Бүгінде Тараз қаласы тотыдай түрленіп, құлпыра түскені жасырын емес. Жаңарған саябақтар мен скверлер, абаттанған аулалар мен көшелер, әдемі әрленген әлеуметтік нысандар мен ескерткіштер бәрі-бәрі көне шаһардың ажарына ажар қосуда. Бұл әрине ең бірінші баянды жобалар мен жұмыла атқарған жүйелі жұмыстың жемісі екені анық. Қаланың ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи ерекшелігін сақтай отырып көркейтуде жаңадан құрылған «Сәулеттік бюро» аталатын мекеменің өзіндік қолтаңбасы бар.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей ұйытқы болуымен өткен жылдың сәуір айында құрылып, жұмысын бастаған мекеме қалада бой көтеретін нысандардың нобайын сызып, макетін дайындайды. Ал бұл сызбалар апта сайын облыс әкімінің төрағалық етуімен өтетін қала құрылысы кеңесінде талқылынады. Өңір басшысымен бекітілген нобайлар нысан құрылысын жүргізу үшін мердігер компанияларға беріледі. Қызу жұмыс жүргізіп жатқан мекеменің тыныс-тіршілігімен танысуға барған «Jambyl-Taraz» газетінің тілшілерін мекеме басшысы Арман Абдешов қабылдап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Қазіргі таңда бюрода 8 сәулетші жұмыс істейді. Төрт бөлімнен тұратын мекемедегі шығармашылық ұжымның сәулетшілері қаладағы жаңа құрылыс нысандар композицияларының барлығына өз үлестерін қосып үлгерді. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да мекемеде қарбалас жұмыс. Өйткені, бірқатар ірі жобалардың макеті дайындалып, бірқатар нысандардың құрылысы басталып кетті. Мәселен, бұрын «Махаббат аллеясы» аталған саябақ «Жастар» аллеясы болып қайта жаңғыртылуда. Нысан көктем айларында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ мұнда үлкен экран қойылып, жаз айларында концерттер мен кино көрсетілмек. «Сәулеттік бюро» аллеядағы ескі субұрқақтарды жаңарту жұмыстарын жобалаумен де айналысты. Сондай-ақ, саябақтағы Ұлы Отан және Ауған соғыстары құрбандарына арналған ескерткіштер алынып, олардың орнына «Білім», «Қарахан-Айша бибі» стелалары орнатылады. Ал субұрқақтарға әртүрлі түс беретін арнайы қондырғылар қойылмақ. Саябақтың ортаңғы бөлігінде ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін коворкинг орталық бой көтереді, – дейді облыс әкімдігінің сәулет және құрылыс басқармасының «Сәулеттік бюро» мекемесінің директоры Арман Әбдешов.

Атқарылған жұмыстар аз емес..

Өткен жылы қала бойынша атқарылған ірі жобалар мен бірқатар өзгерістерді қала тұрғындары мен қонақтары көзбен көрді. Соның ең ірісі – толықтай жаңарудан өткен Жеңіс саябағы. Бақты жаңғырту жұмыстары екі кезеңге жоспарланса, 9 мамыр Жеңіс күні құрылыстың бір бөлігі халық игілігіне берілді. Төле би көшесінің бойында тұрған Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткішін саябаққа көшіріп, былғары комбинат аумағындағы мәңгілік алау осында орнатылды. Сондай-ақ «Ерлік» мемориалды кешені бой көтеріп, 105 соғыстан қайтпаған сарбаздардың есімі тасқа таңбаланды. Қазір Жеңіс саябағына бара қалсаң майдан даласынан қайтпай қалған жақынын осы жерден тауып, ақ батасы мен тілегін ақтарған үлкендерді көресің. Мұнда әлі «Даңқ» залы ашылады. Жобаның екінші кезеңі бойынша тыл еңбеккерлеріне, Чернобыль апатының құрбандарына және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаның лентасы да Қала күні мерекесінде қиылды. Сондай-ақ «Үшбұлақ» демалыс кешені пайдалунаға берілді. Мұнда қазір екі аспалы көпір толықтай жөндеуден өтіп, каналдың жағалауларына спорт нысандары орнатылған. Осы сынды абаттандыру жұмыстары мұнда әлі жалғасады. Қала күні бұдан бөлек, Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ та елге есігін айқара ашты. Бақтың оң жағына Халық қаһарманының ескерткіш мүсіні қойылса, орталық шебінен «Желтоқсан» орталығы ашылды. Сондай-ақ, саябаққа келушілерге спорт алаңшалары да қызмет көрсетіп, «Шәушен» шаруа қожалығының «Ғибрат» қымызханасы жұмысын бастады. Ал саябақтың өзінде төрт субұрқақ іске қосылып, желтоқсан алауы тұтанды. Тағы бір құлағдар ететін жағымды жаңалық, орталық «Достық» алаңында кешкілік қызмет көрсететін кәсіптік нүктелер облыстық ардагерлер үйінің жоғарғы жағындағы 5 мың шаршы метр жерге көшірілді. Мұнда төрт дүңгіршек және балалар алаңы бүлдіршіндерге базарлық сыйламақ. Ал Желтоқсан аллеясының өзінде мәрмәрдан жасалған жасанды сарқырама іске қосылды. Бұл сарқыраманың ерекшелігі аллеяның басынан ағып келген су Төле би кешесіне жеткенде кері қарай толқын болып қайтады. Осы кезде толқынның астынан тәуелсіздігіміздің символы қыран бейнесі көрінеді.

