Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Не дінмен бол, не жынмен бол!»

0 220

Өз көрерменін өнегелі туындыларымен тәнті етіп жүрген Жамбыл облыстық қазақ драма театрында ұлттық драматургиямыздың маржаны саналатын «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясының премьерасы өтті. Қос ғашықтың адал махаббатына балта шапқан қатыгездік заманалар көшінен қалмаған дінбұзарлардың озбырлығын астарлап тұрғандай.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Ю.Ким

«Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында сахналанған қойылымның сюжеті ә дегеннен көрермен санасын кейіпкерлердің әрекеттеріне елітіп, ал музыкалық сүйемелдеу жағы туындының трагедиялық сипатына өзіндік ерекшелік сыйлады. Бұл пьеса белгілі сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің қаламынан 1946 жылы туған. Қойылымға өзек болған идея – жаңашылдық пен кертартпалықтың айқасы. Қоюшы-режиссер Қуандық Қасымов осы қайшылықты тап басып, әділдік пен арамдықтың, ақ пен қараның аражігін кейіпкерлер арқылы көрсетуді мұрат еткен. Ал театр ұжымының үйлесімді де табанды еңбегі бұл туындыға жаңаша дем беріп, бір айдың ішінде көпшілік назарына ұсынылды. Қойылымның ерекшелігі – рөлдерді сомдаған әртістер санының мол болуында. Өзінің ауқымдылығымен көрермен жанарын жаулаған туындыға театр труппасы және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «актер өнері» мамандығының 12 студенті қатысты. Сахна ортасында орналасқан арғымақ бейнесі – Ақан серінің Құлагері. Режиссердің шешімі саналған реквизит қойылымның көркемдік ерекшелігіне терең мазмұн береді.


Махаббат бостандығына ұмтылыс жасайтын бас кейіпкер – Ақан мен Ақтоқты. Трагедиядағы негізгі тартыс әлеуметтік мәселе төңірегінде өрбиді. Бір жағы – Хазірет бастаған ескішіл, Жалмұқан сынды жыртқыш топ, екінші жағы — ақын, сері Ақан рухтандырған дүйім ел, әділдікті пір тұтқан шоғыр арасындағы қайшылық көрініс тапқан. Пьесада Хазірет мешіт ұстап, өзінің арам істерін жүргізетіні суреттеледі. Ол өзін шариғат насихатшысы санағанымен, діннен бейхабар, надан ретінде көрсетеді. Тіпті өз тоқалы Мәрзияны Ақан Серінің әнін тыңдап, өнерін құрметтегені үшін асқан қатігездікпен өлімге қиған. Ақан мен Хазірет арасындағы ұзақ текетірес осы сәттен басталған. Туындыға арқау болған ескішіл сенімдегі Хазірет бастаған топтың әрекеттері бүгінгі дін бұрмалаушылардың пиғылын астарлап көрсеткендей.


Ақан сері образын театрдың талантты актері, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Кенен Ақүрпеков мейлінше әсерлі әрі сенімді сомдап шықты. Көрермендердің сүйіктісіне айналған өнер иесі қойылымға тыңғылықты дайындалғанын айтады.


– Премьераға бір ай уақыт дайындалдық. Күн демедік, түн демедік. Ұйқы қашты. Рөлге барынша енуге тырыстық. Бүгін сәтін салып, ойнаған образымыз тараздықтардың көңілінен шығып жатыр. Режиссердің еңбегімен дайындалған дүниені халыққа болмысын бұзбай ұсыну үлкен жетістік. Актер болғасын, әттең тонның келтесі ай дейтін тұстар болып тұрады. Бірақ бүгінгі қойылымда өзімді түрлі қырымнан көрсетуге барымды салдым. Бағасын халық берсін, – деді актер.


Қойылымда Ақтоқты бейнесін театрдың жас актрисасы Әсем Қондыбаева сомдап шықты. Бұл өнер иесінің ең алғашқы рөлі.
– Ақтоқты бейнесі – үлкен театр сахнасындағы тұңғыш басты рөлім. Режиссер Қуандық Қасымов рөлге мені таңдап, бір ай бойы шеберлігімді шыңдауға, рөлге енуіме көмектесті. Мұндай жауапкершілігі мол нағыз қазақ қызының, озбырлық пен түрлі тап арасындағы күрестің құрбанына айналған арудың бейнесін сомдау мен үшін оңай болған жоқ. Алғашында қобалжып жүрген кездерім болды. Алайда премьера көрерменге ұнағанын айтылып жатқан жылы лебіздерден аңғарып, іштей қатты қуанып тұрған жайым бар. Сонымен қатар, бұл бейнені тәжірибелі актер, театрда үлкен рөлдерді сомдап жүрген ағамыз Кенен Ақүрпековпен бірге көрерменге ұсыну мен үшін зор тәжірибе. Осы ретте театр ұжымын премьераның сәтті қойылуымен құттықтағым келеді, – деді жас актриса.


Қойылымдағы Ақан көбінесе махаббатты, сұлулықты жырласа, кейінірек сүйіспеншілік тақырыбына ел мәселесі де қосылады. Ол бай-болыстардың халыққа көрсеткен озбырлығын, қастандығын ашық айтады. Өмірдегі Ақан серінің өз басының қайғы-қасіреті де көп болған. Сүйіп қосылған жарының өмірі қысқа болып, жалғыз ұлы мылқау болады. Ақтоқтыдай сұлу қызға ғашық болып, үйлену мұратына жете алмайды. Бір басына осы қайғының бәрі тым ауыр тиеді. Қыран құсы Қараторғай мен серігіне айналған тазысы да өледі. Құлагердей пырағы опасыз байлардың қолынан мерт болады. Шығармадағы жағымсыз кейіпкер Хазірет рөлін ҚР мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков сомдаса, Ақтоқтының шешесі Дәмелі образын Қазақстанның халық әртісі Мәкен Рақымжанова ойнап шықты. Жалмұқан рөлі республикалық театр фестивалінің лауреаты Мәлік Ақүрпековке бұйырса, Ақтотының әкесі Қоңқайды бейнелеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлиев шығармадағы образымен ел есінде ұзақ сақталатын болды. Айта кету керек, киелі сахнаға 20 жылдық үзілістен кейін шыққан Әбиірбек Тәнілиев Қоңқай рөлін асқан шеберлікпен сомдады. Мұны премьерадан кейінгі көрерменнің ерекше ықыласынан аңғардық. Қойылымның сәтті шығуына қоюшы-суретші Рахат Сапаралиеваның да еңбегін атап өткен жөн. Сонымен қатар режиссердің ассистенті Анар Сағымбекова мен көмекші Жазира Бұлдыбайдың да еңбегі ескеріліп, талғамы жоғары көрерменнің зор алғысына ие болды.


Алғаш рет осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын сахналанған классикалық шығарманың жылдар бойы мән мазмұны тереңдеп, дәуірмен бірге тыныстап келе жатқаны саф өнер театрдың арқасы деп ұғынамыз. Махаббат тақырыбының қай кезеңде де, қай елдің болмасын әдебиетінің өлмес өзегі екені анық. Сол себепті де махаббат бостандығына ұмтылған Ақан сері мен Ақтоқтының трагедиясы еш уақытта қазақ драматургиясындағы даңқын жоғалтпақ емес.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.