Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оқымыстылар ортасы қалыптасып келеді

0 658

Осыдан тұп-тура бір жарым ай бұрын басталған «Кітап оқып, миллионер бол» қалалық байқауы бүгінде жас оқырмандардың үлкен шоғырын қалыптастырды. Айналасы 45 күннің ішінде кітап оқып миллионер бол хештегі бойынша 250-ден астам жаңа рецензиялар жазылып, оқушылар желіде зор белсенділік танытуда.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

«Жақсы кітаптарды оқу – өткен замандардың ең жақсы адамдарымен әңгімелесу деген сөз, онда да әлгі адамдар бізге өзінің тек қана ең жақсы ойларын айтып беретін әңгімелесу»,– дейді өз заманының заңғар философы, математик Рене Декарт. Ал «Jambyl – Taraz» газеті аталмыш байқауды ұйымдастыру арқылы жас ұрпаққа өткен ғасырлар мен дәуірлерге сапар шегуге, қиял әлеміне саяхаттауға зор мүмкіндік беріп отыр.
Instagram желісінде abdiseiitova_ болып тіркелген №45 гимназияның 9 сынып оқушысы Қазына Әбдісейіт қазақ әдебиетінде жантану, психология бағыттарында қалам тербеген, ерекше жазушы Төлен Әбдіктің шығармасынан алған әсерімен бөліскен.

«Оң қол» қатты ойлантты
abdiseiitova_

– «Алма Бірімжанова – жасы он жетілер шамасындағы қыз. Өте сұлу, шашы иығына түскен, бұйралау кекілі бар. Псиxиатриялық ауруxанада ем қабылдайды. Әр сенбі сайын шешесі мен ағасы келіп тұрады. Қыздың бар кемшілігі – оң қолында еді. Дәрігер әрдайым түнде Алманы күзетеді. Ендігі оны өз бақылауына да алады. Бірде түнгі үште Алманың жан айқайы естіледі. Дәрігер мен медбике палатаға кіріп келгенде оң қол Алманың мойнын қылқындырып жатқан болатын. Олар дереу оң қолды мойыннан ажыратып алады. Осылайша оң қолдың шабуылы жалғаса береді. Қыз дәрігерден сыртқа шығуын өтінеді. Дәрігер оған аяқ киім мен көйлек сатып алады. Екеуі ауруxанадан тығылып шығып, паркте қыдырады. Дәрігер қыздың өтінішін орындаймын деп милиционерге де ұсталады. Ауруxанаға қайтқан соң, дәрігер меңгерушіге қыздың оң қолын операция жасап, кесуді айтады. Олай жасамаса қыздың жақын арада өлетініне кепілдік те береді. Бұл xабарды қызға таңертең айтуды жөн көреді. Алайда таңертең дәрігер Алмаға келгенде ол о дүниеге аттанып кеткен болатын. Барлығына кінәлі – сол баяғы оң қол еді.
Жалпы, тәннің ішінде екі жанның қатар өмір сүруін алғаш естуім. Оқыған қызықты әңгімелерімнің қатарына «Оң қолды» да жатқыза аламын», – дейді Қазына.

