Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық жұмысшылардың қарапайым қолғабы жоқ

0 269

Қазынадан қаралған қаржы тетігін табуы керек. Ал қала әкімдігіне қарасты мекемелерде бюджет қаражатын игеру қалай жүруде? Есепті кезеңдегі көрсеткіш көңіл көншіте ме? Міне, осы және өзге де мәселелер қала әкімдігінің аппараттық кеңесінде күн тәртібіне көтерілді.

Қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбековтің сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 тамызына шаһар бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы 102,6 пайызды құрапты. Есепті кезеңдегі жоспар 40 002,3 миллион теңге болса, орындалуы 41 025,5 миллион теңгеге артығымен болған.
– 2022 жылдың 1 тамызына Тараз қаласы бюджетінің шығыс бөлігінің игерілуі – 99,5 пайыз. Төлемдер жоспары 52 455,6 миллион теңге болса, игерілуі 52 213,1 миллион теңге немесе 242,5 миллион теңге игерілмеу қалыптасқан.
Игерілмеген 242,4 миллион теңге құрылыс (26,3 млн), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары (200,1 млн) бөлімі мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне (16,0 млн) тиесілі.
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне қала бюджетінің кіріс бөлігінің болжамды орындалуы – 101,9 пайыз. Есепті кезеңге жоспар 47 650,3 миллион теңге болса, болжамды орындалуы 48 564,3 миллион теңге немесе 914,0 миллион теңгеге артығымен орындалуы күтілуде.
2022 жылдың 18 тамызына шаһар бюджетінің шығыс бөлігінің игері- луі – 89,3 пайыз. Төлемдер жоспары 61 453,9 миллион теңге болса, игерілуі 54 862,6 миллион теңге немесе 6 591,3 миллион теңге игерілмеуі қалыптасып отыр.
Зерделеу барысында тамыз айының қалған 7 жұмыс күнінде 6 591,3 миллион теңге қаражат игеріліп, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне болжамды игерілуі 99,5 пайыз немесе 312,5 миллион теңге игерілмеуі болжануда, – деді Жеңіс Қуанышұлы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қала әкімдігінің ТЖКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Сейтбековтің баяндамасы тыңдалды. Оның сөзіне сүйенсек, Тараз қаласы аумағында абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі күзгі екі айлық бекітіліп, науқан 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін ұйымдастырылмақ екен. Санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін қала көшелерін, саябақтар мен скверлерді және шағын- аудандарды облыстық басқармалар мен департаменттерге, қалалық бөлімдерге, бюджеттік ұйымдарға, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандарға бекітілген. Тазалық жұмыстарын ұйымдастыру үшін әрбір көшеге және саябақтар мен скверлерге қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, сектор меңгерушілері мен мамандары жауапты етіп бекітілген.
Күзгі екі айлықтың өтуін насихаттау мақсатында Төле би, Жамбыл даңғылдары мен Қойгелді, Тәуке хан, Ташкент көшелеріндегі жарнамалық баннерге және қала көшелердегі LED-экранда арнайы көріністер көрсетілмек.
Сенбілікке белсенді қатысу туралы хабарландыру мен арнайы әзірленген бейнеролик екі тілде әлеуметтік желілерде, қала әкімдігінің ресми сайтында және ақпараттық агенттіктерде жариялау жоспарлануда.
Тараз қаласында сенбілік өткізілген күндері жиналған қоқыстарды шығару үшін округтерге қосымша демеушілер есебінен шамамен 10-15-ке дейін жүк көліктерін жұмылдыру көзделуде.
Екі айлық аясында 9 жалпы-қалалық сенбілік өткізілетін болса, оған 24 мыңға жуық адам және 115 бірлік жүк тасымалдайтын техника жұмылдырылмақ.
Күзгі екі айлықта 860 тонна қоқыс шығару, 42 шақырым арық жүйелерін тазалау, 110 дана электр бағаналарын сырлау, 1835 дана тал-дарақтарды әктеу, 24,6 мың шаршы метр көгал алаңдарын тазалау, 86 саябақтар мен скверлерді, 18,6 мың шаршы метр жаздық гүлдердің орнын тазарту, 86 дана қоғамдық орындықтарды және көше бойындағы 126 дана қоқыс жәшіктерді сырлау, 11,8 мың шаршы метр көше жуу, 6800 тонна кездейсоқ қоқыстарды шығару, 9,1 мың шаршы метр қолмен тазалау және шығару, 4,1 мың шаршы метр жаяу жүргінші жолдарын тазарту және 11,6 мың шаршы метр көшелерді сыпыру жоспарланып отыр.
Әрине, тазалық – тәннің саулығы. Сондықтан сенбілікке жұдырықша жұмылып атсалысқан жөн. Жиында Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев сенбілікке «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің жұмысшыларын да көптеп тартуды ұсынды. Алайда округ инспекторларының сөзіне сенсек, аталған мекеме қызметкерлерінің техника, сыр, әкті айтпағанда, тазалық жұмыстарына қажетті қарапайым қолғаптары жоқ екен. Нәтижесінде округтерде тұрмыстық қалдықтар тау-тау болып үйіліп, инспекторлар шарасыз күйде отырған көрінеді. Осы мәселені өзекті етіп көтерген мамандар қала әкімдігінен көмек сұрады. Өз кезегінде шаһар басшысының міндетін атқарушы Қайрат Исмаил «Жасыл ел-Тараз» мекемесі қаржылық қиындықтарға тап болуына байланысты олқылықтар орын алып отырғанын жасырмады. Десе де, Қайрат Әбілханұлы екі айлық сенбілік науқаны кезінде округ иснпекторларына барынша қолдау болатындығын жеткізді.

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.