Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құндақтаулы сәбидің құны қанша?

0 220

Елімізде сәби саудасы қызып тұр. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы екі жылдың бедерінде бала саудасына қатысты 800 іс тіркелген екен. Бұл тұста жаңа туған нәрестені саудаға салу Тараз қаласында да тыйылмай тұр. Күні кеше Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының екі дәрігері 1,5 миллион теңгеге сатпақ болған сәбиге қатысты жағдай жұртшылықтың жағасын ұстатты.

Жамбыл облыстық полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, ағымдағы жылдың 12 қаңтар күні департамент қыз- меткерлері мен Тараз қаласы прокуратурасы бірлесе жүргізген арнайы шарасы барысында жаңа туған нәрестені сатпақ болған көпбейінді аурухананың екі акушер маманы ұсталған. Олар баланы 39 жастағы қала тұрғынына 1,5 миллион теңгеге өткізбек болған екен.

– Медицина қызметкерлері баладан анасы бас тартқаннан кейін нәрестені ақшаға айналдырып, пайда таппақ болған. Алайда олардың жымысқы ойлары жүзеге аспады. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 135-бабы 1-бөлігімен (Кәмелетке толмағандар саудасы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл істе сатқан да, сатып алмақ болған адамдар да жазаға тартылады. Сәби саудасы бойынша 9-12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы қаралған, – дейді Тараз қаласының прокуроры Жамбыл Сматов.
Құзырлы орган өкілдерінің сөзіне сүйенсек, бұл істе ортада өзге де делдалдар болған екен. Сондықтан тергеу жұмыстары құпия әрі мұқият жүргізілуде.
Прокуратура көп нәрсені ашық айтпағанымен, кейіннен бірқатар жайт белгілі болды. 35 жастағы әйел құрсағындағы баласынан 7 айлығында құтылмақ болған екен. Түсік жасатуға ауруханаға жүгінген Шу ауданының тұрғыны ақырында тууға бекініп, босанған бойы баласынан бас тартқан. Тіпті дәрігерлерге баласын өздерімен бірге алып кетуге өтініпті. Бірақ соңы сәби саудасына ұласып, сатып алушы нәрестеге заңды түрде құжат жасатып, өз атына жаздырып алмақшы болған. «Тірі тауарға» төленетін 1,5 миллион теңгенің 500 мың теңгесін сол құжаттарды рәсімдеуге мәмілескен. Қалған 1 миллион теңге баланың биологиялық анасына берілмек болған. Бұл қаржыдан нәрестені сатуға көмектескендер өз үлесін алмақ болғаны да түсінікті. Алайда бұған қатысты құзырлы органдар тергеу құпия- лығына байланысты әзірге нақты ақпарат бермей отыр.
Бұл оқиғаға қатысты жуырда еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз пікірін білдірді. Министрдің сөзіне сүйенсек, сәби сатпақ болған ана баласымен бірге перзентханадан шығып, сауданы жалдамалы пәтерде жүргізбек болған көрінеді. Сатушы мен сатып алушы, міне, осы жерде құрықталған. «Осындай қылмыстардың алдын алу үшін бес жыл бұрын еліміздегі барлық перзентханаларға бейнебақылау камераларын орнатқан болатынбыз. Сондай-ақ психолог мамандарды тағайындап, олар баласынан бас тартатын аналарға көмек көрсететін болып міндеттелген. Сондай-ақ бөлім басшылары әрбір бала мен ананың денсаулығынан хабардар болып отыратын. Яғни ана мен баланың денсаулығы жақсы болса, олар 3-4 күннен кейін үйіне шығарылады», – дейді Ажар Ғиният.
Негізі, министрдің сөзінің жаны бар. Себебі Таразда нәрестесін сатпақ болған әйел 4 қаңтар күні босанып, 6 қаңтар күні үйіне шығарылған екен. Жалғызбасты ана осыдан кейін баласын сату жолына кіріскен.
Ажар Ғиният Тараз қаласындағы жағдайдан кейін елдегі барлық перзентхана қызметкерлерімен тиісті әңгімелесу жұмыстары жүргізілетіндігін айтады. Алайда бұдан нәтиже шыға ма? Жылдар бойы жанға батқан жараның еміне енді ғана неге көңіл бөлудеміз? Мәселенің салдарымен емес, себебімен ерте кезден неге күреспедік?
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткен жылдың соңында Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып, елімізде соңғы екі жылда бала саудасына қатысты 800 дерек тіркелгенін айтты. «Елімізде жеке сәйкес- тендіру нөмірін тіркеу есебі ЖСН ұлттық реестрінде жүзеге асырылады және жеке тұлғаға қатысты мәліметтер негізінде қалыптасады: тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен жері, жеке тұлғаның өмірлік жағдайы (тірі, өлі). Сараптама көрсетіп отырғандай, қолданыстағы есепке алу жүйесі әрбір баланы толықтай қадағалауға және оны заңға қайшы әрекеттерден қорғауға мүмкіндік бермейді. Айталық, соңғы 2 жылда бала, оның ішінде жаңа туған сәби саудасы фактісі бойынша шамамен 800 іс қаралды», – деді Премьер-министр.
Әлихан Асханұлы олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін енгізу аясында барлық балаға туа салысымен ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірін) беру арқылы есепке алу мәселесі қолға алынатындығын да жеткізді. Аталған жоба өткен жылдың 1 маусымынан күшіне енгенімен, бұл сәби саудасына тосқауыл бола алмағанын Тараз қаласында орын алған жағдай көрсетіп отыр.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда 2019 жылы жаңа туған сәбиді облыстық перинаталдық орталықтан ұрлап шығып, сатып жібермек болған 22 жастағы келіншектің әрекеті жұрттың жағасын ұстатқан. Күдікті бір жеті бұрын өзі босанған перзентханаға қайта оралып, бірге жатқан келіншектердің сеніміне кіру арқылы баланы аурухананың артқы есігінен ұрлап шыққан. Бала сатуды бизнес көзіне балаған әйел бейнебақылау камерасының көмегімен жақын маңдағы қонақ үйден ұсталып, сәби сатып алмақ болған Алматы қаласының тұрғыны екеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ал өз жұмысына салғырт қараған 4 медицина қызметкері жұмысынан босатылса, тағы төртеуіне қатаң сөгіс берілген.
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасындағы сәби саудасы бірінші рет орын алмауы да бек мүмкін. Олай дейтініміз, ұсталған екі медицина қызметкері бала сатылымын өте мұқият ұйымдастырған. Сатып алушыны да тез арада тапқан. Құжаттарын заңды рәсімдеп, сауданы жалдамалы пәтерде өткізуді де қамтамасыз еткен. Оған қоса, ортада тағы делдалдар болғанын құзырлы орган өкілдері айтып отыр. Демек, бұл ұйымдасқан қылмыстық топ деген болжам жасауға болатын секілді. Оның ақ-қарасын енді заң органдары анықтай жатар. Біздікі құрсақтан шыға сала саудаға салынған сәбидің ендігі тағдыры тәлкекке түспесін деген тілек қана.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.