәрігердің көмегіне жүгінеміз. Сондықтан қастерлі мамандық иелерін әрдайым дәріптеуіміз керек.
Осы сәтті пайдалана отырып барша ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, жұмыстарына табыс тілеймін!

Асхат Сейтжанов,
облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.