Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өнерлі жастар – өркениеттің айнасы

0 226

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де талантты, өнерлі жастардың қолында. Қай заманда болса да қоғамның қозғаушы күші – жастар.

Дана халқымызда «Асыл тастан, ақыл жастан шығады» деген нақыл сөз бар. Бүгінгі білімді, өнерлі жастар ертеңгі күні Отанымызға қызмет ететін адал қызметкер болып қалыптасары анық. Жастардың бойындағы табиғи таланты мен дарынын танып, қолдау көрсете білгенде ғана олардың арасынан жалынды да жасампаз тұлғалар іріктеліп шығатыны белгілі. Осыған орай, «Әуелі бойыңда талант болсын, талантыңа талабың қанат болсын» деген ұстанымды алға тарта отырып, қалалық мәдениет үйінде жастардың таланттары мен қабілеттерін ашып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, жаңа есімдер ашу мақсатында көптеген байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырылады. Мысалға алсақ, вокалдық қабілеттерін анықтайтын «Жас талант», «Әнші балапан», «Шарықта, шырқа, жас дәурен», «Тараз дауысы», т.б., би өнерінен «Кел, билейік», «Достық биін билейміз», «Биле, өнер, шарықта» фестивальдері, күй өнерінен «Құрманғазы күйлері», «Күй құдіреті», қолөнерден «Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра», «Ұлы дала өнері», «Тарихы тағылымға толы Тараз», т.б., жеті өнерді анықтайтын «Тараз таланттары», «Жігіт сұлтаны», «Тараз аруы», «Кішкентай ханзада мен ханшайым» байқауларын атауға болады. Осы байқауларда ең талантты деген жас өнерпаздарды анықтап, әрі қарай оларды шыңдап, республикалық, халықаралық байқауларға дайындап, үлкен сахнаға шығуына, өнер жолын таңдауына септігімізді тигізіп отыру – біздің міндетіміз. Осы бағытта жастарға жүйелі жол көрсетілген жағдайда өркениетті Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыратын жаңа, өнерлі буынның толықсып, өсіп-жетілетініне сеніміміз мол. Жастарды жан-жақты қолдап, дамытқан кезде ғана олардың алар белесі биік болып, өркениетті елдің айнасына айналары хақ.

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.