– Ерте көктемде Желтоқсан аллеясының екі жағына паловня ағаштарын отырғызған болатынбыз. Бұл тал үш жылда гүл салады. Биіктігі 25 метрге дейін өсіп, үш ай жазда гүлімен айналаны әрлендіреді. Ал маңына орналастырылған орындықтарда халық тынығып ғана қоймай, ұялы телефондарын қуаттап, «Wi-Fi» желісіне де қосыла алады. Сондай-ақ, бұл аллеяда еліміздегі ең ұзын сазды субұрқақ ашылды. Дәл сондай облыс әкімдігінің ғимаратының алдында да екі әуенді субұрқақ іске қосылып, Жамбыл Жабаевтың ескерткіші қойылды, – дейді мекеме директоры.
Бұл жұмыстардың барлығы өткен жылы атқарылып, халық игілігіне берілген нысандар көпшіліктің көңілінен шығуда.

Жаңа жылда жаңа жобалар

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһарға туристерді тарту, ішкі туризмді дамыту мақсатында да атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Әлемнің түкпір-түкпірінен Айша бибі мен Қарахан баба кесенесіне, Ақыртас кешеніне келетін туристердің саны да жыл санап артып отыр. Осы орайда биыл бастау алатын мегажобаның бірі – «Көне Тараз» қалашығынан Тектұрмас баба кесенесіне дейін ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын аспалы жол құрылысын көпшілік асыға күтуде. Қазір бұл жобаның эскизі дайындалып, сметалық құны пысықталуда. Нысанның құрылысы қолға алынғанда бұл жолмен жүрген туристер көне шаһардың құнды жәдігерлеріне айналған Қарахан баба, Айша бибі сынды кесенелердің макеттерін тамашаламақ. Ал аспалы жолдың арғы ұшындағы Тектұрмас баба кесенесінің аумағы толықтай жөндеуден өтеді. Сондай-ақ мұнда әруақтарға құран бағыштап, бес уақыт намазын өтейтін мешіт салынады деп жоспарлануда екен. Ал өзеннің жағасы жаңғыртылып, келушілерге тынығатын орынға айналмақ.

– Мұндай жаңғырту жұмыстарын Т.Рысқұлов атындағы саябақ та көреді. Мұнда қарағай ағашы көп болғандықтан облыс әкімінің ұсынысымен жеке кәсіпкер саябақтан «фитобар» ашып жатыр. Кәсіпкер қарағайға тиындар жіберіп, демалыс орнына келушілерді көптеп тартпақшы. Ал мұнда тұрған Т.Рысқұлов ескерткіші Мамыр бағына көшіріледі. Осылайша, біз Мамыр бауын Т.Рысқұлов атындағы саябаққа айналдыруды және онда Алаштықтардың ескерткіші мен музейін ашуды жоспарлап отырмыз. Ал қазіргі Т.Рысқұлов атындағы саябақ атауы «Балалар әлеміне» ауыстырылып, шағын «Диснейлендке» айналады. Менің ойымша біз бұл жерде ұтпасақ, ұтылмаймыз. Себебі Т.Рысқұлов ескерткіші саябақтың тасасында қалып қойған болатын. Сондықтан қазақтың біртуар азаматына тұтас бір бақты арнап, ал ескі орнын балаларға базарлық сыйлайтын демалыс орны қылған жөн секілді, – дейді Арман Әшімбекұлы.
Сонымен қатар, №15 ықшам ауданның құрылысы басталғалы бері 10 үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта мұнда 280 көп қабатты үй тұрғызылады деп көзделуде. Құрылыс біткенде аталмыш аудан өз алдына бір қалашық болмақ. Мұнда бас-аяғы 35 мың халық тұрады деп күтілуде.

Ал үйлердің бірінші қабаты толықтай бизнес орталықтарына беріледі. Осыған орай облыс әкімі бірінші қабаттағы пәтерлерді мердігерлерге өткізіп, есесіне олар үйдің қасбетін біркелкі қылып әрлеп берсін деген талап қойып отыр. Бұл екі жаққа да тиімді шешім. Сондықтан қазір бұл ұсынысқа қызығушылық танытып жатқан серіктестіктер де көп екен. Бұдан бөлек, №15 ықшамауданының ортасынан келешекте шағын өзен жүргізсек деген жоспар бар. Осылайша аталмыш аудан еуропалық қалалардың үлгісінде болмақ. Сондай-ақ, мұнда бір типтегі коттедждік үйлер де бой көтеретін болады. Бір сөзбен айтқанда, №15 ықшамауданның келешегі кемел, болашағы баянды.

