Қалалық қоғамдық-саяси газет

ОҚ ПЕН ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА

Ержүрек ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды

0 646

Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылыс ел халқының қабырғасын қайыстырды. Айдың күннің аманында 15 сарбаз ажал құшты. Әрине «ажал айтып келмейді». Әскери қоймадан өрт шығып, оқ-дәрінің адамдарға қауіп тудыратынын кім білді дейсіз?..
Десе де апаттың аты апат. Оқыс оқиғаға қатысты бір жетіден бері түрлі болжам да, нақты байлам да айтылуда. Құзырлы органдар тек ресми ақпаратқа сенуге шақырса да, әртүрлі қауесеттер тарағанын жасыра алмаймыз.

Сонымен жарылыс болған күннің ертесіне өңірге жедел жеткен еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ең алғашқы ресми ақпаратты жариялады. Хабарламасын министр жарылыс салдарынан қаза болған төрт әскери қызметкерге көңіл айтудан бастады.
– Төтенше жағдай кезінде өртпен күрескен төрт әскери қызметкер қаза болды. Марқұмдардың барлығы жарылыс кезінде оқиға орнына жақын тұрған. Қаза тапқан азаматтардың жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Оқиға желісіне келер болсақ, 26 тамыз күні сағат 18:45-те әскери бөлімнің қоймасында өрт шыққан. Алғашқыда өртті әскери бөлімнің қызметкерлері өз күштерімен өшіргісі келген. Алайда тілсіз жау бағынбай, өршіп кеткен. Нәтижесінде оқиға орнына бастапқыда 500 адам көмекке жіберілсе, кейін олардың саны 2000 адамға жетті. Десе де өрт шыққан уақыттан 1 сағат өткенде 10-нан аса жарылыс болды. Жарылыс кезінде әскерилер мен облыс әкімдігі халықты қауіпсіз жерге шығаруға барын салды. Осы тұста айта кетерлігі, әскери бөлімнің қоймасында тек инженерлік оқ-дәрілер сақталған болатын. Олардың жарылыс кезіндегі ұшу қашықтығы 3 шақырымды ғана құрайды. Дегенмен біз халықтың қауіпсіздігін ойлап, төрт ауылдың халқын эвакуацияладық.
Түнде жарылыстар толықтай тоқтады. Қазір қоймаларды өшіру жұмыстары жүріп жатыр, – деді еліміздің Қорғаныс министрі.
Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыс кезінде жақын маңдағы ауыл үйлерінің тек терезесі мен есіктері сынғанын айтып, дегенмен оларға мемлекет тарапынан барлық қолдау болатындығын жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы оқыс оқиғадан зардап шеккендерге қажетті көмектің барлығы көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
– Әскери бөлімде өрт шығып, жарылыс орын алғаннан кейін шұғыл түрде облыстық штаб құрылды. Аталған бөлімге ең жақын үш ауыл орналасқандықтан 718 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оларды 10 мектеп пен 5 колледждің жатақханасына орналастырдық. Эвакуацияланған тұрғындардың барлығы қажетті дәрі-дәрмек және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Жарылыс салдарымен күресу үшін 1000-нан астам адам, 120 техника және 30 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. 88 адам түрлі дене жарақатымен Тараз қаласы мен Байзақ ауданындағы ауруханаға жеткізілді. Олардың 60-ы жеңіл жарақат алуына байланысты медициналық алғашқы көмектен кейін үйлеріне қайтарылды. Қазір 28 адам ауруханада жатса, 6 азаматтың жағдайы орташа. Алайда олардың өміріне төніп тұрған еш қауіп жоқ.
Бүгінгі күнге Байзақ ауданы Қайнар ауылындағы әскери бөліміндегі жағдай тұрақты. Жарылыстар тоқтады, – деді облыс әкімі.
Ресми мәлімдемеден кейін жұрттың жүрегі басылғандай болып, үйлеріне қайта орала бастады. Тіпті жарылыс күні үрейленіп Жуалы ауданын бетке алған ағайын да ат ізін Таразға қайта бұрды.
Жасыратыны жоқ, оқыс оқиға орын алған күні әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар тарады. Ал түнгі сағат 00.00-ге дейін басылмаған жарылыс даусы үрейді тағы еселей түсті. Тіпті бір топтарда «Байзақ ауданында жұрт жаппай қырылып жатыр» деген қауесет тарап, жақындары елді мекенде қалған халық ауылдарға тұра ұмтылды. Бірақ дер кезінде Автобекет маңында орнатылған өткізу бекеті бұқараға басу айтып, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Шынында қауесет таратқан тұрғын ұсталып, өз ісіне өкінсе, әскерилер мен ауыл тұрғындары арасында ұйымдастырылған еріктілер жарылыс маңына жақын орналасқан ауыл халқын тұтастай қауіпсіз жерге көшірді.
27 тамыз күні бұқара 4 қаза тапқан әскерилердің жақындарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасып жатқанда түсауа тағы суық хабар жетті. Жарылыс орнынан Өрт сөндіру командасының бастығы Еркін Нәдірбековтың денесі табылды. Ол оқ-дәрі қоймасындағы өртті сөндіру жұмыстарын тікелей басқарған екен. Осы күні өз әскери борышын өтеуге аттанған жақындарының тілеуін тілеп отырған тағы жеті үйдің үміті үзілді. Осылайша оқыс оқиғадан ажал құшқандардың саны 12-ге жетті.
Марқұмдардың жақындарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтса, бірқатар мемлекеттер Президентке жеделхат жолдап, қазақстандықтардың қайғысына ортақтасты.
28 тамыздың таңы тағы қиын басталды. Оқиға орнында жұмыс жасап жатқан әскерилер тағы бір адамның денесін тапты.
Бұл тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен облысқа жеткен Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Байзақ ауданында құрылған штабпен тексеріс жұмыстарын бастап кетті. Олар зардап шеккен нысандарды зерделеп, өрт кезінде зардап шеккен тұрғындар мен жараланған әскерилермен кездесті.
29 тамыз. Түскі сағат 12:20 шамасында Байзақ ауданы маңынан тағы жарылыс үні естіліп, көпшіліктің үрейін алды. Алайда құзырлы органдар жарылыстың болғанын растағанымен одан ешкім жарақат алмағанын хабарлады. Осы күні Байзақ ауданында орын алған оқиға байланысты құрылған облыстық жедел штаб мүшелері ғылыми-зерттеу қызметкерлерімен әскери бөлімге жақын орналасқан 3 ауылдың тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарын түгелдей зерттеді. Жөндеуді қажет ететін 118 жылжымайтын мүлік анықталса, оның 106-сы тұрғын үй, 12-сі коммерциялық нысан. Анықталған 106 тұрғын үйдің 35-сі күрделі жөндеуден өтетін болса, қалған 71-і жеңіл зақымдалған. Алайда олар да қалпына келтіріледі. Құрылыс жұмыстарына Үкімет пен жергілік бюджеттен және демеушілер тарапынан берілетін қаражат жұмсалмақ.
– Бүгін бір үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталса, қалған үйлер бойынша құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті.
Әлеуметтік нысандарға келсек, 3 мектепке зақым келген. Әсіресе қатты зардап шеккені – Жібек Жолы ауылындағы білім ордасы. 118 бала оқитын білім мекемесінің іргесі 1956 жылы қаланған. Ескі мектептің орнына жаңа ғимарат салуға шешім қабылданды. Жеңіл зақымдалған Үшбұлақ пен Базарбай ауылдарындағы мектептер демеушілер есебінен қалпына келтірілуде. Олар бірінші қыркүйекке дейін дайын болады. Дәл сондай бір медициналық пункт те бір апта ішінде толығымен жөнделеді,– деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Осылайша аймақ басшысы жүйелі жоспармен бөліскенімен кешкілік оқиға орнынан тағы бір адамның денесі табылды. Осылайша қаза болғандардың саны 14-ке жетті.
30 тамыз да жағымды жаңалығын әкелмеді. Із-түссіз жоғалып кеткендерді іздеу барысында облыстық полиция департаментінің кинолог маманы Нұрбол Төребек «Мона» есімді итімен 15-ші әскеридің денесін анықтады.