«Шұғаның белгісі» – өнегелі шығарма
ayarbek_shugyla

– Бұл әңгімені оқымастан бұрын мені «Кім туралы? Қандай оқиға болады? Не жайлы айтылған екен?»деген сияқты сұрақтар мазалады. Әңгімені оқи отырып, бұл сұрақтарға жауап таптым. Әңгіменің басты кейіпкерлері Шұға мен Әбдірахман. Шұға ақылына көркі сай, ақ құба келген, қап-қара мөлдір, ботадай көздері бар, үріп ауызға салғандай ажарлы қыз. Ауылдың бозбалаларының бәрі Шұғаға ғашық. Арасында сөз салатындары да бар. Бірақ Шұға хаттарға жауап бермеуші еді. Бозбалалар оның бұл қылығын тәкаппарлыққа теңейтін. Енді Әбдірахманға көшетін болсақ, ол көзі ашық, көкірегі ояу, зерек бірақ кедей отбасында дүниеге келген. Есімбек бай Әбдірахманды онша жақтыра қоймайтын. Шұға мен Әбдірахман ауыл сыртындағы ойын-сауықта танысты. Әбдірахман Шұғаға ынтық. Олар бір-бірімен хат алмасып жүрді. Бұл сүйіспеншілік туралы барлығы естіп, Есімбек олардың кездесуіне қарсылық танытты. Осындай бір күні Әбдірахманды стражник болысқа алып кетеді. Мұны көріп тұрған халық мәз. Тек Шұға көрінбейді. Анадайдан ауыл сыртынан келе жатқан Шұға көрінді. Әбдірахман қарғып түсіп Шұғамен қоштасты. Шұға жылап қала берді.
Бірер күннен соң «Шұға төсек тартып жатыр» деген сыбыс тарайды. Оның емі Әбдірахман болатын. Ауыр хәлде жатқан Шұғаны көрген анасы Әбдірахманды алдыртады. Бірақ Әбдірахман келгенде тым кеш еді. Шұға құсадан ауырып, ажал құшады.

Қожа туралы шығарма ұрпаққа тағылым
m_asilovaaa

– Балалар əдебиетінің бағбан-бəйтерегі, белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың ғана емес, қазақ əдебиетінің де мақтанышына айналған «Менің атым Қожа» туындысы маған қатты ұнады. Повесть бұзақы бала Қожаның басынан кешкен қызық оқиғалары туралы. Өткенге үңіле келсек, шығарма əдебиетшілер арасында біршама талас тудырған. Мұғалімдердің айтуынша «тəрбиеленуі қиын бала» Қожаның қызықтары орыс тіліне аударыла салысымен дүние жүзін шарлап кетеді. Туынды украин, өзбек, молдаван, латын тілдерінде бірінен соң бірі басылып шығады. Сонымен шығарманың басты кейіпкері – тентек оқушы Қожа. Қожаның жан дүниесі, ой толғаныстары, көңіл-күйі бəрі-бəрі нақты əрі түсінікті суреттеледі. Автор баланы іштей сөйлетеді, ойландырады, күйіндіреді, қуантады. Туынды басындағы алғашқы тарауда мектеп оқушысы өзінің ең ыстық тілек-мұраты, ой-толғаныстары мен асқақ арманы, тұңғиық ойлары туралы айтады. Ақыл-ой, білім-парасат жағынан қатардағы жолдастарының қайсысынан болсын еңсесі биік Қожаның аңсайтыны да, асығатыны да ертеңгі болашағы. Қожаберген жақсылық, жаңалық дегенде бірден қызығатын, біреудің дөрекілік, əділетсіздік көрсеткенін жақтырмайтын, мазақ еткенді көтермейтін, намысты, қайратты болып өскен ұнамды тұлға. Жантастың мұны «қара көже» деп атағанына намыстанып есесін жібермеуге тырысып, ыңғайы келе қалған жерде күшпен де, сөзбен де сынасып жүретін Қожабергеннің талғамы едəуір күрделі. Сыныптасы Жанар деген қызға іштей іңкəрлігі оқырманды сүйсіндіретіндей əдемі суреттелген.

