Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өндірістегі өзгеріс ресейлік журналистердің сапарына сеп болды

0 368

Ресейлік бір топ журналист химия саласының ірі өнеркәсібі орналасқан Тараз шаһарына табан тіреді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Суреттерді түсірген Ю.ЕФИМОВ

Мәскеулік телеарналар мен баспасөз құралдары Әулиеата жеріне 20 тілші, түсірілім тобын, арнайы сарапшы мамандарды аттандырған. Іссапар барысында шетелдік әріптестерге Алматы мен Жамбылдың журналистері қосылып, өзара іскерлік байланыс орнатты. Ресейлік тілшілер тарихи Тараздың өндірісі мен бай тарихына шолу жасап, жұмыс барысында өз әсерлерімен бөлісті.

«Эксперт», «Бизнес и люди» журналы мен «Интерфакс» халықаралық ақпарат агенттігі, «Регнум», «Большая Балашиха» интернет басылымдары, «НТВ», «360» телеарналарының шаһарымызға ат басын бұруына «Қазфосфат» ЖШС-іне техникалық құрал-жабдықтар жеткізуші «Криогенмаш» көпшілік акционерлік қоғамының басшылығы мұрындық болды. Аталмыш компанияның жаңа фосфор зауытына жеткізген азот өндіруге арналған ауа салқындатқыш құрылғысы көпшілік назарын өзіне аударды. Жергілікті химия саласының мамандары мен ресейлік машина құрастырушылар өндірісті арттыру мақсатында тың жобаны жүзеге асыруда.
Ресейден келген меймандарды «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров күтіп алды. Айта кету керек, жергілікті өндіріс орнымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан «Криогенмаш» көпшілік акционерлік қоғамы әулиеаталық өндіріс нарығына техника жеткізуші ретінде өткен ғасырдың бел ортасында қосылған. Кәсіпорынның бас директоры Мария Соколова БАҚ өкілдерін жобаға жұмылдырудағы мақсат ортақ серіктестіктің маңызын арттыру екенін атап өтті.

Меймандар ең бірінші химия өндірісінің ең тарихи кәсіпорны саналатын Минералды тыңайтқыштар зауытының жұмысын тамашалады. Мұнда оларға зертханалардың жұмыс істеу механизмі, өндірілетін тыңайтқыштардың құрамы таныстырылды. Қос кәсіпорынның басшылары көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастықты мақтан тұтатындарын айтып, жемісті еңбектің нәтижесін жылдан-жылға қойылған межеден асырмақ ниетті екендерін ортаға салды.
«Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров өндіріс орнын жаңғырту мақсатында миллиардтаған қаржы жұмсалғанын тілге тиек етті. Басшының айтуынша, серіктестік неміс және қытай компанияларынан қызықты ұсыныстар алды, бірақ ойлана келе көп жылдық серіктестің пайдасы үшін таңдау жасаған. Жабдықтардың құны өте жоғары болса да, «Криогенмаш» қондырғылары сапа жағынан өзге бәсекелестерден әлдеқайда озық екені айтылды. Өз кезегінде ресейлік компания жамбылдық химия саласының мамандарымен әріптестікті одан әрі дамытпақ ниетті.

– Біз үшін әрбір тұтынушының рөлі ерекше және біз компанияның құрал-жабдықтарын сатып алатын өндірушілер туралы жиі жариялауға тырысамыз. Ең бірінші кезекте «Қазфосфат» ЖШС-мен ынтымақтастықтың маңызы зор. Бұл байланыс 40 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Жаңа Жамбыл фосфор зауытында (НДФЗ) барлық криогенді жабдық бастапқыда біздің кәсіпорынмен өндіріліп, орнатылған. 2016-2017 жылдары зауыт криогенді ауа бөлу қондырғысын жасап шығарды. Бүгінде «Қазфосфат» ЖШС-іне өндірістік бағдарламасының дамуына байланысты қосымша оттегіні алу қажеттілігі туындап отыр. Және біздің кәсіпорын осы құрылғыны орнатуды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде, – деді кәсіпорын басшысы Мария Соколова.

Мұқаш Ескендіров қонақтарды кәсіпорынмен таныстыра отырып, оның келешегіне жарқын болжамдар жасады.

– Қазір «Қазфосфат» ЖШС екі миллион тоннаға дейін шикізат өндіруде. Өндіру көлемін арттыруға болады. Елімізде фосфор шикізатының бірегей қоры бар. Есептеулер бойынша сақталған фосфор қоры 1000 жылға жетеді. Сондықтан біз 2040 жылы да 20 миллион тонна фосфорит өндіруді жоспарлап отырмыз, – деді зауыт басшысы.

Минералды тыңайтқыштар зауытына барғаннан кейін журналистер Жаңа Жамбыл фосфор зауытына бағыт түзеді. Онда №12 ЖЖФЗ азот-оттегі-компрессорлық цехында болып, ресейлік кәсіпорынның жабдықтарымен танысты.

