Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс әкімінің кубогы – байзақтықтарда!

0 216

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында волейболдан Жамбыл облысы әкімінің кубогы сарапқа салынды. Ел егемендігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған турнирдің ашылу салтанатына өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қатысып, командаларға табыс тіледі.

– Спорт – салауатты өмір салтын ұстануға таптырмас мүмкіндік. Жастарымыз спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы керек. Сонда балалар алдыңғы аға-әпкелеріне қарап бой түзейді. Мұндай жарыс- тар алдымен ауылдық, аудандық деңгейде, сосын облыс, республика көлемінде көбірек ұйымдастырылуы қажет. Сонда ауылдағы нағыз талантты ұл-қыздарымыздың спорттық мансабына жол ашылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданатындардың көрсеткіші артып келеді. Олардың саны 400 мыңға жуықтап, 34 пайыздан асса, мұнымен тоқтамай, көрсеткішті 40 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, еліміздің әр аймағында жыл сайын еңселі спорт кешендері халық игілігіне берілуде. Мысалы, өткен жылы 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 92 спорт алаңшасы ашылды. Жуырда облыста гимнастика және үстел теннисіне арналған спорт кешені пайдалануға берілді. Осындай заманауи нысанда жаттыққан балалар ертең ел чемпионы атанып жатса, мұның өзі үлкен жеңіс деп білемін, – деді Бердібек Машбекұлы.
Екі күнге жалғасқан турнирде Қордай, Байзақ, Меркі, Талас, Сарысу, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Шу, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласының намысын қорғаған екі команда өзара кім мықтыны анықтады. Тартысты өткен турнир қорытындысында Байзақ ауданының командасы қарсылас шақ келтірмей, облыс әкімінің кубогын жеңіп алды. Ал екінші орынды «Тараз-1» командасы иеленсе, үздік үштікті меркіліктер түйіндеді.

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.