Ең әдемі махаббат хикаясы
nurbaginya

Сәлем достар! Мен Құдайберген Нұрлыбағым № 46 орта мектептің 10 сынып оқушысымын, кітап оқып миллионер бол байқауына қатысып жатырмын. Менің алғашқы оқыған шығармам У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» атты кітабы. Бұл кітапта мен шексіз махаббатты көре алдым. Менің ойымша, Ромеоның тағдырына Капулетти әулетінің қыздарына ғашық болу жазылған секілді. Неге десеңіз, Ромео Джульеттаға ғашық болмас бұрын Розалина атты қызға ғашық болады, алайда бұл махаббат тек ойда ғана болады. Ал Джульеттаның орны мүлде бөлек. Себебі Ромео нақты қадамдар жасайды. Әттең, егер Лоренцоның жіберген хатшысын сарбаздар өткізгенде екеуі бірге болар ма еді?! Алайда «әр істің өз қайыры бар» дегендей олардың осындай батыл қадамдары ғасырлар бойы жау болған Монтекки мен Капулетти әулеттерін татуластырды. Менің ойымша, осы кітаптағы махаббат оқиғасы әр оқырманның жүрегіне із қалдырады. Бұл шығарма мен оқыған махаббат хикаяларының ең әдемісі.

Шытырманға толы Дымбілместің саяхаты
amzeeva_zhani_

– «Дымбілместің айға саяхаты» Николай Носовтың шығармасы. Алғашында Дымбілмес және оның достары Күн қалашығында тұрады. Күндердің бір күні Білгір айға ұшуы үшін ракета ойлап табады. Оған Күн калашығының барлық тұрғыны сиятын. Бірақ Дымбілмес пен Томпи ракетаға тығыламыз деп байқамай айға сапар шегеді. Онда Дымбілмес адасып айдың ішіндегі ядросына, яғни ай тұрғындары тұратын бетке түсіп кетеді. Ондағы жемістер мен көкөністер жерге қарағанда майда екен. ДМП ракетасындағы тұқымдар есіне түсіп, соны кедейлерге 1 фертингтен сатады. Оны Сегізаяқ мырза естігеннен кейін Дымбілмес, Серкеш және тағы екі ай тұрғындарына «тұқымдарыңды сатқаннан кейін Бас Массаға жол жүріп кетсеңдер мен сендерге екі миллион фертинг беремін» деді. Ал олар бірден келісіп Бас Массаға жолға аттанады. Онда Дымбілмес пен Серкеш перғауындарға, яғни полиция қызметкерінің қолына түседі. Ал ары қарай не болғанын білгілерің келсе осы кітапты оқыңдар.

PS. Балалардың кітап оқудағы бағыты да, кітапқа деген талғамы да ерекше. Әрқайсысының оқыған кітаптарындағы қызықтарды бөлісуге деген ұмтылысы мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Осы ретте байқауға қатысушыларға бірнеше өтініш, ескертпелеріміз бар.
– Ең алдымен Instagram желісіне оқыған кітаптарың туралы жазғанда ондағы шығарманың мазмұнын емес, түйген ойларыңызды кеңінен жазуға тырысыңыздар. Сіздер осы бағыттарыңыз арқылы өзгелерге үлгі бола аласыздар.
– Оқушылар арасында «ң» мен «н» әріптерін шатастыру белең алған. Бұл ретте балалардың сауатын ашуда мұғалімдер көбірек жұмыс істесе деген ұсынысымыз бар. Себебі оқушының жазған постын өзге қатарластары да оқиды. Бұл байқау оқушыларды кітап оқумен қатар сауатты болуға шақыратынын ұмытпаған жөн.
– Пост жариялаған кезде міндетті түрде білім алып жатқан мектеп пен сыныбыңызды, аты-жөніңізді көрсетіңіз. Сондай-ақ кітаппен бірге суретке түсіп, хэштег қолдануды ұмытпаңыздар.

– Фотоларыңыз жәй ғана селфи түрінде емес, сапалы әрі креативті болса нұр үстіне нұр болмақ.
Кітап оқу арқылы шығармашылық қабілеттеріңіз дамып, ойларыңыз ұштала түсетініне сенімдіміз. Жазбаларыңыз неғұрлым мазмұнды әрі танымды болса газетіміздің келесі сандарына тұрақты түрде жарияланатын болады.
Зейінің ашылсын, қадірлі жас дос!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.