Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғам айнасына айналғандар құрметке лайық

0 147

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық, облыстық газеттер мен телеарналардың журналистерімен кездесті. Мерекелік іс-шара «Тау самалы» демалыс аймағында өтті.

Диляра ДАРХАН

Облысымыздың ең көрікті жерлерінің бірінде өткен салтанатты шара облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау сөзімен басталды. Өз сөзінде аймақ басшысы елдің ақпараттық саясатын жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өтті.

– Бүгінгі таңда өмірді БАҚ-сыз елестету қиын. Журналистер аймағымыздың әр тұрғынын толғандыратын тақырыпты қозғап, көтереді. Анығын айтқанда, Үкімет пен халық арасындағы көпір қызметін атқаратын – журналистер. Пандемияға байланысты қиындықтарға қарамастан, адал жұмыс жасап, тек сенімді ақпаратты таратып, халықты жаңалықпен жан-жақты құлағдар етті. Қазіргі уақытта облыста 85 түрлі бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, оның ішінде баспа, телеарналар мен әртүрлі интернет сайттары бар. Мен өз кезегімде сіздермен сөйлесуге уақыт табуға тырысамын және сіздердің ұсыныстарыңыз бен бастамаларыңызды қабылдауға, тығыз байланыста жұмыс істеуге дайынмын. Ынтымақтастықта жұмыс істегенде ғана біз көп нәрсеге қол жеткізе аламыз, – деді облыс басшысы.

Бұл күні қоғамның айнасына айналған БАҚ қызметкерлері төсбелгі, мақтау қағаздарымен және Алғыс хаттармен марапатталды. Журналистика саласының ардагерлері Құрманбек Әлімжан мен Мейірбек Матеновке Қазақстан Республикасы Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталса, «Экспресс-К» апталық республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Галина Выборнова да марапат төрінен көрінді.

Ал республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Хамит Есаман, облыстық «Jambyl» телеарнасы директорының орынбасары-бас редакторы Айбол Қарашаев, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, «Аrai» газетінің бас редакторы Дәулет Төленді, Талас ауданындағы «Talas tynysy» газетінің бас редакторы Дүйсенәлі Молдақұлов «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен наградталды. Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы бұл күні облыстың БАҚ қызметкерлері арасындағы дәстүрлі Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиадасының жеңімпаздарын да құттықтап, сертификаттар мен кубок табыстады.

Дәл осындай салтанатты жиын қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында жалғасын тапты.

Тәулік бойы тыным таппай еңбек ететін ақпарат майданы сарбаздарының қоғамда алар орны ерекше. Журналистер одағының мүшелері мен жергілікті телеарна, баспасөз басшылары мен барша тілшілер бас қосқан мерекелік шараға қатысқан қала әкімі Ержан Жылқыбаев жиынды ашып, БАҚ өкілдеріне ізгі тілегін арнады.

– Әрбір игіліктің басы-қасынан табылып, қалам тербеп жүрген журналистер – қоғамда орын алып жатқан мәселелердің ашықтығын қамтамасыз етіп, өркениет көшінің ілгері басуына, елдің түйткілді жайттарын шешуге өз үлестерін қосып, аянбай қызмет етіп жүрген халық пен билік арасындағы алтын көпір. Осынау жаңалықтың жаршысы бола білген ақпарат айдынының майталмандарын төл мерекесімен құттықтаймын. Өңір журналистерінің облысқа, қалаға жасап жатқан еңбектері жана берсін деген тілек айтқым келеді. Қаламдары мұқалмасын, қанаттары талмасын. Әр уақытта шығармашылық табыс тілеймін, – деді қала әкімі.

Бүгінде журналистердің сан қырлы еңбегін қажет етпейтін бірде-бір сала жоқ. Қаламнан қуат алып, қоғам айнасына айналған бұқаралық ақпарат құралдары – қоғамның қозғаушы күші. Аға буынның абыройлы ісін кейінгі толқын сәтті жалғастырып, пандемия уақытында да қиындыққа қарамай, журналистердің алдыңғы шептен табыла білгені анық. Жиын барысында сөз алған жазушы Несіпбек Дәутаев та тілшілерге деген ізгі ниетін білдірді.

– Ұлттық филологияны қалыптастыру – бұл өте күрделі шаруа. Ең басты мәселе – жанкештілік, халықтың игілігі үшін еңбек ету. Міне, осы еңбек көзін қалай көрсете білу – ең маңызды шаруа. Халықтың көңіл-күйін тауып, қашан, қайда болса да, барлық жағдайда парасатты һәм дипломатиялық қарым-қатынас жасап, қажеттілігін сауатты жеткізе білу де шеберлік, – деді ардагер жазушы.

Салтанатты жиын барысында сала үздіктері түрлі марапатқа ие болды. Олардың қатарында қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы да бар. Алғашқы болып ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның Алғыс хатын аталмыш газеттің жарнама және жазылым менеджері Айдын Байділдаева алды. Қала әкімінің Құрмет грамотасы газеттің тілшілері Құралай Сейсенбекқызына, Алғыс хаты Сәндібек Піреновке бұйырды. «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының Алғыс хатына басылымның директор-бас редакторының орынбасары Арайлым Шабденова лайық деп танылды.

Сонымен қатар Құралай Сейсенбекқызы облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатына және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Алғыс хатына Дионисий Пляшешник ие болды.
Марапат төрінен көрінген барлық әріптестерімізді шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.