Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғам сұранысын дөп басқан кәсіпкер

0 540

Бүгінгі таңда көлік жанкүйерлері арасында «Eva төсеніштері» деп аталатын көлікке арналған кілемшелер үлкен сұранысқа ие болуда. Оның жай төсеніштерден айырмашылығы – экологиялық таза және жағымсыз иісі жоқ. Eva (сэвилен) материалы спорттық, ортопедтік аяқ киімдер, балалар ойыншықтары, медициналық бұйымдар жасауда кеңінен қолданылады.

Мұндай тың ақпараттардың барлығын бізге қордайлық жас кәсіпкер Шарапат Дауылбаев айтып берген еді. Ол ева кілемшелер тігумен айналысады. Өткен жылдың күз мезгілінде «Бастау бизнес» жобасы аясында мемлекеттен 584 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алып, өз кәсібін ашқан. Оған дейін ағасы Саламаттың жанында автокөлік орындықтарына арналған қаптар тігумен айналысып жүрген азамат ева кілемшелерге деген сұраныстың күннен күнге артып жатқанын байқап, осы істі қолға алуды шешеді. Сөйтіп «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасы аясында оқып, бизнес-жоспарын сәтті қорғап шығады. «Алған қаражатқа 10 дана ева парағын (лист) және тігін машинасын сатып алдым. Алғашқыда ісімізді дөңгелетіп әкету қиынға соқты. Кейіннен әлеуметтік желілерде жарнама жасап, тұрғындар бір-бірінен естіп біле бастады. Осылайша клиенттеріміздің саны арта бастады. Қазір Аллаға шүкір дүкеніміз келушілерден арылмайды, күніне кем дегенде 2-3 тапсырыс келіп түседі», -дейді кәсіпкер.
Автокөлік жабдықтарымен айналысып жүрген қос бауырдың аудан орталығындағы «Барыс» базарында шағын дүкендері бар. Соның ішінде төсеніштер мен автокөлік қаптарын тігіп, сатады. Жеке ісін ашқанына жыл да толмаған Шарапат табысты кәсібінің құпиясы – жасаған тауарының сапалығында дейді. «Әрбір көлік иесі өзінің темір тұлпарына ерекше ұқыппен қарап, ең жақсы деген жабдықтар алуға тырысады. Біз осыны ескеріп сапаға жұмыс істейміз. Еvа материалынан жасалған кілемшелер интерьерді кір мен ылғалдан жақсы қорғайды, шаң көтермейді әрі өте жеңіл болғандықтан жуғанға оңай. Материал Ресейден жеткізіледі. Біз тек автокөліктерге төсеніштер ғана емес, үйге де eva кілемшелерін тігеміз. Мәселен, жуырда Қордайдағы балабақшалардың бірінен тапсырыс түсіп, баспалдаққа төсейтін ева төсеніштерін тігіп бердік. Енді балалардың аяғы таймай, баспалдақпен түсіп-шығу қауіпсіз болды деп тапсырыс берушілер дән риза»
Жиырма төрт жасында бизнестің әліппесін үйренген Шарапат Ережепұлы мемлекеттің қолдауы зор серпін берді дейді. Жеке кәсібін бастауға ниеттенгендерге көрсетілген бұл қолдау қаншама жерлестеріміздің тірлігін тіктеуге сеп болғаны рас. Дегенмен берілген мүмкіндікті дұрыс бағытта қолдана білу де маңызды. «Мақсатың айқын болса, оған жетуге нақты жоспар құрып әрекет етсең ғана оң нәтижеге жетесің»,- дейді кейіпкеріміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.