Қондырғының жұмыс істеу принципі атмосфералық ауаны компрессормен сығып, интеркулерде салқындатудан кейін, кенеттен булану кезінде ауа азот пен оттекке бөлінеді. Әрі қарай азот сары фосфор өндірісіне барады. Ресейлік жабдық сағатына сегіз мың текше метр сұйық азот алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар артығымен өндірілген газды сату оңай. Ол өртке қарсы жүйелерде кеңінен қолданылады. №12 цехтың жұмысымен танысқан соң қонақтар ЖЖФЗ-ның басқа да өндірістік бөлімшелерін аралады. Сары фосфорға арналған автоматтандырылған өлшеп-орау цехын көрді. Кәсіпорынның өрлеуі мен жұмыспен қамтылғандар саны ресейліктерге оң әсер етті. Осы күнге дейін қонақтардың аталмыш кәсіпорын туралы білетіні мүлде аз болған. Көзбен көрген соң, көпшілігі таңданыстарын жасырмады.

Күннің бірінші жартысында қонақтар химия саласына, өнеркәсіпке уақыт бөлді. Ал екінші жартысында Орта Азияның ең көне қаласының тарихымен танысты. Облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова ресейліктерді ортағасырлық «Төрткүл» керуен-сарайына шақырып, қонақтар қазақи қонақжайлылықтың озық үлгісіне тамсанды. Бағдарлама аясында тарихшы Ескендір Төрбеков ресейліктерді халқымыздың тарихымен, салт-дәстүрлерімен таныстырды. Ашық аспан астындағы мұражай жәдігерлері туралы айтып, көне Тараздың өткеніне шолу жасады. Сондай-ақ Ескендір Төрбеков көпшілікке Шыңғысханның шабуылынан кейін жермен-жексен болған «Төрткүл» сарайының тарихи маңызы турасында баяндап берді.

Журналистер жәрмеңкеде ұсынылған жергілікті шеберлердің жұмыстарына қызығушылық танытты. Керуен-сарайдағы серуен барысында ағаштан, металл және былғарыдан жасалған бұйымдарды тамашалап, садақ атуға, сары май жағылған таба наннан дәм татуға, ұлттық киім киген арулармен суретке түсуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ жас журналистер өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалап, қазақтың халық әндеріне қосыла биледі.

«Бизнес и люди» журналының тілшісі Алла Галанова қатпарлы қамырдың ішіне салынған қуырдақтан дәм татып, тағамның ерекше дайындалу әдісіне қызығушылық танытты. Сондай-ақ тілші алғаш рет жылқы етінен әзірленген қазыдан ауыз тиіп, қазақ дастарқанының алуан түрлілігіне әрі денсаулыққа пайдасына таңданысын жасырған жоқ.

Төрткүлдегі көрмемен танысу барысында қонақтар тосын ойларымен бөлісті. «НТВ» арнасының операторы Артур Азизян әріптестеріне өз әсерін жеткізді.
– Тарихи орындардың өткенімен танысу барысында скифтер мен түріктердің тұрмысына қаныға түсесің. Мен садақ атқан сәтте ең алғашында нысанаға тигізе алмадым. Себебі бұл садақтардың кәдімгі спорттық садақтан айырмашылығы көп екен. Сол сәтте көрмені таныстырған арулардың бірі маған садақ пен жебені қалай пайдалану керектігін үйретті. Ол садақты дәл сақ жауынгері секілді қолға алып, нысанаға тура тигізді. Осындай өр мінезді қыздары бар ұлтты ұрыста жеңу мүмкін емес, – деп ағынан жарылды ресейлік журналист.

Шетелдік әріптестерімізге арналған бағдарлама «Ақыртас» тарихи кешенінде жалғасты. Бұл қала туралы тарих қойнауында түрлі аңыз әңгімелер, деректер сақталған. Қонақтарға құпияға толы көне қала орнын таныстыру барысында тарихшы Ескендір Төрбеков түрлі мифологиялық дәйектерге, көне қала орнының өзгеше аурасына кеңінен тоқталды. Меймандар әрі қарай «Көне Тараз» тарихи-археологиялық кешенін тамашалап, облыс орталығында жүргізілген экскурсияның соңғы нүктесіне жетті. Шара соңында «ТЭК – Стратегия развития» атты мәскеулік басылымның журналисі Ирина Есипова ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, шаһардың өсіп-өркендеуіне сәттілік тіледі.

– Тараздықтарда туризмді дамытуға бағытталған үлкен мүмкіндіктер бар, тарихи нысандар көп. Ұлттық тағамдар ұсынатын қонақ үйлер, мейрамханалар да жетерлік. Бұл қалаға өркендеу мен бақыт, ал оның тұрғындарының бастамаларына табыс тілеймін, – деді журналист.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.