– 42 гектар аумақты қамтитын 15-ықшам аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы басталады. Бұл орын Тараз қаласындағы мәдени-іскерлік орталыққа айналмақ. Себебі мұнда Оқушылар сарайы, Конгресс-холл, Қаржы орталығы, Неке қию сарайы, халыққа қызмет көрсету орталығы секілді әлеуметтік нысандар және спорттың көркем гимнастика, жеңіл атлетика сынды түрлеріне арналған манеждер және «Мұз сарайы» салынады. Бүгінде аталған нысандардың эскиздері толығымен әзірленіп, облыс әкімінің келісімімен мердігер компанияларға ұсынылды, – дейді А.Әбдешов.

Жастар жылында ашылатын нысан көп

Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Бұл орайда шаһар орталығында бой көтеріп, жастар игілігіне берілетін нысандар да жоқ емес. Соның ең маңыздысы – Асанәлі Әшімов атындағы жастар шығармашылық орталығы. Бұрынғы «Еуразия» кинотеатрының орында ашылатын орталықта түрлі үйірмелер мен жастар театры, бір сөзбен айтқанда шығармашыл жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған орталық халық игілігіне берілмек. Бүгінде нысанның жобасы мақұлдануда.

«Сәулеттік бюро» жетекшісі келесі жылдан құрылысы қолға алынатын «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық паркі аумағындағы мәдени кешен эскизі толығымен орта ғасырдағы сәулеттік үлгімен салынатынын айтады. Тіпті мамандардың бір тобы Өзбекстанның Самарқанд, Бұқара қалаларында болып, олардың құрылысындағы сәулеттік ерекшеліктерін зерделеп қайтқан екен.

– Тарихтан мәлім, бұл қалалардағы сәулеттік нысандар Әмір Темір билік құрып тұрған тұста Парсы шығанағы елдерінің үлгісінде салынған. Мұндағы сәулеттік ерекшілік – әрлеу жұмыстарына қыштастың пайдаланылғаны. Қазіргі таңда Жамбыл ауданында мәдени кешен құрылысына қажетті қыштасты әзірлейтін өндіріс орны өз жұмысын бастады. Жалпы кешен облыстық өлкетану мұражайы, көркемсурет галереясы, көрме орталығы, «Руханият» орталығы сынды ғимараттарды қамтиды. «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық паркі мен «Шахристан» сауда орталығының ортасында орналасқан бұрынғы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші тұрған орынға биіктігі 45 метр болатын сағат тұрғызылады. Міне, осы нысандардың сыртқы әрлеуіндегі әрбір өрнекке дейін бюро сәулетшілерімен мұқият жобаланады. Сонымен қатар Мирзоян көшесінен бастап Төле би көшелерінде жаяу жүргіншілерге арналған 1 км 700 метрді құрайтын арбат құрылысы жүргізіліп, қала игілігіне берілмек. Ал Керей мен Жәнібек ескерткішінің артында жатқан бос алаңға этникалық саябақ пен ашық аспан астындағы музей ашу жоспарда бар. Бұл жерде 753 жылдары болған Талас шайқасына қатысты ескерткіштер мен қазақтың батырларының ескерткіштері ойылып, үлкен көлемде орнатуды қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ «Үшбұлақ» демалыс орталығының оң жағы да жөндеуден өтіп, «Зербұлақ» каналының жағасын абаттандыру, ол жерге заман талабына сай мейрамханалар мен көл жағасында орналасқан дәмханаларды меценаттар мен жеке кәсіпкерлердің қатысуымен іске асырсақ дейміз, – дейді Арман Абдешов.

Тараз қаласы — жастар қаласы болуы керек. Сондықтан облыс әкімінің бастамасымен бүгінде шаһарда жастар үшін барлық жағдай жасалуда. Жастарды қалаға шоғырландыру үшін демалыс орындарын көптеп салып, көне шаһардың кескіні еуропалық үлгіде әрленіп жатыр. Сол себепті, еліміздің әр түкпірінде жүрген жастардың туған топыраққа оралатын күні алыс емес. Бұған дейін жүргізілген халық санағы бойынша Таразда 360 мың халық тұрады делінген. Алайда қазір қала халқының саны 400 мыңнан асып жығылды. Биыл жүретін халық санағы осы деректі айғақтаса, қала құрамынан бір немесе екі аудан бөлініп шығатыны анық. Қаланың гүлденуімен қатар көне келбетін жоғалтпауда аянбай еңбек етіп жатқан «Сәулеттік бюро» мекемесі аз уақыттың ішінде-ақ ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырып үлгерді. Алдағы мақсат та айқын. Ендеше, сапаға иек артқан мекеме жұмысына сәттілік серік болғай!

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған