Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бурылда 600 оқушыға арналған мектеп ашылды

0 453

Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Жамбыл облысында әр жылдары 118 мектеп бой көтерді. Оның ішінде 11 білім ошағы биыл салынып жатса, 7-еуі жаңа оқу жылында шәкірттерге есігін айқара ашты. Соның бірі – Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы №6 орта мектеп.

1 қыркүйек – Білім күнінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Бурыл ауылындағы 300 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты.

– Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде мыңдаған мектеп жаңадан салынды. Оның игілігін біздің өңір де көріп жатыр. Биылдың өзінде 11 мектеп құрылысы жаңадан салынып, елге қызмет ететін болады. Бурыл ауылындағы осы мектеп те заман талабына сай салынып отыр. Ешбір білім ошағынан кем емес. Облысымыз білім сапасы жағынан республикада алдыңғы орындарда. Сол биіктен түспеуіміз қажет. Оған осы жаңа мектеп ұстаздары мен шәкірттері де үлес қосады деген үміттеміз. Биыл Жамбыл Жабаевтың 175, Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойлары аталып өтіледі. Оған да білім саласының қосар үлесі мол. Биыл ел Президентінің тапсырмасына орай бірінші сынып бүлдіршіндері «Әліппе» оқулығымен қайта қауышып отыр. «Әліппе» бәріміз үшін ыстық– деді Б.Сапарбаев.

Мұнан соң өңір басшысы аймақ басшысы 1-сынып оқушысы Нұрбақыт Болатбекке «Әліппе» оқулығын табыс етті. Сондай ақ жиынға қатысушы өзге де қонақтар мектеп табалдырығын жаңа аттаған 50 балаға «Әліппе» оқулығын тарту етті.

Облыс әкімі мұнан соң мултимедиялық кабинеттерді, 14 мың қоры бар кітапхананы, 90 орындық мәжіліс залын, кең де талапқа сай спорт залын, 100 адамдық асхананы аралап көрді. 11 «А» сыныбының «Тәуелсіздік жетістіктері» атты ашық тәрбие сағатына қатысты.

Мектеп басшысы осы сәтте Бурыл ауылының тұрғындары кейінгі жылдары 6 мың адамнан 15 мың тұрғынға өскенін, сондықтан 520 оқушыға орын тапшылығы байқалғанын, аталған жаңа мектептің екі аусымда 600 бала оқуға мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Әзірге мұнда биыл 420 оқушы білім алуда. 44 мұғалім еңбек етеді. Мектептегі шахмат, асық ату, тоғызқұмалақ бұрыштары да оқушыларды қызықтырары анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.