Бұл күні жанға жылу бергені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Байзақ ауданында орын алған өрт пен жарылыстан қаза тапқан әскерилерге тағайындалған мемлекеттік наградалар жақындарына табыс етілді. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мен ҚР Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі қатысты. Алдымен жиынға қатысушылар апаттан қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Одан кейін сөз алған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығын айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған марқұмдардың отбасына көңіл айту жеделхатын жіберді. Бұл жағдайды әрбір қазақстандық орны толмас өкініш ретінде қабылдап, өздерінің қазаға ортақ екендіктерін білдіруде. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 28 тамыздағы №210 өкімімен 29 тамыз жалпыұлттық Аза тұту күні болып жарияланды.
Күні кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы» үшін Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы қаулығы қол қойды. Ерлікпен қаза тапқан азаматтардың әрқайсысы марапатқа лайықты, – деген Бердібек Машбекұлы Мемлекеттік награданы марқұмның ұлына табыстады. Сондай-ақ өңір басшысы «Халық қаһарманы» Мейіржан Амановтың құрметіне ескерткіш қойылатын жеткізді.
– Ұлымның құрметіне ескерткіш қойғаны дұрыс. Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болары анық. Ұл-қыздары әкесінің ерлігін мақтан тұтады. Ендігі артында қалған ұрпағы аман болсын! – деді өз кезегінде Мейіржан Аймановтың анасы.
Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев ҚР Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери басқармасына барып, төтенше жағдай кезінде қаза болған №28349 әскери бөлімінің ведомстволық күзет командасының атқышы Оразбек Дәлібаевтың жары мен ұлына III дәрежелі «Айбын» орденін тапсырды.
– Әкем әрдайым Отан алдындағы міндетін ең бірінші орынға қоятын. Күні кеше орын алған жарылыс кезінде де алдыңғы қатардан табылып, басын бәйгеге тікті. Елін, жерін шын жүрегімен сүйетін әрбір азамат солай жасайды деп ойлаймын. Сондықтан әкемді әрдайым мақтан тұтамын. Бала кезімнен әкеме ұқсап өсіп, әскери сала қызметкері болуды қаладым. Бүгінгі таңда Атырау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлімінде қызмет атқарамын. Болашақта әкемнің жолын жалғап, елімнің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек еткім келеді, – деген Жандос Оразбекұлы әкесінің ерен еңбегін бағалаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа пен облыс әкіміне алғысын білдірді.
Жалпы медициналық көмекке жүгінген түрлі деңгейде жарақат алған 98 адамның ішінде қарапайым тұрғындар жоқ. Барлығы әскерилер мен төтенше жағдай саласының қызметкерлері.
Қазіргі таңда хабарсыз кеткендерді іздестіру жалғасуда. Іздеу жұмыстарына әскерилер, ТЖД мамандары, кинологтар, қызметтік иттер мен атты сарбаздар жұмылдырылған. Арнайы дрон құрылғысының мүмкіндігі де барынша пайдаланылуда. Бүгін күнге 180 адам мен 40 шақты техника іздеу жұмыстарын жүргізуде.
Ал ауруханада жаралы жатқан өрт сөндірушілер Асыл Мұхамбетжанов пен Алмаз Тұрсыновтың өрт болып жатқан қоймада жарылғыш заттардың бар екенін ешкім айтпағаны және оқиға кезінде әскерилердің көмектеспей қашып кеткеніне байланысты жасаған мәлімдемелерін Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин жоққа шығарды. Министр кез келген жағдайда өрт сөндірушілердің басты міндеті апаттың салдарына жою екенін атап өтті. Сондай-ақ құзырлы органдар Байзақ ауданындағы кәсіпкерлік нысанның артында үйіліп жатқан снарядтарды екі жыл бұрынғы Арыс қаласында орын алған жарылыстан кейін «Бақтияр-Group» ЖШС темір ретінде сатып алғанын хабарлады. Қазір бұл снарядтардың адам өміріне келтірер еш қауіпі жоқ екен.

 

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.