Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық ойын – ұлт мұрасы

0 249

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған «Ұлттық ойын – халық мұрасы» атты сайыс өтті.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ Суреттерді түсірген С.АБЖАПАРОВ

Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Оның алғашқысы – асық ату болса, екіншісі – арқан тарту. Ал үшіншісі – секіртпек ойыны, төртіншісі – гір тасын көтеру. Ең қызықты өткені де асық ойыны мен гір тасын көтеру болды. Шара барысында асық ату ұлттық ойынымыз болғанымен, қазіргі жастардың оның қыр-сырын жете білмейтіні де көрініп тұрды. Жастардың мергендігін, ептілігін сынайтын осы бір доданың өзіндік қызығы, мән-мағынасы бар.

Асық өзінің жерге түскен қалпына қарай не жердегі бейнесіне қарай алшы, тәйке, бүк, шік болып төртке бөлінеді. Ал «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа тұт» деген қазекемнің сақа дегені асыққа да ат қойып, атаққа бөлуін білдірсе керек. Сақа деп асықтарды ататын қорғасын құйылған асықты атайды. Ал асық ойынының да өз түрлері мен жіктері бар. Мысалы, ол құмар, тәйке, алшы, хан ату, қақпақыл деп бөлінеді.

«Итіс-тартыс болып тұр» деген сөз бар қазақта. Дәл сол сөз арқан тартысқа арналғандай. Олай дейтінім, арқан тартыс топ адамның біркелкілігін, күшті бір жерге топтай алуын көздейді. Демек, бірлігі бар жақ қана жеңіске жетеді.

Не болса да, ұлттық ойындарымыздың қатарға қосылып, ойналуы – көңіл тоғайтарлық іс. Тәуелсіз еліміздің балалары өз ұлтының ойынымен қанып өссе ғана саналы ұрпақ шықпақ. Ұйымдастырушылардың да көздегені – осы.

– Бұл сайыстың мақсаты – ұлттық ойындарды дәріптеу арқылы жастардың бойындағы қазақылық сезімді ояту, жігер-намысын шыңдау. Бұл үрдіс әр сенбі сайын өз жалғасын тауып отырады, – дейді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы Таңшолпан Поштабаева.

Ал қара қылды қақ жарып сайысқа төрелік еткен спорт жанашырларының да көздерінен ұлттық ойынға деген құрмет сезімі ұшқындап тұрды.
– Бүгінгі ойын жақсы өтті. Барлық командалар үлкен дайындықпен келген. Бұл біздің Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған ұлттық ойын түрлерін насихаттауымыздың бір бөлігі. Біз өз деңгейімізде жақсы бағаладық деп ойлаймын. Қазақтың шыдамды, жігерлі, мықты азаматтары аман болсын, – дейді қала әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Қуат Құрманқұлов.

Жарыстың нәтижесі бойынша қатысқан 6 құрама өзара жеңімпаздарды анықтады. Жүлделі І орын – «Арлан», ІІ орын – «Сұңқар», ІІІ орын «Дулати» командасына бұйырды. Ал «Адасқандар», «Элита», «Қыран» топтары Алғыс хатпен марапатталды. Қатысушылардың барлығына бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.